«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талап табысқа бастайды

Талап табысқа бастайды
Автор
«Ауыл аманаты» жобасы Президент тапсырмасымен 2023 жылдан бастап іске қосылып, тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні аталған жоба елімізде сәтті жүзеге асырылып, халықтың ауылда еңбек етуіне, жұмыссыздар санының азаюына, сонымен қатар тұрғындардың табысының артуына оң әсерін тигізуде.

Ал бұл жоба біздің аймақта 2019 жылы облыс тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту аясында қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырыла бастаған болатын. Жалпы жобаның мақсаты – ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бүгінгі күні мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Байзақ ауданында шағын кәсіп иелері көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Осындай нақты баст ама лардың бірін өз отбасында Байзақ ауылының тұрғыны, төрт ба ланың анасы Жанат Жандаулетова іске асыруда. Ол бүгінгі күні тігін цехын ашып, жұмыс істеуде. Жанат бұл мүмкіндік туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінен естігенін айтты.

– Жұбайым екеуміз ауылдан тігін цехын ашуды жоспарлап жүргенбіз. «Ауыл аманаты» жобасы аясында ойымызды жүзеге асыруға мүмкіндігіміздің барын е стіп, өтініш білдірдік. Қажетті құжаттар тізімін алып, тез іске кірістік. Сөйтіп жұбайым Тимур Өсеровтің атына төмен пайызбен несие рәсімдеуге кірісіп кеттік. Біздің құжаттарымыз комиссияда қаралып, қаржы қолымызға алты ай мерзім өткен соң тиді, – дейді ол.

Кәсіпкер бірінші кезекте Алматы қаласынан өзіне қажетті құрал-жабдықтарды алу үшін фирмаға тапсырыс беріп, заманауи тігін аппараттарын алдырады. Жанаттың тігін тігуде аса үлкен тәжірибесі болмаса да әжесі мен анасынан үйренгенінен өз бетінше қыз жасауын тігіп, сұранысқа ие өнім шығарумен айналысып кетеді. Сонымен бірге шеберлігін арттыру мақсатында кәсіби мамандардан дәріс алып, білімін жетілдірді. Осы мақсатпен Меркі ауданында тұратын ісмер Фатима апайдан арнайы сабақ алып, шеберлігін шыңдай түседі. Сөйтіп білімін тәжірибемен ұштастырып, аз уақыттың ішінде кәсібін бастап кетеді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсібін бастаған Жанат өткен сегіз-тоғыз айда төрт қыз-келіншекті жұмысқа қабылдап, тапсырыс алып, қызу жұмысқа кірісіп кеткен.

«Ауыл аманатының» кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген адамға берер жеңілдігі көп. Әкімдік өкілдері түсіндіргендей, бұл жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, өзін-өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасау, ауылдық жерде жаңа жұмыс орындарын ашу. Өзім осы жобаға қатысқанда байқағаным, бір отбасының ғана емес, бірнеше ауыл тұрғынының әлеуметтік жағдайы жақсарып, табысы артты», – дейді Жанат.

Кәсіп иесінің айтуынша, мұндай қолдау ауылда кәсіп бастаймын деген азаматтарға үлкен серпін берері анық. Сондай-ақ «Ең бастысы, кәсіп бастарда қорықпау керек. Алдыңа мақсат қойып, ниетпен бастасаң, үйренуге де, нәтижеге жетуге де болады», – дейді кәсіпкер.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар