«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аудан тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылды

Аудан тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылды
Автор
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен елді мекендерді толық ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында өткен жылдың соңында Т.Рысқұлов ауданының тұрғындары бірқатар қуанышқа кенелді.

Атап айтсақ, Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Р. Сәбденов ауылының тұрғындары үшін тарихи күн орын алды. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген ауыз су мәселесі өз шешімін тауып, ауыл тұрғындары таза тіршілік нәріне қол жеткізді. Жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық болатын бұл жоба мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарын «Таразстрой – 2004» ЖШС атқарды. Бұл қуанышты сәттің ашылу салтанатына аудан әкімі Ернар Есіркепов арнайы қатысты. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары мен тұрғындары жаңа жобаның іске қосылғанына дән риза болып, ел игілігі үшін еңбек еткен азаматтарға ақ батасын берді.

Айта кетейік, соңғы екі жылда аталмыш ауылда спорт кешені мен дәрігерлік пункт салынып, енді міне тұрғындар таза тіршілік нәрінен тарықпайтын күнге жетті. Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп, таза ауыз суға қол жеткізгендеріне Шөңгер ауылының тұрғындары да дән риза. Мұндағы су имаратының құрылыс жұмыстарын «Темір Строй Сервис» ЖШС жүргізген. Бүгінде аталмыш ауылдағы 230-дан астам тұрғын ауыз сумен қамтылып отыр. Жиырма мыңнан астам тұрғыны бар Құлан ауылында да жаңа су имараты пайдалануға берілді. Арай тұрғын алқабы маңынан салынған бұл нысан аталмыш аумақтың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жобаның жалпы құны – 559,5 ммллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Sat Construction» ЖШС атқарған.

Айта кетейік, бұл – Құлан ауылындағы екінші су имараты. Оның қолданысқа берілуі жаз мезгіліндегі ауыз су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, өткен жылдың басында аудандағы Сөгеті және Мамай ауылдары ауыз сумен қамтылған. Осылайша, Мемлекет басшысының тұрғындарды таза ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы 100 пайызға орындалып, аудан аумағында толық жүзеге асты.

Жаңатұрмыста мәселенің көбі шешілген

Бұрнағы күні аудан әкімі Ернар Есіркепов ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Жаңатұрмыс ауылдық округіне барып, жергілікті халықпен кездесу өткізді. Жиында аудан басшысы Ернар Серікәліұлы ауданның әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштері туралы жан-жақты баяндап берді. Жалпы алғанда жылдан-жылға аудан экономикасы да өрісті дамып, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалып жатқанын да айта кетуге тиіспіз. Оны аудан басшысы да өз сөзінде қуаттай түсіп, құрылыс, кәсіпкерлік және ауданға инвестицтя тарту бағында қыруар тірліктер атқарылып жатқанын сөз етті.

Жасыратыны жоқ, өткен жылы ауылшаруашылығы еңбеккерлері үшін қолайсыз болды. Жауын-шашынның аздығынан егістік жерлерге егілген масақты дақылдардың біраз гектары орылмай қалды. Аудан әкімі осы жағына да айрықша тоқталып, келелі кездесуде шаруаларға күн райына тәуелділіктен арылып, тамшылатып суару әдісін де қолға алу қажеттігін жеткізді. Одан бөлек те аудан басшысы білім, денсаулық, мәдениет, спорт және туризм салаларын да сөз етіп, аталмыш салаларда да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Адалын айтуымыз керек, ауданнан шалғай жатқан Жаңатұрмыс ауылында көп мәселелер өз шешімін тапқан. Бұл ауылдың халқы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. 2023 жылы жаңа дәрігерлік амбулатория да салынды. Заманауи спорт кешені де бой көтерді. Жаңа су іркуіш имараты салынып, тұрғындар сапалы ауыз суды тұтынып отыр. Енді жаңа мәдениет үйі салынып жатыр.

Биыл құрылысы толықтай аяқталады деп күтілуде. Ауылішілік көшелерге де асфальт төселіп, қөше жарықшамдары орнатылған. Кездесуде осының бәрі айтылды. Жаңатұрмыс ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыл жұртшылығы бұл атқарылған тірліктердің барлығына да ризашылықтарын білдіріп отыр. Десе де жаңатұрмыстықтар енді ауылдағы «Құлыншақ» балалар бақшасына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе екен?» деп, аудан әкіміне сауал қойды. Қойылған сауалға аудан әкімі ауданда 42 елдімекеннің барын жеткізіп, өзге ауылдарда шешімін таппай отырған мәселелерде жоқ емес екенін ескертіп, бұл мәселе де бақылауда болатынын айтты.

Жалпы ауыл кәсіпкерлері жаңа балабақша салуға құштар болса, қолдауға дайын екенін де жеткізді. Кездесу соңында ауыл халқы аудан басшысының іскерлігі мен еңбекқорлығын жоғары бағалап, еңбекте абырой биігінен көрінуіне ниеттес екендіктерін айтты.

Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп

Аудан әкімінің халықпен кездесу жиыны Құмарық ауылында да өтті. Құмарық ауылдық мәдениет үйінде өткен жиынға аталмыш ауылдық округке қарасты Қаракемер мен Алғабас ауылдарының тұрғындары да қатысты. Жиында аудан әкімі Ернар Есіркепов барлық салаларда атқарылып жатқан оңды істерді саралап, жан-жақты мысалдар арқылы түсіндіріп баяндап берді. Әсіресе инвестиция тарту, кәсіпкерлік бағытында ауданда ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар жасалып жатқанын айрықша атап көрсетті. Оның ішінде «Сарым» шаруа қожалығының Құмарық ауылындағы тау бөткерінен салып жатқан арнайы демалыс аймағын да аудан басшысы назарға салды. Аудан әкімінің сөзінен қыруар шаруалар атқарылып жатқанын көпшілік естіді және оған іштей қуанды да. Өйткені жасалып жатқан тірліктердің басым бөлігі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамалар.

Осыдан бірнеше жылдар бұрын Құмарық ауылдық округінің тұрғындары ауданда бірінші болып халықтың тұрмысын жақсарту бағытындағы пилоттық жобаның мүмкіндігін пайдаланған болатын. Кейіннен Жамбыл облысындағы осы бірегей жоба күллі республикаға үлгі болып, оның атауы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша көптеген адамдардың тірліктері алға озған болатын. Мұның бәрі әрине мемлекеттің тікелей қолдауының арқасында іске асырылды. Соны дұрыстап түсінген жөн. Қаншама жерге сапарлап барып жүрміз. Еліміздегі өзге облыстардың кейбір ауыл-аймақтарына қарағанда біздің аудандағы ауылдардың жағдайы көш ілгері деп нық сеніммен айтуға болады. Оған осы Құмарықты айтсақ та жеткілікті. Айталық, Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектебі де біраз жылдар бұрын күрделі жөндеуден өтті.

Құмарықта шағын футбол алаңы да бар. Ауылішілік көшелерге де асфальттар төселген. Ауыл кіребесіндегі арка деп жатамыз, ол да былтыр мемлекет есебінен қаржыландырылып, жөнделді. Құмарықта балалар бақшасы бар. Ауылдық округтегі көшелерге де жарықшамдар орнатылған. Округке қарасты Алғабас ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Былтыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Құмарық пен Алғабас ауылдарындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткіштер қайта жаңғыртылып, олардың аумағы абаттандырылды.

1990-шы жылдары жарықсыз да отырды жұртшылық. Көбісінің есінде болар. Ол кездерде артты қалды мінеки. Барлығы рет-ретімен шешіледі. Ең бастысы – бірлік. Бірлік бар жерде әрқашан тірлік болатынын ұмытпағанымыз абзал. Негізінен жалпы бүгінгі таңда аудан бойынша көшелерге жарықшам орнату мәселесі 89 пайыз, ауылдарды газбен қамту үлесі 93 пайыз, тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесі 100 пайызға орындалып отыр. Ол дегеніңіз – үлкен тірліктер жасалды деген сөз.

Елде бірлік пен береке болса, бұл тірліктер жылдан-жылға өз жалғасын таба беретіні сөзсіз. Жиын соңында ауылдық округ тұрғындары таудан келетін ағын судың жайын, одан бөлек те ірілі-ұсақты мәселелерді көтеріп сауалдар қойды. Аудан басшысы кез келген мәселеде ашықтық қағидатын ұстанатынын білдіріп, көпшілікпен әрқашан бірлесе жұмыс жасауға дайын екенін айтты. Қайталап жазған артықтық етпес. Бастысы береке мен татулық болса болғаны!

 

Марат ДИХАНБАЙ

журналист.

Т. Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар