Бүгінде ортамызда еңбегімен қоғамға, жүрген ортасына пайдасын тигізіп жүрген қарапайым адамдар көп. Соның ішінде еден жуып, тазалыққа жауап беретін кіші қызметкерлер де бар. Олардың қызметіне мекеме басшылары да, оқушылар да құрметпен қарайды. Осы мамандықты күн көрісіне, отбасы табысына айналдырып, бір шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған жан – Тазагүл Әлімбетова. Ол Жамбыл ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте еңбек етеді.
Самарқанд ауыл шаруашылығы институтын «зоотехник-инженер» мамандығы бойынша тәмамдаған ол еңбек жолын туып өскен Қарақалпақстан Республикасының Кегелі елді мекенінде ветеринариялық зертхананың меңгерушісі болып бастаған. Сонда Қайрат Қожаназаров есімді жігітке тұрмысқа шығады. Жас отбасы болашағын атажұртпен байланыстырмақ ниетпен 2003 жылы Тараз қаласына көшіп келеді. Одан кейін Аса ауылына қоныстанып, осында ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді.
– Елге көшіп келген соң бірінші кезекте баспана алдық. Тұрақты жұмысымыз болмағандықтан саудаға шықтық. Сөйтіп жұбайымыз екеуміз өз кәсібімізді ашып, саудасаттықпен біраз жыл айналыстық. Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Сол қиындықты жұбайым екеуміз бірге жеңіп, ұл-қыз өсірдік. Балаларыма қарайлап мен саудадан мектепке кіші қызметкер болып ауыстым. Жұмысым өзіме ұнайды. Ұжымымыз да жақсы. Басшылық еңбегімізді ескеріп, үнемі марапаттап, көтермелеп отырады, – деді ол.
Тазагүлдің жолдасы әлі күнге дейін саудамен шұғылданады. Ал өзі осы мекемеде жұмыс істеп келе жатқанына 12 жылға жуықтапты.
«Қазір жаңа, зәулім мектепте еңбек етіп жүрміз. Алғаш осы білім ордасына жұмысқа орналасқанымда жылы су жоқ, еденді мұздай сумен жуатын едік. Қыстың күндері суды даладан шелектеп тасимыз. Қатты аяздарда қолғабымыз суға шыланып, мұз болып қатып қалатын. Енді ол күндер артта қалды. Бүгінде жылы су да, жарық та, жылы бөлмеміз де бар. Жұмысымыз әжептәуір жеңілдеп қалды», – дейді ол.
Сөз арасында Тазагүл бүгінгі балалардың мінез-құлқы бұрынғы жастарға қарағанда өзгергенін айтып қалды. Көпшілік болған соң арасында үлкендерден қорықпайтын, еден жуып жүрген кіші қызметкерге мұрынын шүйіре қарайтын балалар да бар көрінеді. Көпе көрнеу қолындағы тәттінің қағазын тастап: «Жұмысың, сол үшін ақша аласың, тазала» деп кететіндер де бар екен өкінішке қарай. Ұлт ойшылы Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деп айтқанындай, балаларды кішкентайынан еңбекке баулыған дұрыс.
Бұрын біздің бала күнімізде үлкендермен үнемі сыныпта кезекші болып, бөлмені жуып, картоп теруге, қызылша жинау науханына, қала берді сенбілікке шығып, тазалыққа араласушы едік, ол да тәрбиенің, еңбекке баулудың бір көрінісі еді деп мақтанышпен айтып отыратын. Қазір оқушыға жүктелген бір міндет жоқ. Тіпті еңбек пәнінің өзі қысқартуға ұшырап кеткен.
Мектеп директорының орынбасары Индира Қыдыржанқызы Тазагүлдің ұжымда сыйлы, жастарға қамқоршы екенін айтты.
«Тазагүл Таңжарбайқызы жұмысына адал. Он екі жылдан бері білім саласына, мекеменің тазалығына өз үлесін қосып келеді. Бұл қызметте қаншама адам жұмысын ауырсынып ауысып кетіп жатады. Біз бұл кісінің табандылығына, еңбегіне құрметпен қараймыз», – дейді ол.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




