«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отбасылық-тұрмыстық жанжал: қылмыс саны 50 пайызға төмендеген

Отбасылық-тұрмыстық жанжал: қылмыс саны 50 пайызға төмендеген
Автор
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – егемен еліміздің мызғымас ұстанымы. Мәселен, біздің елде кейінгі жылдары әйелдер мен балалардың құқығын қорғаудың озық заңнамалары мен тиімді жүйесі қалыптасып үлгерді. Әрине, бұл – мемлекет тарапынан іске асып жатқан нақты шаралардың нәтижесі. Шын мәнінде, отбасылық-тұрмыстық зорлықзомбылық фактілерін болдырмауда барша қоғам мүшелері күш біріктіруі тиіс. Қасиетті жұма күні Баласағұн орталық концерт залында ұйымдастырылған «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форумның мақсаты да осыған саяды. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен ісшараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, депутаттар, ата-аналар, оқушылар және полицейлер мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.

Жиын барысында қоғам ізгілігінің өлшемі, өркениеттің нышаны – қамқорлық пен құрметтен бастау алатыны жөнінде кеңінен сөз болды. Өкінішке қарай, сіз бен біз өмір сүретін бүгінгі дәуірде әлімжеттіктің тақсыретін тартып келе жатқандар жетіп артылады. «Өз үйіңнен жау шықса, қашатын жер табылмас» дегендей, тағдырдың азабын өзгелерден емес, өз жақыныңнан көруден асқан қасірет жоқ-ау, сірә. Форумның ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сондай-ақ аймақ басшысы көпшілікке Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Облыс әкімінің айтуынша, аймақта «дағдарысты» және «аса күрделі» санатқа жататын отбасылар саны 92 мыңға жетіп отыр. Демек, аталған деректер бізге әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдірудің маңыздылығын нақты көрсетеді.

– Бүгінгі кезде су – қарапайым жиын немесе формалды іс-шара емес. Ол қоғамымыздың іргетасына тікелей әсер ететін, мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен балаларымыздың болашағына қатысты аса маңызды мәселе жөніндегі пікір алаңы. Отбасы – мемлекетіміздің басты әлеуметтік институты. Мемлекет басшысы атап өткендей, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басымдығы. Зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» ұраны тек сөзде ғана емес, нақты іс-қимылда көрініс табуы тиіс. Бұл ұстаным – барлық мемлекеттік органдарға, құқық қорғау құрылымдарына және азаматтық қоғамға бағдар болып табылады. Біздің өңірімізде бұл бағытта нақты істер атқарылуда. Өткен жылы облыстық полиция департаментінде отбасылық‑тұрмыстық зорлық‑зомбылықпен күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылды. Сонымен қатар өңірде отбасыларды қолдау орталықтары мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары жұмыстарын атқарады. Мұнда зорлық көрген әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетіліп, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау берілуі тиіс. Өздеріңізге белгілі, Президент бастамасымен тұрмыстық зорлық‑зомбылықты криминализациялайтын заң қабылданып, зорлық көрсеткендер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл – қоғамдағы зорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған т арихи маңызды қадам. Қазіргі таңда облыста 338 900 отбасы бар. Оның ішінде көпбалалы, төрт және одан да көп баласы бар отбасы саны – 48 мың. Бұл – біздің қоғамдағы отбасылық дәстүрдің күшін және көпбалалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың қажеттілігін көрсететін маңызды көрсеткіш, – деген Ербол Шырақпайұлы өңірімізде көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Мүтәлі Әбутәліп сөз алып, заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары құзырлы мекемелерге жиі жүгіне бастағанын атап өтті.

«Ең бастысы, зәбір көргендер мемлекет тарапынан лайықты қолдауды сезініп, өз құқықтарын қорғаудың нақты тетігін қолдана бастады», – деді М. Әбутәліп.

Ал Ішкі істер министрлігіне бағынысты әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тұрмыстық зорлықзомбылыққа қарсы күрестегі ішкі істер органдарының рөлі мен қабылданып жатқан нақты шаралар жөнінде ақпарат берді. Сөзінше, профилактикалық есепке алу және дағдарыс орталықтарымен бірлескен жұмысты күшейтудің маңызы зор.

– Қазақ: «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді. Бұл сөздің мағынасы терең. Қоғамның бесігі – отбасы. Әр шаңырақта тыныштық болмай, қоғамда маза болмайды. Әрине, алдымен бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне қатаң талап керек. Бұл мәселе бойынша мемлекет аз шара жасап жатқан жоқ. 2019-2025 жылдар аралығында Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрмыстық салада құқық бұзушыларға қатысты жазаны бірнеше рет қатаңдаттық. 2023 жылдың 1 шілдесінен бері полиция жәбірленушінің арызынсыз құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша іс қозғайды, қазір сотта татуласуға бір-ақ рет мүмкіндік бар. Сондайақ сот шешімімен берілетін жазалардың санкциясы 5 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұзартылды. 2024 жылы ұрып соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілерін қылмыстандырдық. Сонымен қатар тек жазаны қатаңдатып қоймай агрессорларды қайта тәрбиелеу, яғни олардың мінезқұлқын мәжбүрлі түрде түзету нормаларын да заңнамалық түрде реттедік. Нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрмыстық жанжалдар бойынша полицияға келіп түсетін шағымдар мен қоңыраулардың саны 17 пайызға азайды. Сондай-ақ осы салада жасалған аса ауыр қылмыстар саны 11 пайызға төмендеді, – деді генералмайор Мұрат Талапұлы.

Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ ол басты назар – алдын алу шараларына бағытталғанын, жүйелі түрде жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы айында облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстардың саны 50 пайызға төмендегенін мәлімдеді. Сондай-ақ форумда «Intellect7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғам бірле стігінің президенті Маржан Еликулова «Шайқалмаған шаңырақ» бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама заман үрдісіне сай ұлттық құндылықтар аясында тұрақты, институционалды жетік отбасының моделін қалыптастыруға бағытталған.

Мұнан соң Тараз қалалық Отбасын қолдау орталығының басшысы Эльмира МырзаҒали өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және әлеуметтік сүйемелдеу жүйесінің тиімді тетіктері туралы баяндады. Іс-шарада театр әртістерімен сахналанған әлеуметтік қойылым қатысушыларға ерекше әс ер қа лдырды. Жиын соңында қатысушылар отбасындағы зорлықзомбылыққа қарсы әрекет ету шараларын күшейтуде тәжірибе алмасуды тоқтатпай, бірлесе жұмыс істей беруге дайын екенін білдірді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар