«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кез келген еңбек – қадірлі

Кез келген еңбек – қадірлі
Автор
Бірлесу-Еңбек орта мектебінің слесары Марат Жапарбеков еңбек жолын Жаңа Жамбыл фосфор зауытында жұмысшы болып бастаған. Арасында білім алу мақсатында Ванновка техникумына түсіп, оны «техник-механик» мамандығы бойынша тәмамдайды. Оқуын аяқтаған соң Жаңа Жамбыл фосфор зауытында, кейіннен Жаңатас химия зауытында жұмыс істейді. Осы саладағы еңбек өтілі 24 жылды құрайды.

– Жас кезде жұмыс таңдаған жоқпыз. Мектепті бітіре салып жұмыс істеуге тырыстық. Ондағы мақсатымыз – ата-анамызға қолғанат болу. Шаруаларын кішкене болса да түзеп, қаржылай демеу көрсету болды. Сол ниетпен ауыл іргесіндегі Жаңа Жамбыл фосфор зауытына жұмысқа орналастық. Онда жаман жұмыс істеген жоқпыз. Еңбегіміз уақтысында бағаланды. Отбасын құрдық. Ұл-қыз өсірдік. Әр жұмыстың өз қайыры, өз нәсібі бар, біз одан жаман болғанымыз жоқ, – дейді ол.

Халқымызда «Өзі жақсы кісіге, бір кісілік орын бар» демекші, оның іскерлігін таныған мектеп басшылығы біраз жыл бұрын оны мектепке директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары етіп қабылдайды. Өйткені 1950 жылы қыстан салынған ауылдағы мектептің жағдайы шындығында қиын жағдайда болатын. Ескі ғимаратты күтіп ұстайтын, өзі шебер, өзі іскер адам керек болды. Міне, сол орынға үміткер көп болғанымен лайықты деп таңдау Маратқа түскен еді. Ол үміт пен сенімді Марат Алақанұлы ақтады. Жанын салып жұмыс істеді. Іргетасы жерге отырған, сылағы түсіп кірпіші ырсиған қабырғасын уақтылы сылап, ақтап, әрлеп күтіп ұстады. Ауыл азаматтарын, мектеп мұғалімдерін ұйымдастырып, ескі кеңсе ғимаратын сынып бөлмелеріне ыңғайластырып жабдықтады. Қыс кірпіштен жаңа асхана бөлмесін салды. Осының бәріне басшылық жасап, ауыл балаларының жайлы жерде оқып-білім алуына бар мүмкіндік жасаған еді.

Одан кейін ауыл балаларына жаңа мектеп керектігін үнемі ауылдық округте, ауданда өткен жиындарда ауыл ақсақалдарымен бірге көтеріп, мектеп мәселесін үнемі билік назарына жеткізумен болды. Ол тілек жеті жыл бұрын орындалып, ауыл ортасынан еңселі мектеп бой көтерді. Мұнда да мектептің шаруашылығын ойдағыдай жүргізді. Енді орнын жастарға беріп, жаңа оқу жылынан бастап слесарь болып еңбек етіп жүр.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Қазір бұрынғыдай емес, жаңа мектепте барлық жағдай жас алған. Жылу жүйе сін тұрақты бақылап отырамыз. Бастысы, қайда жұмыс істесем де оны адал, жауапкершілікпен атқаруға тырыстым, – дейді Марат Алақанұлы.

Әріптестері де оның еңбегін жоғары бағалайды. Мектеп директоры Ербол Әшіров оның нағыз маман, іскер азамат екенін айтты.

«Марат ағаға деген ұжымның құрметі бөлек. Өйткені ол мектеп үшін көп тер төккен адам. Ескі мектепті қалай күтіп ұстаса, жаңа мектепке де сондай ықыласпен қарайды», – деп атап өтті мекеме басшысы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар