«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балаларға арналған бақыт мекені

Балаларға арналған бақыт мекені
Автор
Қаламыздағы ең үлкен «Март» сауда үйінің үшінші қабатында «Beybee sand» ойын алаңы бар. Ашылғанына екі жыл болған. Сәбилерге арналған ойын алаңы ерекше жабдықталған. Кіріп барғаннан-ақ көздің жауын алады. Үлкенді-кішілі түрлі ойыншықтар бар, қиыршық құм төселген.

Кәсіпті нәсіп еткен жас ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Алуа Жібеш пен Алманияз Қоқанов. Алуа – «Шолпы» сән салонында бет әрлеуші, ал жұбайы Алманияз – эколог. Ойын алаңын ашу идеясы бірінші Алуаға келген. Жас жұбайлардың бұл бірінші кәсібі емес. Бастапқыда олар «Жеңіс» саябағынан «Хватайка» деген құрылғы ашқан. Осы құрылғы үшін олар шағын грант алған. Бұл құрылғы тек маусымдық кездерде ғана табыс әкеледі екен. Ал мына ойын алаңында тұрақты екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Мамандығым–модельер құрастырушы. Осы істі ашқанда ішінің дизайнын өзім ойластырып, қағазға түсіріп, дизайнер жалдадым. Бәрі де бала күтімінде отырғанда басталады деген сөз рас екен. Екі балам бар. Ахмедияр мен Мұхаммедияр. Кішісін босанғанымда баламды ойнататын, сеніп қалдыратын жер болмады. Сол үшін өз балаларыма ашқандай етіп, жауапкершілікпен қарадым. Ішіне құм төседім. Бұрынғыдай біздер сәбилерді далаға құмға жіберіп қоя алмаймыз. Оның үстіне ойнайтын құм да жоқ қой. Бұл құм ерекше, арнайы жасалған. Баланың денесіне жұқса шаң қалмайды. Бала тілінің тез шығуына, моторикасының дұрысталуына ықпал етеді. Атауын құм және бала деп алдық. Ағылшын тілінен аударғанда осындай мағына береді. Алғаш ашқанда ішін түгел құм қылдық. Бірақ тараздықтар бұған дайын емес екен. «Баламның үсті былғанды» деп өтініш айтқандар болды. Сонымен жақында құмды бір шетіне жиыстырып, кілем төседік. Бұл балақайлардың отырып ойнауына жақсы болды, – дейді Алуа Жібеш.

Ойын алаңы бүгінде кішкентайлардың арнайы іздеп баратын мекеніне арналған. Кіру бағасы жарты сағатына 1500 теңге. Аптасына екі рет құмды дезинфекциялап тұрады екен. Күн сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі деп отыр. Ойын алаңы әзірше қалада бір ғана жерде. Болашақта бірнеше орыннан ашуды көздеуде. Бала – періште. Бұл орынды бейкүнә сәбилердің бақыт мекені десе де болады. Әр келген бала қуанып қайтатын орын.

Сонымен қатар мұнда түрлі ел көрмеген тәттілер де сатылуда. Аптаның бес күнінде бала саны аздау болса, сенбі-жексенбі күндері мұнда балақайлардан орын босамайды екен. Кәсіп – өз иесіне қуаныш пен құт әкелсе еңбектің ақталғаны емес пе? Оның үстіне бұл іс балаға қатысты болғандықтан жаупкершілік те мол. Әр ананың сәл болса да қолы босап ойын алаңына баласын уайымсыз қалдыруына да болады.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар