Жазушының әйелдің болмысы, жаратылысына қарай туатын ішкі сезімі, ана болуды аңсатып тұратын түйсігін тереңнен қозғаған шығармасының бірі – «Ақкүшік». Кей тұстары қаламгер оқиғаны қалай өрбітсе, солай ғана қабылдайтындар үшін (астарына бойламай) «жеңілтек» сияқты көрінгенімен, оның көтерген жүгі өте ауқымды. Түсінгенге, әрине. «Ақкүшік алғаш қар басқан жылдың ақпанында күн мезгілінен бұрын жылынып, сірескен қардың көбесі сетіней бастаған. Ауыл сыртынан сәл аулақтағы өзеннің сарылы күннен күнге күшейіп, күндіз-түні күркірейді де жатады. Ақкүшіктің екі көзі сол жақта. Иесінің солай қарай кеткеніне біраз күн. Содан қайтып оралмады. Неге? Ақкүшік оны білмейді. Иесінің ізімен тұра жүгірейін десе, байлаулы. Ары жұлқынады, бері тартынады...
Иесі осы қыс үйге кешкісін үнемі ішіп келетін әдет тапқан. Ол кезде Ақкүшік байланбай бос жүретін. Құлағы селтиіп, алдынан жүгіріп шығар еді. Иесінің қалтасынан бұған нәпақа сөзсіз табылады. Бұл қағып алған сайын анау мәз. «Тағы секірші, қане, Ақкүшік, тағы», − деп мәресәре. Мұның басы-көзін сипалап, ұзақ-ұзақ еркелетеді». «Ақкүшік» повесі осылай басталып, оқырманын бірден ұйытып әкетеді. Қазақ бұрыннан итті жеті қазынаға балап, оны адамның адал серігі, досы деп санаған. Шығарманы оқи бастағанда көзалдыңа бірден иесіне өлгенше адал болып кеткен атақты киноның да кейіпкеріне айналған Хатико келеді. Несағаның Ақкүшігі де тегі асыл, ақылды ит. Өле-өлгенше өзінің иесіне адал қызмет көрсетті.
Белгілі жазушы Мереке Құлкенов «Ақкүшік» жайлы былай деп жазады: «Ақкүшік» повесіндегі кіпкішкене сүйректей ақ күшіктің бойында оқырманның жанын буырқантып жіберетін бұла күш бар. Ақкүшік аспанда қалықтап жүріп, Қазақстанның өткені мен бүгінін, болашағын ой елегінен өткізетін ақбас бүркіт емес, бар болғаны ерлізайыпты иелеріне әбден бауыр басып, шын берілген ит деген хайуанның күшігі ғана. Жазушы ажырасудың азақ алдында, әзір бөлек тұрып жатқан ерлі-зайыпты екі мұңлықты қимай, жаны қиналып жүрген ақкүшіктің бейкүнә, аңқау бейнесі арқылы бұрын-соңды қазақ әдебиетінде кездесе қоймаған мүлдем жаңа символдық образ жасайды. Ақкүшік – ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген адалдығы, пәктігі. Ақкүшік – екі адамның арасындағы махаббат сезімі. Ақкүшік – екі адамның арасындағы қимастық. Ақкүшік – екі адамның біріне-бірі айта алмай жүрген трагедиясы. Ақкүшік екі ауылдың арасын тоздырып, екі иесінің неге бөлек тұрып жатқанынан бейхабар күйде жаны қиналып шапқылап жүргенде, көктемгі су тасқыны алып кеткен көпірмен бірге ағып кете барады. Өзеннің екі жағында ерлі-зайыпты қала береді. Бітті! Көркем әдебиеттің қатаң шешімі осы. Бірін-бірі қадірлейтін, қимайтын ерлі-зайыпты екеудің соңғы үміті – ақкүшіктің «аянышты» жағдайы оқырманның жанында ұзақ сақталады, маза бермейді».
Жалпы шығарманың желісі жайлы ой түйгенде, Мереке ағамыздан асырып айта алмасымыз анық. Енді біз «Ақкүшіктен» өзіміз көріп, көкейге түйгенімізге аз-кем тоқтала кетсек. Рас, Ақкүшік шығармасының бас кейіпкерлері көп жылдан бері бала сүймей, отбасының қуанышы мен қызығы кеберсіген Қалдыбай мен Бекзатқа адал серік, дос бола алды. Оны Несаға барынша нақты, нанымды етіп көрсете білген. Бірақ заманның осал тұсын, қазақы тәрбиенің тегеурінін тереңнен қаузайтын қырағы қаламгер Ақкүшік арқылы халқымыздың «қызға қырық үйден тыйым» деген ұғымын символикалық тұрғыда астармен һәм ашық баяндайды.
Осы тұста Ақкүшіктің күшіктейтін күйіне айрықша басымдық береді жазушы. Бұл орайда әлдекім «иттің қашан, қайда лығатыны да сөз болып па» деуі әбден мүмкін. Түрлі кері, қисық ойлардың да қылаң беруі ғажап емес. Алайда, шығармада Ақкүшік – ардың белгісі ретінде айшықталады. Мына жолдарға мән берсек. «Өзен үстіндегі көпірден ағызып өтіп, диірменші шалдың ауылына жеткен Ақкүшіктің танауына бір ғажап иіс келді. Жел батыстан қатты соғып тұрған. Сонымен жеткен иістен басы айналды. Қалт тұра қалып, тұмсығын желге төсеген. Соған қарсы аяқтары еріксіз бүлкілдеп бара жатты. Ғажап иіс бірте-бірте бұрқырап күшікті ауласының іші түгел көрінетін шағындау үйдің алдына алып келді. Ар жақта байлаулы төбет шынжырынан босана алмай аласұрып жүр екен. Мұны көргенде тіпті арсылдап аспанға атылды. Ақкүшік әлгі ғажап иістің сол төбеттен бұрқырап тұрғанын сезді. Аралары ырсиған шарбақтан сұғынып кіріп, төбетке жақындауға үйдегі адамдардан сескенді. Сөйткенше болмай, үйден алқам-салқам біреу шыға келді де, жерден қолына ілінгенді бұған дәлдеп жіберіп қалды.
− Кет! Қуыңдар-ей, ана қаншықты! − деді бақырып.
Ақкүшік бұғып үлгергенше, тағы бір кесекті жіберді. Оған соңынан келген баласы қосылып, бұған қарай тұра жүгіріскен. Ақкүшік амалсыз безіп берді. Жолай жолыққан бірлі-жарым адамдар да бұған кесек атып жатыр. Қорқып кеткен Ақкүшік жаңағы ғажап иісті жоғалтып алды. Тек сол иісті сезгенде қатты ысып, дуылдаған бөксесі көпке дейін бүлкілдеп қоймай қойды. Тіпті Қалдыбай бас салып, жылап көріскендей болғанда, тұмсығынан өзі алғаш сезінген ғажап иіс пен шынжырдан босай алмай аласұрған төбет кетпей қойған. Ақкүшік мұның күшіктеу күйі екенін, әрине, білген жоқ...». Біз бұрыннан адам түгілі итінің арына, оның барына мән берген халық екендігімізді еске салады автор. Ал қазір ше? Керісінше итімізді қорғап, қыздарымызды қорлап жүрген жоқпыз ба? Несаға өз шығармасында Ақкүшікті «қырық үйден тыю» арқылы қазақтың есіне ұлттық болмысымен сабақтас терең мәселені салады. Терең деп отырған мәселеміз – жатыр тазалығы. «Жатырынан қағынған» деген сөзді де айтқан біздің қазақ. Жатырды қалай таза ұстауға болады? Оның түпкі тамыры тегеурінді тәрбиеден, қыздарымызды қырық үйден тыйымнан басталады. Әуел баста жатырда жаман «із» қалса, кейін ол әйелден туған ұрпақ, майдаланып, ұсақталып кетеді. Ұсақталып дегенде, бұл жердегі айтпағымыз, жеңіл жүріске әуестік, нәпсіқұмарлық. Жатыр мен ұлттың арасында үлкен байланыс бар екендігін жазушы базбіреулер пайымдағандай, «жеңіл» түрде баяндап, бірақ астарын жұмбақ жеткізеді.
Осындайда суреткердің шеберлігіне тәнті болмасқа шараң жоқ. Бекзаттың да бүгінде бала сүймей, «Ақкүшікті» ермек етіп бақытсыз күй кешуіне ерте бүлінген жатырының зардабы тимей қалды деп айту қиын. Желкілдеген жас шағында, ол «қырық үйден тыйылмай» сезімнің жетегінде, дұрысы дирижер ағайының құшағында кеткені өміріне өшпес сызат түсірді. Құрсағының тұнығы ана атанып, үлгермей жатып лайланды. Ақ босағаны ақ болып аттамай тұрып, жасанды түсік жасатты. Сонысына опынып қатты өкінеді. Әдетте, қазақ жас отбасында сәбидің үні естілмесе, бірден әйел затын кінәлайды.
Ер азаматты үнемі жауапкершіліктен тыс қалдыратын әдеті қанға сіңіп кеткен. Бүгінде қаншама еркектің мінезі ұсақталып қатынның қалқасында өмір сүріп жатыр. Несаға осы жайды да әдемі әрлеп, дұрысы әшкерелейді. Оған повестегі мына жолдар айқын дәлел. «Еркектің көбі импотент деп жүр емес пе қазір. Әуреттерінде әл жоқ дейді. Болғандарынан кісілік, қамқоршы көре алсаң жақсы, өкпең өшіп, өзегің талып өзің асырап жүрсең қайтесің. Жатқан пәле емес пе?! Құдай-ау, еркекті әйел асырады деген қандай қасірет. Қай атамыздан калған... Әйел әңгімені судай сапырып отыр. Күйеуінен ерте қалғанын да айтып көз жасын сығып алды. Әйтеуір, артында ұлы қалды. Мұның сүйегі жарылды. Пұшпағы қанады. Қубас емес. Ана деген аты бар. Ана болмаған ұрғашыдан өткен бақытсыздық жоқ ұрғашыға. Ондайларға ешкім баланың кіндігін, тұсауын кестірмейді, бесікке салдырмайды, батасын алмайды...
Сондай боп жүрмесін деп ырымдайды. Секемденеді...». Халқымыз жалпақ тілмен жатыр тазалығы деп жүрген ұғымның, бір кездері ғалымдардың да назарын өзіне аударғаны белгілі. Солай ғылымда ХІХ ғасырда телегония деген ұғым пайда болды. Телегония – биологиядағы бұрын болған, бірақ қазіргі ғылым жоққа шығарған теория. Терминге кеңірек тоқталсақ, телегония (грекше «алыстан туу») – яғни әйелдің (немесе ұрғашы жануардың) бұрынғы жыныстық серіктесінің белгілері кейінгі баласына әсер етеді деген түсінік. Әйелдің бірінші серіктесінің генетикалық қасиеттері кейінгі ер адамнан туған балаға берілуі бек мүмкін деген алаңдаушылық.
Қазақы тілмен түсіндірсек, жатырға түскен алғашқы «белгі» қандай болса, адамның ұрпағы соған сай өседі. Бұл жерде біздің халқымызға ғана тән тектіліктің тамырының бастау алатындығын көруге болады. Қыздың тәрбиесі ұлттың тәрбиесімен сабақтас екендігін жазушы осылай Ақкүшік арқылы, оның алғашқы күшіктеуіне қатысты «жоспарда» иесінің лайықты серік іздеу секілді детальдармен түсінгенге түйіп береді. Осылай иттің интимді өмірін айта отырып, ұлттық мәселені алға тартады.
– . . . всякий төбетпен жақындастыруға болмайды. Тұқымы бұзылады. Ары қарай одан сырттан болар күшік тумайды... Осылай деп орағытып әкелген орыс шал Павел әрі қарай тіршілік пәлсапасын соғып кетеді.
– ... Соңғы ұрпақтың майдаланып, әр қилы азғындап бара жатқаны сол. Так что, Ақкүшікке алғаш нағыз сырттан артылуы керек. Мы найдем ондай төбетті...
Итті меңзеп отырып, адамның жайын айтқан дядя Пашаның сөзі жай сарказм сияқты көрінер, бәлкім. Бірақ мұндай мысал тұспал қазақта да бар: «…Әкең жақсы кісі еді – жамбас жеген, Жақсыдан жаман туса оңбас деген». Жеңілтек әйелді «жатыры қағынған» деп, «Әйелі азған елдің ертеңі жоқ», десе – мұның бәрінің түп-төркіні сол жатыр тазалығында жатқан жоқ па?
Сонымен әңгіменің қатал шешімі – Ақкүшіктің суға ағып өлгені. Дядя Паша мен иесі жоспар құрғандай, күшікке сырттан төбет іздеудің қажеті болмай қалды. Олар іздейміз деп жүргенде, көшеде қаңғып жүрген көп иттің бірі сүйкеніп кетер ме еді... Иесі жолын таппай жүрген иттің неге ұрынарын, кім білсін?.. Көшеде қараусыз қаңғып қалған күшіктердің көптігіне көз үйренген. Тастанды балалардың барына да, олардың қоқыстан табылып жатқанына да етіміз өліп бара жатыр...
Ақкүшіктің пәк таза күйінде өлгені де оң шешім. Қазіргі таңда қыздың да тәрбиесіне осындай тегеурін керек-ақ. Өйткені, аруларымыздың арын қамалдай қорғау қоғамды көп қасіретінен арылтады... Әр отбасын бақыт пен шатыққа бастайды.
Автор шығармасында Ақкүшіктің бейнесі арқылы адамдар арасында адамшылықтың жойылып бара жатқандығын әдемі суреттейді. Жазушының қара немесе сұр, тағы басқа түрін емес, ақ күшікті таңдап алуының өзінде мән бар. Осы тұрғыда Несаға кейіпкерлерінің аузына мынадай сөз салады: «Нағыз ит адамның шын досы. Кейде адамның өзінен артық. Ит иесін қаппайды. Ал адам... Өзге түгілі өз бауырын талап тастайды...».
Бүгінде небір сұмдық оқиғалар мен жан түршіктірер жағдайлар адам қолымен жасалып жатқанын көріп те жүрміз.
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА
Ұқсас жаңалықтар
«Ауырмайды жүрек» туындысының тұсауы кесілді
- 19 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




