«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Табиғат байлығын игеру – энергия тиімділігін арттыруға серпін береді

Табиғат байлығын игеру – энергия тиімділігін арттыруға серпін береді
Автор
Бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен әлем елдерінің дені «Жасыл экономика» саясатын жүзеге асыруға айрықша басымдық беріп отыр. Бұл бағытта біздің мемлекетіміздің де арнайы тұжырымдамаға негізделген жоспарлары бар. Энергия ресурстарын үнемді пайдалану – ел дамуының стратегиялық басым бағыттарының бірі. Электр энергетикасы саласында энергия тиімділігін арттыруда қосалқы электр стансаларының рөлі ерекше. Олар электр энергиясын тасымалдау мен тарату барысында болатын шығындарды азайтып, тұтынушыларды сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының ХІІ саммитінде бүгінде энергетика мәселесіне баса мән беру керек екенін айрықша атап өткен еді.

«Бұл – экономикамыздың тірегі, стратегиялық әріптестігіміздің негізі. Бүгінде біз ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудамыз. Энергия тасымалдаудың қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдарын қарастырып жатырмыз. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия дәлізі – осы саладағы жемісті ынтымақтастық үлгісі. Сонымен бірге жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн энергиясына айрықша назар аудару қажет деген ойдамыз. Осыған орай, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынамыз. Дегенмен мұнай мен газды, уранды, көмірді, сирек кездесетін минералдарды игеру және оларды тиімді пайдалану Қазақстанның энергетикалық стратегиясының негізі болып қала береді», – деді Президент.

Қазақстан энергетикалық ресурстарға бай ел болғанымен, энергияны тиімді пайдалану мәселесі стратегиялық маңызға ие. Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық экологиялық тұрақтылыққа, төмен көміртекті экономикаға және энергия үнемдеуге баса назар аударып отыр. Біздің мемлекетіміз де бұл үрдістен тыс қалмай, энергия тиімділігі саясатын дамытуды және оны барлық салаға енгізуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастыруда. «Жасыл экономика» терминімен тығыз байланыстағы энергия тиімділігі ұғымының да мәні тереңде. Энергия тиімділігі – бұл экономиканың барлық секторында ресурстарды оңтайлы пайдалану арқылы энергия тұтынуды азайту және шығындарды қысқарту.

Елімізде 2023 жылы қабылданған «Жасыл экономика» тұжырымдамасы және 2050 жылға дейінгі стратегиясы елдің энергия тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шараларды қамтиды. Бұл саясат индустрия, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, көлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға тиесілі. Соңғы жылдары ел аумағында энергия үнемдеуге қатысты бірқатар бастамалар жүзеге асырылды. Мысалы, өндірістік кәсіпорындарда жаңа технологияларды енгізу арқылы энергия шығынын 30 пайызға дейін азайту көзделуде. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық секторында энергиялық тиімді ғимараттарды салу және жылу оқшаулау жүйесін жақсарту жұмыстары жүргізілуде.

«Ақылды» жарықтандыру жүйелерін енгізу нәтижесінде көшелер мен ғимараттардағы электр энергиясының шығыны 40 пайызға дейін қысқартылды. Үкіметтің 2025 жылға дейінгі энергия үнемдеу стратегиясы аясында бірнеше маңызды бастамалар қолға алынған. Біріншіден, заңнамалық база жетілдірілуде. Энергия тиімділігін реттейтін жаңа стандарттар мен талаптар бекітіліп, кәсіпорындар мен тұрғын үйлер үшін энергия тұтыну көрсеткіштері қайта қаралуда.

2027 жылға қарай барлық мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындарда энергия менеджменті жүйесін енгізу міндеттелмек.

Екіншіден, электр желілерінің тозуын азайту және шығындарды төмендету үшін заманауи цифрлық технологиялар енгізілуде. 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын автоматтандырылған бақылау және есепке алу жүйелерінің үлесі 80 пайызға жетуі тиіс. Бұл шаралар энергияны ысырап етуді азайтып, тұтынушыларға шығындарын оңтайландыруға көмектеседі. Технологиясы озық елдерде электр қуатымен жүретін көліктердің сан түрі нарыққа еніп жатыр. Бұл әлем елдерінің энергия тиімділігі саясатына көлік секторы арқылы да үлес қосып отырғанын көрсетеді. Электр қуатымен жүретін қоғамдық көліктер саны артып, жанармаймен жүретін көліктердің орнына экологиялық таза көлік түрлерін пайдалану үрдісі күшейіп келеді. Сондай-ақ «Жасыл энергетиканы» дамыту аясында күн және жел электр стансаларының қуатын арттыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда елімізде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 4 пайыздан асса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайызға жеткізу жоспарланған.

Болашақта энергия тиімділігі саясатының негізгі басымдықтары ретінде өнеркәсіпте заманауи технологияларды қолдану, мемлекеттік және жекеменшік сектордың серіктестігін нығайту, халықаралық тәжірибені енгізу және экологиялық стандарттарды жетілдіру қарастырылып отыр. Бұған қоса, халық арасында энергия үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән берілмек. Энергия тиімділігі – экономикалық тұрақтылық пен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы. Қазақстан бұл бағытта жүйелі реформалар жүргізу арқылы тұрақты дамуға қол жеткізуді көздейді. Бұл өзгерістер ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін таза әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта энергия үнемдеу жүйесінде 2 негізгі бағыт жұмыс істейді, бұл Мемлекеттік энергетикалық тізілім және энергия тиімділігі картасы.

Бүгінде мемлекеттік энергетикалық тізілімге 20 мыңнан астам ұйым кіреді. Тізілім аясында шамамен 1500 субъект энергоаудит жүргізіп, іс-шаралар енгізді. Энергия тиімділігі картасы аясында 149 жоба іске асырылуда. Энергия үнемдеу саласына инвестициялар тарту үшін көшені жарықтандыру жағдайы бойынша деректер базасы дайындалды, энергия тиімді жабдықтарды отандық өндірушілерінің тізілімі, сондай-ақ энергия сервистік компаниялардың тізілімі қалыптастырылды. Қорыта айтқанда, Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы – ел дамуының болашақ бағытын айқындайтын стратегиялық маңызы зор бағдарлама. Бұл құжат тек экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жоспар ғана емес, сонымен қатар экономиканың жаңа моделіне көшуге жол ашатын ауқымды трансформациялық бастама болып саналады.

«Жасыл экономика» принциптерін жүйелі түрде іске асыру Қазақстанға табиғи ре сурстарды ұқыпты пайдаланып, энергия тиімділігін арттырып, қоршаған ортаға келетін зиянды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұл – бүгінгі және келешек ұрпақтың өмір сапасын жақсартудың негізгі шарты. Болашақта елдің энергетикалық жүйесі түбегейлі жаңарып, баламалы энергия көздері негізгі рөл атқара бастайды. Күн мен жел энергетикасының дамуы елімізді аймақтағы экологиялық тұрғыдан таза энергия өндірудің жетекші орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергия тиімділігі артып, өндіріс орындары заманауи, қоршаған ортаға зиянсыз технологияларға көшу проце сін жеделдетеді. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, өндірістік шығындарды азайтуға да ықпал етеді.

 

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Ұқсас жаңалықтар