Республикалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бүгінгі саланың даму бағытына тоқталды. Оның айтуынша, қазір Агроэкономиканы дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп жатыр екен. Құжат ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден бастап оны терең өңдеуге, сақтауға, логистикаға және экспортқа шығуға дейінгі толыққанды қосылған құн тізбегін құруға бағытталған.
Негізгі басымдықтарға өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіптік кластерлер мен агрохабтар қалыптастыру, сондай-ақ өндіріс пен өткізу нарықтары арасындағы байланыстарды нығайту жатады. Мұндай терең модернизация оны тұрақты, өнімді әрі бәсекеге қабілетті ету үшін бүкіл аграрлық секторды жүйелі түрде жаңартуды көздейді. Үкімет бұл бағытпен тығыз байланыста мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Ол мал басын арттыруға ғана емес, өнімділікті ұлғайтуға, сондай-ақ саланың экспорттық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретін сапалы өңдеуді жақсартуға бағытталған.
– Барлық жаңа бастама қол жеткізілген нәтижелерге негізделеді – соңғы жылдары аграрлық сектор тұрақты өсім көрсетіп келеді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі қатарынан екінші жыл өсуде. 2025 жылы ол 5,9 пайызға артып, 9,8 триллион теңгеге жетті, ал бір жыл бұрын өсім 13,6 пайыз болып, көлемі 8,3 триллион теңгені құраған еді. Бұл өсім өсімдік шаруашылығы өндірісінің 7,8 пайызға және мал шаруашылығының 3,3 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Мұндай қарқынды өсім көп жағдайда бұрынсоңды болмаған көлемдегі жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында мүмкін болды. 2025 жылы АӨК-і қолдауға 1 триллион теңгеге дейін қаржы бағытталды, бұл 2021 жылғы деңгейден 10 есе жоғары. Соның нәтижесінде шамамен 8,5 миллион гектар егіс алқабы мемлекеттік қолдаумен қамтылды. Мемлекет басшысының 2025 жылғы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, биыл жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 1,5 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қаржының тиімділігін арттыру үшін субсидияларды толық бақылау мен цифрландыру жүйесі енгізілуде. Бұл жалған көрсеткіштерді болдырмауға және қаражаттың шаруаларға нақты жетуіне кепілдік беруге мүмкіндік береді, – дейді министр.
Сондай-ақ Президенттің ауыл шаруашылығы техника паркін жыл сайын 8-10 пайызға жаңарту жөніндегі тапсырмасы – шаруашылықтарды технологиялық қайта жарақтандыруға және заманауи машиналарды пайдалану есебінен шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Аталған жоспарларды жүзеге асыру үшін жануарлардың барлық түрінен асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6 пайызбен ұзақмерзімді жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылады. Сондай-ақ шаруашылықтардың айналым қаражатын қызмет түрлеріне шектеусіз толықтыру үшін жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жұмысын бастайды.
Жер мәселесіне ерекше назар аударылуда: еркін жайылымдардың әлеуетін тиімді пайдалану үшін шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту үшін 6 пайызбен бірыңғай несиелік өнім іске қосылады. Бұл құрал жерді суарудан бастап, жылжымалы вагондар мен басқа да қажетті шығындарды сатып алуға дейінгі инфрақұрылымды қаржыландыруға көмектеседі. Министрлік өкілдерінің сөзінше, ауыл тұрғындарына қаржы ресурстары қолжетімді бола түсуі үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды белсенді түрде тарту жоспарланып отыр. Осы ретте барлық несиелеу бағдарламалары өсімдік шаруашылығында сәтті қолданылып жүрген тәжірибе негізінде «Даму» институтынан кепілдік жүйесі түрінде қолдау таппақ. Шаруалар өздерінің кепілдікке қоятын мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда несие сомасының 85 пайызына дейін мемлекеттік кепілдік ала алады. Бұл шешім ауылдық жерлердегі мүлкі бұрын банктер тарапынан өтімді кепіл ретінде қабылданбаған шаруашылықтардың ресурстарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Қаржылық қолдаумен қатар ғылыми-тәжірибелік міндеттер де қатар шешімін тауып жатыр. Мысалы, қазіргі уақытта ірі қара малды эмбриондық жолмен көбейтуге арналған мамандандырылған зертхана ашу мәселесі пысықталып жатыр. Кешенді тәсіл ілеспе салаларды да қамтиды: шаруалар жүн мен тері өткізе алатын сервистікдайындау орталықтарының жұмыс істеуі үшін қажет жағдайлар жасалып жатыр. Бұл мақсаттарға айналым капиталына жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен қаражат бөлінеді. Сонымен қатар шикізатты зауыттарға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін қойма және көлік логистикасы мәселелері де шешіледі. Техникалық жарақтандырумен қатар салаға жаңа кадрларды тарту және мал шаруашылығында еңбек ететіндер үшін лайықты әлеуметтік жағдайлар жасау шаралары да қарастырылған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ірі қара мал басын 12 миллионға, ұсақ мал басын 28 миллионға дейін жеткізу, сондай-ақ ет экспорты көлемін екі есеге арттыру күтіледі. Экспорттық әлеуетті кеңейту аясында негізгі бағыттардың бірі өнімді «Halal» жүйесі бойынша сертификаттау болмақ. Бұл Қазақстанның Парсы шығанағы елдері мен басқа да мұсылман мемлекеттеріндегі премиум нарықтардағы позициясын нығайту үшін қажет.
Қаржыландыруды арттыру бойынша жүйелі жұмыс 2024 жылы министрлік мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қараған кезде басталды. Техника лизингі, маусымдық жұмыстарды қаржыландыру, өңдеу және мал шаруашылығы кәсіпорындарына көмек жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен қолжетімді болды. Бұл тәжірибе жалғасады және қазірдің өзінде өз жемісін беруде: соңғы екі жылда елде 50 миллион тоннадан астам рекордтық астық жиналды. Басқа бағыттар бойынша да жоғары нәтижелер тіркелді: 1 миллион тоннадан астам бұршақ дақылдары жиналды, ал майлы дақылдардың өнімділігі бір жыл бұрынғы 3,3 миллион тоннаға қарағанда 4,8 миллион тоннаға дейін өсті. Бұған мемлекеттің уақтылы көмегі, соның ішінде 2024 жылдың қазан айында егісті ерте қаржыландыру бағдарламасын іске қосу, сондайақ заманауи агротехнологияларды жаппай енгізу көмектесті.
Бүгінгі таңда алынған өнім елдің ішкі қажеттіліктерін толығымен қамтып қана қоймай, экспорттың белсенді өсуіне жағдай жасауда. Елімізде бүгінгі таңда берік шикізаттық базасы және астық өндіруде айқын артық қоры бар, бұл шикізатты сол күйінде экспорттаудан оны терең өңдеуге көшуге толық мүмкіндік береді. Елде 183 миллион гектар жайылым мен 27,2 миллион гектар егістік алқапты қоса алғанда, орасан зор жер ресурстары бар.
Қазіргі уақытта Қазақстан 70-тен астам елге ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізеді, олар әлем бойынша жетекші орынға ие. Мысалы, ұн экспорты бойынша әлемде екінші, күнбағыс майы бойынша сегізінші және дәнді дақылдар бойынша оныншы орында тұр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




