«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Электр энергиясын тұтыну еселеп өсіп келеді

Электр энергиясын тұтыну еселеп өсіп келеді
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Президент Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыру аясында сан салада серпінді жұмыстар жүріп жатыр. Осыған орай Энергетика министрлігі жалпы қуаты 15 гигаваттан асатын 81 жобаны іске асырудың практикалық кезеңіне көшуде. Жауапты министрліктің мәліметінше, 13 триллион теңгеден асатын инвестициялардың едәуір бөлігі электр қуаты нарығының тетіктері арқылы тартылмақ.

Өткен жылдың қорытындысын саралаған баспасөз мәслихаты барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр энергиясын өндірудің айтарлықтай өскендігін атап өткен болатын. Оның сөзінше, 2000 жылдардың басында елімізде электр энергиясын өндіру жылына шамамен сағатына 50 миллиард киловатт құраса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш сағатына 117,9 миллиард киловатт жетті. Ал осы жылы шамамен сағатына 122 миллиард киловатт өндіру жоспарланған. Осылайша елімізде соңғы 25 жыл ішінде электр энергиясын тұтыну 2,5 есеге өскен. Осыған сәйкес, жауапты атқарушы органда қуаттарды арттыру және электр қуатын өндіруді ұлғайту бойынша нақты жоспар әзірленген. Бұл бойынша 2035 жылға дейін электр энергиясын өндіру көлемін іс жүзінде екі есеге арттыра отырып, жаңа қуаттарды енгізу және қолданыстағы қуатты жалпы 26,4 гигаваттқа реконструкциялау жоспарлануда.

– Үдеріс бір орында тұрмайды. Бүгінде елімізде екі суперкомпьютер жұмыс істейді – AlemAI және AI Farabium. Жасанды интеллект, суперкомпьютерлер дамуы, деректер орталықтарының құрылысы және өнеркәсіптік өндірістің өсуі нәтижесінде электр энергиясын тұтыну көлемі сөзсіз артады. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндетке сәйкес қазіргі заманғы және экологиялық таза технологияларды қолдана отырып, көмір генерациясын дамыту жалғастырылады. Жақында Павлодар облысы, Екібастұз қаласының маңында салынатын қуаты 2600 МВт ГРЭС-3 заманауи станса құрылысына конкурс өткізілді, онда қазірдің өзінде екі ірі электр стансасы жұмыс істейді. Жаңа ГРЭС-тің бір бөлігі маневрлік генерациямен жабдықталады, заманауи технологиялар мұндай шешімдерді көмір стансаларында да тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондайақ Көкшетау, Семей және Өскеменде үш ЖЭО салу жоспарлануда. Сонымен қатар газ генерациясында жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың барлығы ұлттық энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, Қазақстанның мақсаты – 2035 жылға қарай электр энергиясын өндіруді екі есеге арттыру, – деп атап өтті министр.

Министрдің сөзінше, салада отын-энергетика ешенінің негізгі процестеріне жасанды интеллект технологияларын жүйелі түрде енгізіп келеді.

– Қазіргі уақытта салада үш негізгі практикалық кейс жүзеге асуда. Соның алғашқысы ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, электр беру әуе желілерін ЖИ-де фектоскопиялау. Компьютерлік көру және машиналық оқыту технологиялары 4K-камералар, жылу анықтау және лидар жүйелерінен алынған деректер негізінде тірек конструкциялары мен сымдардағы ақауларды, қызып кетулерді, деформацияларды және басқа да жасырын тәуекелдерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жоба шығындарды қысқарту есебінен 2,5 миллиард теңге көлемінде экономикалық тиімділік береді деп күтілуде. Бұдан бөлек, акустикалық резонанс технологиясына негізделген жылу желілерінің роботтандырылған құбырішілік диагностикасы жүйені ашпай-ақ және тоқтатпай-ақ құбырлардың жай-күйін нүктелік бағалауды қамтамасыз етеді. Бұл шешім жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлау арқылы 42 миллиард теңге көлемінде экономикалық нәтиже бермек. Ал газ саласына арналған ЖИ-ассистент, ол мобильді қосымшада түсірілген фотосурет арқылы газ есептегіштердің көрсеткіштерін автоматты түрде таниды. Бұл адам факторын азайтып, есепке алудың дәлдігін арттырады, – деді Ерлан Ақкенженов.

Бүгінде аталған шешімдердің барлығы пилоттық режимде сынақтан өтіп, жоғары тиімділігін көрсеткен. Сондықтан алдағы уақытта басым бағыттардың қатарында ЖИ-де фектоскопиядағы ақаулар классификаторларын кеңейту, магистральдық құбыр жолдарда құбырішілік диагностика технологияларын енгізу, сондай-ақ газ саласындағы цифрлық сервистерді одан әрі дамыту жолға қойылмақ.

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар