Бүгінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы және сібір жарасымен аурушаңдық еліміздің оңтүстігінде, соның ішінде облысымызда өте өзекті мәселелердің бірі болып саналады.
– Облыста сібір жарасының эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз деп танылады. Себебі облыстың барлық ауданы мен Тараз қаласында сібір жарасының санитарлық қолайсыз пунктері мен топырақты ошақтары орналасқан. Сондықтан облысымыз еліміздің аумағы бойынша адамдар мен ауылшаруашылық жануарларының сібір жарасы қоздырғышын жұқтыруында жоғары қауіпті өңірге жатады. Облысымызда 1948 жылдан бастап бүгінге дейін күйдіргі індетінің адамдар арасында 310 жағдайы тіркелген, 2540 жағдай ауылшаруашылық малдары арасында тіркелген, ауылшаруашылық малдары арасында 281 бұрқ етпе жағдайлары орын алған. 2019 жылдан бастап облыста жыл сайын адамдар арасында сібір жарасының жағдайлары тіркелуде. Нақты айтсақ, 2019 жылы 4, 2020-2021 жылдары 1 жағдайдан, 2022 жылы 13, 2023 жылы 19, 2024 жылы 3, 2025 жылы 2 жағдай, яғни 2019-2025 жылдар аралығында аурушаңдықтың тіркелу динамикасы тұрақсыз, толқынды сипаты байқалады. Аурудың өсуі мен төмендеуіне бірқатар эпидемиологиялық факторлар әсер еткен. Нақты айтқанда, инфекция көзі және резервуары. Сібір жарасының негізгі қоздырғыш резервуары – бұрыннан белгілі қолайсыз аймақтардағы топырақты ошақтары. Қоздырғыш споралары көптеген жылдар бойы сақталып, жайылым ауыстыру, жер қазу жұмыстары кезінде қайта белсенді болуы мүмкін. Екіншіден, ветеринариялық талаптардың сақталмауы, әсіресе 2022-2023 жылдары байқалған. Ауылшаруашылық жануарларын уақытылы вакцинациялаудың жеткіліксіздігі, ветеринариялық бақылаусыз мал сою фактілерінің орын алуы, сібір жарасына күдікті немесе өлген малды заңсыз көму жағдайлары, табиғи климаттық факторлар, яғни 2022-2023 жылдары жауын-шашынның мол болуы, су тасқыны, топырақтың шайылуы нәтижесінде қоздырғыш спораларының жер бетіне шығуы аурудың тіркелуіне ықпал етуі мүмкін. Сондай-ақ санитариялық және ветеринариялық қызметтердің қадағалау іс-шараларының күшеюі, зертханалық диагностиканың жақсаруы, жасырын жағдайларды анықтауға мүмкіндік беріп, жағдайлардың артуы мүмкін. Қорыта айтқанда, сібір жарасының тіркелуі табиғи-ошақтық сипатта болып, аурушаңдық деңгейі эпизоотиялық жағдайға, ветеринариялық-санитариялық бақылаудың тиімділігіне және халықтың санитариялық сауаттылық деңгейіне тікелей байланысты. Өт к е н жылдың қорытындысында облыс тұрғындары арасында сібір жарасына күдікті 5 науқас тіркелді. Оның ішінде Жуалы ауданында тіркелген 2 жағдай зертханалық жолмен расталды. 2024 жылы расталған 3 жағдай болатын. 1-ші расталған жағдай Жуалы ауданы, Ақбастау ауылында тіркелді. Науқас Тараз қаласынан мал базардан үйіне 1 қозы сатып алған, ол 1 аптадан кейін ауырып, мәжбүрлі түрде сойған. Ал 2-жағдай Жуалы ауданы, Қошқар ата ауылында орын алған. Науқас көршісінің ауырып тұрған сиырын союға көмектескен. Санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринария қызметі ошақтан 30 шайынды, сыртқы ортадан 10 сынама алды. Қорытындысында 2 топырақ, 1 ет сынамасынан және 3 шайындыдан оң нәтиже анықталды. Байланыста болған 12 адам 14 күндік бақылауға алынды. Ауырған малдың етін тұтынған 9 адам 7 күн профилактикалық емдерін алды, – дейді облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді бақылау бөлімінің бас маманы Гүлнұр Байғабылова.
Ал Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының облыс аумағында 2025 жылы 4 жағдайы тіркелген. Оның табиғи ошағы Мойынқұм, Талас, Сарысу, Жамбыл, Байзақ және Шу аудандарының 46 елді мекенінде орналасқан.
– Аса қауіпті инфекциялар санатына жататын зоонозды инфекция Nipah вирусына қарсы арнайы вакцина жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша ауырғандардың 40 пайыздан 75 пайызға дейінгісінің соңы қайғымен аяқталады. Nipah вирусынның табиғи резервуары – Оңтүстік Азия елдеріндегі жеміс-жедекпен қоректенетін жарқанаттар. Адамдарда Nipah вирусының инкубациялық кезеңі әдетте 4 күннен 14 күнге дейін. Бірақ кей науқастарда 45 күнге дейін ұзарған. Осы уақыт ішінде бұл адамда ауру симптодары байқалмағанымен инфекция таратушы көзі болып саналған. Nipah вирусы 1999 жылы Малайзияда табылған, негізінен Оңтүстік Азия елдерінде таралған. Вирус алғаш рет табылған Малайзиядағы Сунгай Нипах ауылының атымен аталған. Содан бері індет Оңтүстік Азияда, ең алдымен Үндістан мен Бангладеште мезгіл мезгіл пайда болып тұрған. Жаһандық статистиканың 2025 жылдың желтоқсандағы есебі бойынша, алғашқы тіркелген сәттен бастап әлем бойынша шамамен 750 жағдай расталған, оның 415-і өліммен аяқталған, яғни 55,3 пайызды құрап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 2026 жылдың қаңтар айының соңында Үндістанның шығысындағы Батыс Бенгалия штатында 5 адамның вирус жұқтырғаны расталған, оның ішінде медицина қызметкері де бар. Алдын ала мәлімет бойынша, инфекция көзі Калькуттада ауырып, қайтыс болған науқас. Науқаспен қарым-қатынаста болған 100-ден астам адам карантиндік бақылауға алынған. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің ресми ақпараты бойынша, елімізде Nipah инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Nipah вирусын жұқтыру жағдайлары мен ел аумағына сырттан әкелу жағдайлары тіркелген жоқ, – дейді облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді бақылау бөлімінің басшысы Күмісбек Рахимов.
Семинар қорытындысында аталған аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту туралы нақты нұсқамалар берілді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылдың жауһар жырлары
- Бүгін, 10:53
Міржақып Дулатов Әулиеатаға қашан келді?
- Бүгін, 10:38
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




