«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеңімпаз оқушылар білім додасына дайындалуда

Жеңімпаз оқушылар білім додасына дайындалуда
Автор
Қай істе де бәсекелестік адамды шыңдайды, жұмысты жандандырады. Жасөспірімдердің білім алуында да түрлі байқаулар мен жарыстар оларды өз қатарластарымен сынға сала отырып, үйренуге, оқуға ынталандырады. Сондай доданың бірі – 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада. Осы олимпиаданың республикалық кезеңі алдағы наурыз айының 13-інде басталады. Бір жарым айға жалғасатын айтулы білім бәйгесіне облысымыздың үздік оқушыларын дайындау мақсатында «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығында оқу-жаттығу жүргізілуде. Оған қаңтар айында жалпы білім беретін 9-11-сынып оқушыларына арналған пән олиимпиадасының облыстық кезеңінен үздік болып шыққан жеңімпаздар қатысуда. Білімдарлығымен жеңімпаз атанған оқушылардың дайындық барысымен танысып, олардың ой-пікірлерін тыңдау үшін облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов орталыққа арнайы барды.

Аталған олимпиаданың облыстық кезеңіне өңіріміздің 708 оқушысы қатысқан болатын. Нәтижесінде 66 оқушы іріктеліп, алтын медальға, І орынға ие болған еді. Бұл үздіктер Жамбыл облысының құрама командасы болып есептеледі. Солардың ішінде 53-і бүгінде «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығында оқужаттығуда арнайы шақырылған жаттықтырушымұғалімдерден дәріс алып, үлкен додаға дайындалып жатыр.

– Бұл орталықта оқушыларымыз 10 күн бойы таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 18.30-ға дейін сабақ оқиды. Қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, химия, құқық негіздері, Қазақстан тарихы секілді әр пән бойынша бөлінген аудиторияларда оқушылар тек сол пәннен ғана білімдерін шыңдайды. Арнайы шақырылған жаттықтырушылар негізінен жастар, бірақ олар өз саласында тәжірибелі мамандар. Себебі, олар 6-7-сыныптан бастап түрлі деңгейдегі пән олимпиадаларына қатысып, әбден шыңдалған, жеңімпаз болған, республиканың құрама командасына кірген және сол жерде халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен үздіктер. Осындай нәтижелеріне қарап, біз республикалық олимпиадаға оқушыларымызды дайындауға арнайы шақырттық. Ал оқу-жаттығу жұмысы облыс әкімінің қолдауымен, облыстық білім басқармасының қаржыландыруымен жүзеге асырылып отыр. Қазір балаларымыз дайындалып жатқан республикалық пән олимпиадасы наурыз айының 13-інен бастап, сәуірдің 27-сіне дейін жалғасады. Олимпиада 16 пәннен еліміздің 6 қаласында өтеді. Соған қатысатын озат оқушыларымызды жекелеген пәндер бойынша үздік жаттықтырушылардың дәрістерімен дайындау жұмыстарын үйлестіріп отырған – облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы. Бұл орталықтың негізгі қызметі – облыстағы дарынды балаларды анықтау, қолдау және ары қарай дамыту, – дейді орталық директоры Майра Есеналиева.

– Бүгінге дейін де ре спубликалық, халықаралық олимпиадалардан қатысушы оқушыларымыз құр қол келген емес. Әсіресе химия пәнінен қатысқан балаларымыздың жеңісі басым. Жамбыл өңірі әуелден химия өндірісімен шұғылданып келеді. Бұрын облысымыздың футбол командасының «Химик» деп аталуы, Тараз қаласында Химик поселкесінің болуы бекер емес. Осыдан-ақ химия – біздің өңір өндірісінің өзегі екені белгілі. Сондықтан химия пәнінің жүлдесін ешкімге бермеуге тиіспіз. Облысымыздың білім деңгейін республикада танытатын үлкен сынаққа қатысқалы отырған оқушыларымызға сәттілік, жеңіс тілеп, барша жамбылдықтардың атынан үлкен сенім артамыз. Оларды олимпиадаға дайындап, күнделікті азаннан кешке дейін сабақ өтіп, білімі мен тәжірибесін оқушыларымызға беріп жүрген жаттықтырушы ұстаздарға да зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Осы мұғалімдердің, жалпы облыс педагогтерінің ұзақ жылғы еңбектерінің жемісін көрсететін олимпиадада оқушыларымыз ешкімге есе бермейді деген сенім зор, – деді Серік Жақсылықұлы оқушылармен кездесу барысында.

Құқық негіздері пәні бойынша олимпиадаға қатысушы оқушыларды дайындап жүрген жаттықтырушы Ерлан Наурызбаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен шақырылған.

– Оқытушылық қызметте 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеймін. Қазіргі оқужаттығу барысында балалардың деңгейі жоғары екенін байқап, қуандым. Білімге құштар жастарға осындай қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығына рақмет айтқым келеді. Осы оқужаттығуда да сабақ кестесі, тамақтану уақыты стандартқа сәйкес ұйымдастырылған, таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 18.30-ға дейін тек сабақ оқимыз, арасында 6 мезгіл тамақтану кезінде ғана балалар тынығады. Осындай жұмыс үрдісін университеттерге де енгізсе, нағыз білімді, сапалы мамандар шығар еді деп ойлаймын. Ал бүгінгі оқу-жаттығуға қатысушы балалар бұған дейін де олимпиадаларға қатысқандықтарын эссе жазу барысында анық байқатып отыр. Сабақ барысында Конституция және әлеуметтік тақырыптарды талдаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді» деп жастарға сенім артып, жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруде педагогтер қауымына барынша қолдау көрсетіле беретінін айтты. Сондай қолдаудың бірін біз осы оқу-жаттығудан да көріп отырмыз, – деді Ерлан Наурызбаев.

Заман талабына лайық білім мен тәрбие алуына бар жағдайды жасап отырған еліне ризашылықтарын білдірген оқушылар көптің сенімін ақтауда еңбектенуден аянбайтындарын жеткізді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар