«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жыр нөсерін селдеткен ақын Серік Томанов жайлы мөлтек сыр

Жыр нөсерін селдеткен ақын Серік Томанов жайлы мөлтек сыр
Автор
«...Бүгiн сен айта алмасаң айтарыңды, Болашақтан дәметiп әуреленбе!» Өмiрзақ ҚОЖАМҰРАТОВ

«...Бүгiн сен айта алмасаң айтарыңды, Болашақтан дәметiп әуреленбе!» Өмiрзақ ҚОЖАМҰРАТОВ «Ақын екем өз үні, айтары бар, Кеудесінде тұңғиық Байкалы бар. Кемерінен кейде бір асып жатса, Кей-кейде арнасына қайтарылар, Ақын екем мына мен айтары бар», – деп жыр сүйер қауымды мойындатып, ақындығын көпшілікке батыл жария еткен таластық ақжал ақын Серік Жапарұлы Томанов тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Өлеңдері өмірдің өзіндей, бірақ, ғұмыры келте болған, сыршыл да ойшыл ақын Серік Томановпен мен көзі тірісінде бетпе-бет кездеспеппін. Әр жылдары әртүрлі басылымдардан оның жылт еткен татымды саналы адамның жүрегін селт еткізер дүниелерін ұшыратып, оларын әрдайым тұшына оқитынмын. Білетіндер «Серік те Мұқағали, Төлеген сияқты ортамыздан ерте кеткен, көзі тірісінде лайықты бағасын ала алмай өкініште кеткен талантты ақындарымыздың бірі» деп отырады. «Ақын, журналист Серік Томанов 1956 жылы Талас ауданы, Жданов атындағы кеңшарда дүниеге келді.

Еңбек жолын «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінің редакциясында бастады. Алғашқы өлеңдері де осында жарияланды. Ақынның алғашқы жыр жинағы 2000 жылы «Адасып жүрген ақбөкен едім» деген атпен жарық көрді. Қарымды қаламгер 47 жасқа қараған шағында 2003 жылдың қараша айында дүниеден өтті». Бұл ғаламтордан алынған қысқаша ғана мәлімет. Бар болғаны 46 жыл ғана өмір сүріп, артына өлмес жыр шумақтарын қалдырған ақынның тағдыры жеңіл болмағанын, өмір қиындығымен алыса жүріп, қайыспай шуақты жыр жазғанын өнер сүйер көпшілік біледі. Ол жастайынан арманшыл болып, болашақта үлкен ақын атануды алдына мақсат етіпті.

Жазған қауырсын, пәк жырлары аудандық, облыстық газеттер бетінен орын тауып, оқырман көзіне түсіп, қалам ұстаған танымал ақынағаларының назарына ілікті. Жас жүрегі тыным таптырмай, оны алға жетелеп алғашқыда аудандық газетке жетектеп келсе, бірте-бірте оны өзіне қанағат етпей талай ақындар мен жазушылырдың ордасы болған киелі мекен, ақбас Алатаудың бөктеріндегі арман қала – әсем Алматыға қоныс аударады. Бар арманы – еліміздің белгілі ақиық ақындарымен араласып, олардан үйреніп, өнеге алып, көңілге түйіп, шығармашылығын ширата түсу болатын. Бірақ, кеңес одағы ыдырап, ел күйзеліс-дағдарыстан шыға алмай, біреуге-біреу сүйеу бола алмай жатқан ауыр жылдарда Алматыдағы өмір де күрделі еді.

Баспанасыз күйде, пәтерден пәтер ауыстырып жүріп, «екі қолға бір күрек» дегендей, шықпа жаным, шықпа деп үлкен қалада су бетіндегі қармақ қалытқысындай қалт-құлт етіп күнкөріс етті. Жазған жырларын баспасөздерде жариялау, кітап шығару да қияметтің қияметіне айналды. Ауыр тіршілік, әділетсіз заман, азғындаған қоғам ақынның жанын жегідей жеп, тіпті, төзгісіз жайға жеткізді. Алматының шеттеу бір бұрышынан (айтушылар «Қалқаман» мөлтекауданы дейді) жер алып, үй тұрғызбақ болып ынталанып көрді. Бірақ, қайдан, «қысқа жіп күрмеуге келмей», көп ұзамай-ақ ол қалтасы тесік, қолы қысқа адамның үй салуы да жеңіл жұмыс емес екенін ұқты. Тағдыр тәлкегіне түскен ақын бойын әзәзіл араққа жеңгізді, денсаулығына сызат түсті.

«Қалқаманда қалды ізім,

Дос іздедім – таппадым.

Қазір, міне, жалғызбын,

Тентек су тек татқаным.

Ескі достар суысып,

Жаңа достан жоқ медет.

Отырамын у ішіп, Өміріме өкпелеп».

Сөйтіп, салынып бітпеген Алматыдағы үйін тастап,

Таразға кері оралды. «Бағым бар екен!

Сағынған екем қаламды. Сарынға бөтен,

Сабылтқан екем санамды» – деп көңілін демдейді ақын, туған жеріне, туған Таразына оралғанын емірене жырға қосып. Бірақ бұл жерде де ешкім құшақ жая қарсы алмады, қолдайтын, демейтін жан жоқ еді. Тырбанып жүріп, қала шетінен жер алып, үй салып, бала-шағасын асырап, нәпақа табатын бір қызметке орналаспақ болды. Қаламгердің бұл арманы да орындалмады: күйзеліс бойын да, ойын да тоз-тоз етті. Бірақ, ол қанша қиналса да, не көрсе де қаламын қолынан тастамады, қапалы жанына серік етті. Шіркін, олар қандай өткір, жалынды жыр жолдары десеңізші!

«Нәлеті мынау нарықта,

Мен ішпеген у мен заһар қалып па?!

Соның бәрін өзегімнен өткіздім,

Зардаптары тимесін деп халыққа.

У сойқылы удың бәрін мен іштім,

Тауқыметпен тағдырым деп тоғыстым.

Қолқамды кеп қапқан удан қайтпадым,

Қолдағанын кім біледі не күштің».

Жә, әкімдердің желкесінен жел есіп тұрған заман болса да, олар талантты қадірлей білмеді. Осы жерде Серік Томановтың «Әкім мен әңгіме» деген өлеңі ойыма оралып отыр. Марқұм ақын бұл өлеңді қай әкімге арнап жазды екен?

«Ақкөз ақын мен болсам,

Қызыл көз әкім сен едің.

Қой бағып мен қор болсам,

Қор болдың-ау демедің.

Қабандай боп жондандың,

Халықты алдап жеп жүріп,

Қаламдай боп мен қалдым,

Қағазымды кеміріп».

Тірісінде лайықты бағасын ала алмай кеткен Томановтың томтом жинақтарын кітап етіп шығару ақынынан айырылып, аңырап қалған жамағатқа жүктелді. Секең марқұм мәңгілік мекеніне аттанардан екі күн бұрын сол кездегі Талас ауданының әкімі Батырбек Күлекеевке жолығып, бір жинағын шығарып беруін өтінген екен. Батырбек те үлкен жүректі жігіт қой, ақынының арқасынан қағып тұрып уәдесін беріпті. Біз бұл кездесуді қазаға келген күні Батекеңнің өз аузынан естідік. Ол уәдесінде тұрды.

Аудандағы кәсіпкер жігіттердің басын қосып, тез арада Секеңнің «Пәруана» жинағын жарыққа шығарды. Бұл уақытта Серіктің рухани бауырына айналған Маралтай Райымбекұлы да қарап жатпапты. Талантты Һәм тағдырлы ақынды халыққа кеңінен насихаттау үшін Республика көлемінде бір мүшайра өткізуді парыз санаған Маралтай Алматының түкпір-түкпірінен демеуші іздеп, әбден аласұрған. Рухани байлықтың да керек екенін сезінетін қалталы азаматтар бар емес пе. Маралтайдың еңбегі ақталып, іздегені табылды.

«Пәруананың» тұсаукесерімен бірге «Мен өлсем, аспанда бір жасын өлер» атты Республикалық жыр-мүшайрасы да өтті... «...Біздің бір байқағанымыз, Серіктің өлімінде де бір құпия бар сияқты. 2003 жылдың 31 қазанында, яғни жұма күні Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы Сейсекүл Исматованың бастамасымен Серік Томанов білімгерлермен кездесу өткізді. Сонда Секең сахнадағы алғашқы өлеңін былайша өріп еді:

«Самайымда ақ қырау,

Маңайымда бақ сынау.

Тойлағаным тәттілеу,

Ойлағаным ащылау.

 

Көздерімде көлеңке,

Сөздерімде кең өлке.

Келтірмеңдер маған сөз,

Өлтірмеңдер мені ерте.

 

Маңдайымда мың қатпар,

 Таңдайымда түрлі ақпар.

Мұңдарыммен мың батпан,

Сырларымды тыңдап қал.

 

Уа, тыңдап қал, тыңдарман,

Бекерден-бекер тұлданбан.

Арттағыға сөз қалсын,

Өтер де кетер бұл жалған».

Тағдыр-ә?! Жалған дүниемен қош айтысарын ақын өзі сезгендей», – деп жазады ақын Азамат Есалыұлы. Публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы: «Шындықты айтатындар – ақын-жазушылардың арасында да өте сирек. Iлеуде бiреу. Осының өзiн көпсiнiп жүргендерге не дерсiң ендi?! Осындайда ерiксiз елуге жетпей күйiп кеткен, ыза-наласын сыртқа шығарып, халқына харамдық жасағандардың сорлылығын жыр тiлiмен жерiне жеткiзе сынап, мезгiлсiз көз жұмған Серiк Томанов еске түседi. Жұрттың бәрi бiрдей ол азаматты бiле бермес. Ендеше, арын ту еткен ақын-азамат Серiктi бiлмегендер бiлсе екен деген оймен оның ұзақ өлеңiнен үзiндi ұсынып отырмын:

«...Қазақ жерi – қан базар,

Қазынасын ал да сат!

Халқы болсын нанға зар,

Егiнiн сат қамба сап!

 

Алтынын ал, мысын ал,

Күмiсiн де қалдырма!

Ханзадаңа құсын ал,

Хантауыма барғын да!

 

Алатаудың мұзын сат,

Қаратаудың тасын ал.

Аралымның тұзын сат,

Ауылыңды «асырар!»

 

Жылқымды сат қырдағы,

Адырдағы малымды ал!

Жалған сөз жоқ, шын бәрi,

Алғаныңша алыңдар!

 

Ал, алып қал, алып қал,

Тағы алмаған нең қалды?

Қазақ дейтiн халық бар,

Қанын сорсаң ең дәмдi...»

Серiк секiлдi халқына, оның бейберекет шашылған байлығына күйiнiп, күйзелiп, ара түсуге тиiстi ағаларымыз бен апаларымыздың Мемлекеттiк сыйлық пен төскетағар жылтырақ темiр үшiн өңешiн созып, өле жаздап жаныққанын көргенде, солардың өлеусiреп, өшiп бара жатқан арұятын, намысын тiрiлту үшiн Серiк Томановтың жүре тұруы керек пе едi деп те ойлайсың... Бүгiнде ордендер мен медальдар да, билiк тарапынан таратылатын сыйлықтар мен стипендия, атақтар да, жомарттықпен жасалатын жағдайлар да жайдан-жай емес. Билiктiң сөзiн сөйлейтiн, жөнiн жөндейтiн, жоғын бар етiп көрсететiн, «Астана, Астана!» деп ән шығаратын, күй төгетiн, үлкен кiсiге ода арнайтын, есiлiп эссе, көсiлiп эпопея жазатын теңдессiз «таланттарға» ғана, онда да сүзгiлерден сүрiнбей өтiп, ақ-адал берiлгенiне көздерi анық жеткенде ғана бұйыратын бақыт құсы бұл. Бәлкiм, ол бүгiнгiдей қойыртпақ кезде солай көрiнер. Ал күллi ертең билiк ауысып, қарапайым халыққа бүйрегi бұратын азамат атқа мiнген заманда бәрi өзгерерi күмәнсiз. Сонда қалай болады? Әлгi марапат иелерi халық қасiрет шегiп жатқанда сыйлығымызды, орденмедалiмiздi не үшiн, қандай еңбегiмiз үшiн алдық дейдi?

Сталинизм дәуiрiнде арыстарымызды жазықсыз жазалағаны, Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде ұлт мүддесi үшiн алаңға шыққан жастарды ұрып-соққаны, Горбачевтiң шовинистiк саясатын қолдап-қуаттаған еңбегi үшiн сыйқұрметке бөленiп, марапатталған «мықтылар» секiлдi мыңқимасына кiм кепiл?! Сен соны шынайы сезiнiп, айта бiлдiң ғой, Серiкжан! Сол үшiн саған рақмет, Серiк!» – деп толғанады. Серік ақынның «дауысы» тек қазақ оқырмандарының ортасында шектеліп қалмай, шетелдік қаламгерлердің де назарына ілігіп, оңды бағасын алған. Мысалы, Испанияның белгілі ақыны, аудармашы Хусто Падрон қазақ ақындарының шығармашылығына шолу жасай отырып, Серік жайлы былай деп пікір білдіреді:

«… Серік Томанов (1956-2003 ж.ж). Ол қысқа өлеңдерде нәзік парадоксты іздеді. Оның стилі жиынтық, сипаты ебедейлі, дикциясы айқын. Ақын жаңа объективті романтизм нақышында әсемдікті және адам мен табиғат арасындағы, сөз бен шындықтың арасындағы байланысты жырлайтын эмоциялық тереңдікті көрсеткісі келді. Оның этикалық тәсілдемесі таң қалдырады. Айрықша (магический) реализмге (шыншылдыққа) жақын дұрыс психологиялық желілер, нәзіктік пен сырлылыққа толы сезімдер әлемі, терең руханият және ақынның Құдайға деген сенімі оған шабыт берген. Оның жұбанышы – қашан да бізді ғаламат әлеммен татуластыратын, ойландыратын, дем беретін дүниелер. С.Томанов жан дүниесінен байқағаным ол әсем ақын және жақсы адам болған. Ол өзінің ақындық борышын артығымен өтеген азамат». Өте шынайы, жағымды пікір! Ақының ойлы шығармаларын әділ бағалау осы емес пе?!

Серік Жапарұлы Томановтың біраз өлеңдеріне көптеген сазгерлер ән жазды. Оның «Аққулар», «Қызыл көйлек киген қыз», «Сатушы қыз», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған» атты өлеңдерін өнерпаз-әншілер өз өңірлерінде және облыстық, республикалық үлкен сахналарда, радио мен телеарналардан орындап жүр. Мысалы, сазгер Ербол Спаналиевтің ақынның сөзіне жазған «Құс қанат менің ғұмырым» деген әні сырлы, сағынышқа толы әндер қатарына жатады. Ол әнді жүрекпен айтатын Мейрамбек Бесбаев халыққа әдемі жеткізіп жүр.

«Таң атса болды, күн батып

Ұршығын мезгіл зырлатты.

Құс қанат менің ғұмырым

Қанатын тағы бір қақты»,– деп келетін жыр жолдары бар әннің тыңдарман жүрегіне терең бойлап, өз орынын таппауы, тіптен, мүмкін емес... Рас қой, адам үшін мына жарық дүниеде әрқалай құс-қанат ғұмыр берілген! Ол зуылдап өтіп жатыр, өтіп жатыр... Тоқтауы, толасы жоқ зымыраған уақыт кімді болмасын өз ырқына көндіріп, алға жетелеп, қанша қасарысып, тырбалаңдасаң да бетқаратпай келер күнге алып кетіп барады. Әттең, біз оны сезінбейміз, өмірдің қадірін уақтысында біле бермейміз.

Құдайым-ау, біразымыз лауазым, қызмет, тәж, білім, абырой, бедел деп, екінші біреулеріміз дүние, байлық, дәулет деп жанталаса өмірмен арбасып, арпалысып жатамыз. Жаратқан Иемнің өлшеп берген өмірі жүз жасағанға да, оны еңсергендерге де тым аз болып көрінеді барлығымызға. Бұл дүние, сірә, сонысымен жұмбақ шығар... «Шаруа едім тірліктің көшіне ерген, Таусап таттым жердегі несібемнен. Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын, Топырағым бұйырды осы жерден. Ата-бабам, бауырым, туысым да, Осы жерде: төбенің қуысында. Алып кеткен өзімнің ештеңем жоқ, Топырақ тек қалғаны уысымда», – деп жыр нөсерін селдеткен ақын С.Томанов мәңгілік тыныштықты 2003 жылдың қараша айында қала сыртындағы «Тектұрмас» қабірстанынан тапты.

Жуырда «Aq jol» газетінде (5.02.2026) прокуратура ардагері Әбиірбек Қонысбаевтың «Аққу қайтса, су да қайтады деп еді...» деген мақаласы жарияланды. Онда көптің сүйікті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 1989 жылы Талас ауданына жергілікті композитор Орынбасар Әбжаппаровты арнайы іздеп барып, оның шығарған «Аққулар» әніне ерекше риза екенін жеткізіп, ән ырғағының соңына аздап өзгерістер енгізеді. Ән мәтінінің авторы, сол кездегі аудандық газеттің қызметкері, ақын Серік Томановты шақыртып, жүздеседі, ақылын айтады. Арқалы ақын Серік біраз уақыттан кейін Шәмші ағасына мынадай жыр жолдарын арнайды:

«Әуені болып жаңа әннің,

Жетейін саған жан аға!

Сағынған да болармын,

Сия алмай үлкен қалаға.

Қалада өзім жүргенмен,

Далада менің бар ойым.

Сағынып шығып бұл жерден,

Сабылып тағы барайын.

Тірлікке күйкі қарама,

Тұрмыс та билеп кетпесін,

Санаңда сенің жан аға,

Сағыныш қана көктесін».

Серік Томановтың өмір жолы өнердегі тағдыры, өткірлігі мен өжеттілігі, айтқыштығы мен азулылығы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа ұқсайды. Ол да көзі тірісінде көзге ілінбей, керекті бағасын алмай, өмір тауқыметіне ұрынып, өзөзіне риза болмай жүрген ақын бірде былай деп жазыпты:

«Өмірімді несіне жек көремін,

Ауыр-жеңіл болса да өткеремін.

Өмір қашып барады құсқа мініп,

Мен артынан жетем бе деп келемін.

Тағдырыма несіне өкпелейін,

Мойын бұрмай келдім көпке дейін.

О, өмір ұстатпаған уың бар ма?

Әкел, әкел, оны да жеп көрейін!»

Тау тұлғалы тарлан ақын Мұқағалидың екінші өмірі өзі дүниеден озғаннан кейін басталғаны белгілі. Халық талант иесіне жапырыла бас иді, құрметтеді, көшелер мен мектептерге атын берді, ескерткіштер мен музейлер ашылды, том-том болып кітаптары шықты, мемлекеттік сыйлық берілді, дүркін-дүркін жыр мүшайралар өткізіліп, туған күнінде Мұқағали оқуларын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Ақын болып өмірге келген Серік Томанов та көзі тірісінде өз аларын ала алмай кетсе де, дүниенің ризығынан құр қалмай артына өшпес, өлмес мұрасы – алдаспан өлеңдері, ақын сөзіне жазылған әдемі, әсерлі әндері қалды.

Өмірдің уын ішіп өтсе де артында улы емес, нұрлы, мәңгі өшпейтін із қалды. Арын ту еткен ақын азаматтың өнерін ардақтаған жыр сүйер жұртшылық қалды. Құдайға шүкір, өмірден озғаннан кейін Серік Томановтың бірнеше жыр жинақтары жерлестерінің қолдауымен кітап болып шығып, жырсүйер қауым ақынның жырларына сусындады. Оның төгілте жазған әсем жырлары ел аузында, мәтіндері ән болып төгілуде... Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін ақынға айналған Серік Томанов халқымен бірге жасай беретініне еш күмән жоқ.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

дәрігер-хирург

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

 

Ұқсас жаңалықтар