Осы команда қаншама шебер ойыншыларды тәрбиеледі. Облысымыздың футбол командасы үздіктердің қатарында болды. 1992-1993 жылдары ел Кубогының финалына шықса, 1994 жылы үздік сегіз команданың қатарынан көрінді. 1995 жылы ел чемпионатында күміс жүлдегер атанса, араға жыл салып чемпион болған еді. Бұл күнде жанкүйерлер «Тараздың» бұрынғы қарқынын сағынып жүр. Сол жылдары бас бапкер қызметін атқарған Ваит Талғаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді. Сонымен қатар футболшылардың барлығы спорт шебері атанды. Осы клубтан шыққан ойыншылардың басқа командаларда үлкен жетістіктерге жеткенін мақтанышпен айтуға болады.
Қазіргі команда қарызға белшесінен батқан. Қарыздан құтылу үшін команда басшылары жас ойыншыларға сенім артқан еді, олар жасыл алаңда барын салғанымен, тәжірибенің жоқтығы көзге ұрып тұрды. Осының салдарынан бүгінде «Тараз» футбол командасы бірінші лиганың өзінде төменгі жақта жүр. Клуб қарыз болғаннан кейін жақсы ойыншылардың барлығы басқа командаларға кетіп қалды. Осыған менің жүрегім ауырды. Менің бұл командаға қатты жаным ашиды.
Сондықтан осы Жамбыл жерінде туып-өсіп, тәжірибе жинақтап, бүгінде басқа командаларда ойнап жүрген мықты ойыншыларға «Туған жерге қайта оралыңыздар, «Тараз» футбол клубының сапында ойнаңыздар, сүйікті клубымызды қайтадан көтерейік» деп үндеу тастағым келіп жүрген.
Жақында «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есен Өтеулінің «Тараз» келер жылы премьер лигаға шыға ала ма?» деген мақаласын оқып, төбем көкке жетті. Тілші орынды мәселе көтерген екен. Осы мақаладан білгенім, Әулие ата жерінен түлеп ұшқан біраз белгілі ойыншылар туған жерге оралуға ниет еткен сияқты. Олардың қатарында Бауыржан Байтана, Жақып Қожамберді, Берік Айтбаев, Нұрлан Дайыров және Әлішер Сүлей сынды мықтылар бар. Енді жасындай жарқылдаған осы ойыншылар «Тараз» футбол командасының сапында барын салып ойнаса, биыл бірінші лигада чемпион атанып, жоғарғы топқа өтеміз бе деген үмітім бар. Лайым, бәрі оңынан болғай.
Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ,
еңбек ардагері,
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




