Бүгінгі таңда ауданда орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 37-ге жетіп, бұл жалпы ауылдардың 90,2 пайызын құрайды. Соңғы жылдары таза ауыз су мәселесін шешу мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Шарбақты ауылында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Күнбатыс-2 ауылында су құбыры желісін салу жұмыстары 100 пайызға орындалды. Ал Гвардейск пен Алға ауылдарында ауыз сумен қамту мақсатындағы тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Сонымен қатар Көгадыр елді мекеніне су тазартудың кешенді блок-модулі орнатылып, бұл жоба 2025 жылғы аудандық бюджеттен қолдау тауып, бүгінгі күнге толық аяқталды. Аталған жобалар кезең-кезеңімен іске қосылып, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Күнбатыс-2 елді мекенінде жаңа су құбыры желісінің құрылыс жұмыстары басталған еді. Су құбырының құрылыс жұмыстарының тапсырыс берушісі – аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Ал бұл жұмысты орындау міндетін «Темір-Строй Сервис и КО» серіктестігі өз мойнына алған. Бастысы, мердігерлік ұйым өз саласында мол тәжірибеге ие. Олар су құбырының құрылысын жүзеге асыру кезінде заманауи технологияларды пайдаланып, тұрғындарға қауіпсіз, әрі тұрақты су жеткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Жаңа су құбыры желісінің құрылуы тек Күнбатыс-2 елді мекенінің тұрғындарын емес, сонымен қатар бүкіл ауданның инфрақұрылымына оң әсерін тигізеді. Бұл жоба ауданның экономикалық өсіміне де ықпал етіп, әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында жасалған ауқымды жұмыстардың бірі. Сонымен қатар бұл жоба экологиялық тұрғыдан да маңызды. Таза судың жеткізілуі тұрғындардың денсаулығын қорғап, түрлі аурулардың пайда болу қаупін азайтады деп күтілуде. Су сапасының жақсаруы, тұрғындардың сапалы әрі қауіпсіз суға қол жеткізулері, табиғи ресурстарды үнемдеу, сумен қамту жүйесінің ыңғайлылығы мен сенімділігін арттыру сияқты мәселелер бірден шешілетін болады. Жобаның және құрылыс жұмыстарын жүзеге асырудың мақсаты – тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсарту.
Бұдан бөлек ауданда елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бәйтерек ауылын газдандыру үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге қажетті қаражат көлемі айқындалды, тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге Гвардейск қалашығын газдандыру бойынша «Бақыт таңы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 42,5 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, жобаның І және ІІ кезеңіне арналған құжаттамалар әзірленіп, сараптама қорытындылары алынған. Ал Бел, Мұзбел және Аңырақай ауылдарына ауылішілік газ құбырларын жүргізу бойынша «АРС проект» серіктестігі тарапынан жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданыпты. Аталған жобалардың жалпы сметалық құны – 604,8 миллион теңгені құрайды.
Нәтижесінде, аудандағы барлық елді мекен 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады. Жалпы, аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1343,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде 308 шақырымы республикалық, 275,5 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар болса, 760 шақырымы елді мекен көшелеріне тиесілі. Аудан аумағында жергілікті маңыздағы жолдарды күтіп-ұстау, ағымдағы жөндеу, жол белгілерін сызу және орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Аудан арқылы өтетін республикалық маңыздағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Алматы – Бішкек және Қордай – Шу автожолдарында жол қауіпсіздігін облыстық полиция қызметкерлері қамтамасыз етуде. Бірер ай бұрын «Отар – Сұлутөр – Көктөбе» бағытындағы аудандық жолда жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Өңірде қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында 10 елді мекенге 18 «Сергек» жылдамдықты шектейтін бейнебақылау камерасы орнатылып, жүйеге толық қосылды. Камералар Қайнар, Сарыбұлақ, Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл, Степное, Әлжан ана, Қарасу, Өтеген және Масаншы ауылдарында орналасқан.
Орнату орындары қауіпті аймақтар ескеріле отырып, ауыл әкімдері мен полиция бөлімдерімен келісілген. Қордай ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істердің көрінісі. Таза ауыз су, көгілдір отын, сапалы жол, экологиялық тазалық пен қауіпсіздік – аудан дамуының басты тіректеріне айналып отыр. Кешенді және жоспарлы түрде атқарылып жатқан бұл жұмыстар тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруда.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Аудан тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылды
- Бүгін, 17:11
Балаларға арналған бақыт мекені
- Бүгін, 16:39
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




