Адамның басты қаруы – «ақылпарасат, көркем мінез». Ақыл өз табиғаты жағынан жақсылыққа да, жамандыққа да жетелейді. Себебі адам барлық жақсылық пен жамандыққа да ақылдың өлшемімен келген.
Абай отыз сегізінші сөзінде Алла: «...Адам баласын құрт, құс өзге хайуанаттар сипатында жаратпай, бұл гузәл сипатты беріп, екі аяққа бастырып, басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп иісін алып, ләзаттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстіне тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көзді нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік беріп, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойы, біреуі ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратты», – дейді.
Адам болмысының Жаратушыдан берілген көркем табиғатын алдыңғы орынға шығара отырып, оған өң беріп отырған ақыл мен көркем мінез қуатына ерекше мән берген. Ақыл – бұл адамның негізгі қаруы. Осы ақыл тіршілік иесі ішінде тек Адамға ғана тән. Абай: «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі», – дейді.
Өлшеулі ақылмен шексіз әлемді танып, білуге болмайды. Адам өзге тіршілік иесімен салыстырғанда қанша жерден ақылға ие болып отырса да қатыгездігі, жауыздығы хайуаннан да асып түсетін жағын жетік білген. Бұл өмірде өзіңе сен деп отырғаны сол. Адамды кез келген жерден еңбегі мен ақылы ғана алып шыққан. Өзіне сенетін, өзінің болмысын жан-жақты жетілдірген адам өте сирек. Тобырдың ортасынан топты жарып шығатын өзіне ғана үміт артқан адамның болмысы. Қазақтың мақал-мәтелдерінде үмітіңді үзбе, үмітті болашақтан күту, Құдайға үміт арту осындай үмітке қатысты көптеген ойлар айтылған. Адамның өзге біреуге сенім мен үміт артуы толастамаған.
Мысалы, баланың әкеге үміт артуы немесе әкенің балаға үміт артуы, мемлекеттен алатын жәрдемақыға, өкімет үй береді деп үміттенуге, өкіметтен алатын жалақыға үміт арту секілді тағы да басқалар. Абай ешкімге үміт артпай, бәрін өз еңбегіңмен, ақылыңмен ешкімге тәуелді болмай өзіңді-өзің толықтырып өмір сүруге шақырған. Сонда адам болмысында үміт өсіретін емес, өшіретін құбылыс болып тұр. Адам өз болмысындағы осы үмітті өз қолымен тұншықтырып, түптамырымен біржола сыртқа лақтырып жіберу керек. Үмітті ешкімге артпаған адам өзіне ғана сенетін болады. Адамның күйзеліске түсуі осы үмітпен бір шеті жалғасып жатыр. Адамның өзге біреуге үміт артып, оның арты қайғыға ұрындырып, неше түрлі ауруға шалдығуының бір себебі осында. Адам еш уақытта ешкімге үміт артпауы керек. Қоғамда барлық адам өзін-өзі толықтырып, адамша өмір сүретін болса, қоғамда қылмыс та болмас еді. Қылмыс қоғамда халықтың әлеуметтік жағдайы қатты төмендегенде, жоғарғы деңгейде көрініс тапқан.
Адамның әлеуметтік жағдайының төмен болуы өзін игере алмаған, жетілдіре алмаған адамда ғана болады. Абай былай дейді: «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің иесі сән, Тереңге бет қоймаса?!» Адам өз іскерлігі мен қабілетін заманға қарай шыңдай алмаса, одан қиын нәрсе жоқ. Адам өзін өзгеріп жатқан әлемге жылдам бейімдей білуі керек. Бұл қашаннан келе жатқан заман талабы. Егер өзін өзгеріп жатқан әлеммен үндестіре алмаса, ұлттың да, қоғам мен мемлекеттің өмір сүруі екіталай. Тарих өтінде көшпелілердің отырықшы елді жаулауы, мықты мемлекеттің әлсіз елдерді жаулауы, мықты мен мықты емес мемлекет арасындағы теке- тірестен әлсіз мемлекеттердің тәуелсіздігін кеш алуы күні кешегіге шейін өз көрінісін берді.
Адамзат өмірінде бұл толастамайтын құбылыс. Оны ешкім жоққа шығара алмас. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Осы өмірде адам өз өмірін мағыналы, мәнді өткізуге күш жұмсауы керек. Ол әр адамның өз қолында. Жұмырбасты пендеге діннің сөзімен айтқанда жұмақ жерде тұру нәсіп етілмеген. Асан қайғы секілді ойшылдардың жұмыр жердің үстінен жұмақ өмірді көксеуі қиял ғана болатын. Жұмыр жердің беті адам болмысының сынға түсіп, сыналатын жері болған. Себебі, адамды сын ғана түзеген. Кез келген сынға төтеп бере алған адам ғана өзінің «менін» таныта алған. Қандай ортада болмасын адам өз әмірін не жүргізген, не бағынған. Осы екі жолдың бірін ғана ұстанған. Адам тағдыры, ұлт тағдыры осы өмірде ғана тағдырдың талқысына түсіп, сын сағаттардан тәжірибе жинап, өзін дамыта алған. Сол сын сағаттарға төтеп бере алмаса жердің бетінен адам да, ұлт та жойылып отырған. Ұлт жойылуының түрлі себептері бар.
Мидиялықт ар мен ғұндардың, жоңғарлар мен қалмақтардың және сол секілді тағы басқалардың жер бетінен біржола жойылуының себебі әртүрлі. Кез келген адамға белгілі бір ұлттың өкілі, діні мен тілі, дәстүрі қанмен беріледі. Адамға өз жаратылысы бойынша, ұлты мен дінін, ата-ананы, бауырды таңдау құқығы берілмеген. Адам мамандығын, жарды, өмірлік ұстанымын өзі таңдайды. Адам таңдау еркіндігіне ие болғанда ақылға салып, ішкі үнді тыңдай алғанда дұрыс таңдау жасай алған. Таңдау жасау өмірдің адамға берген мүмкіндігі. Адам өз мүмкіндігін көп жағдайда дұрыс таңдай алмайды. Оған бірнеше себептер бар. Оны ішкі және сыртқы себептер деп екіге бөлсек болады. Ұлттың көркею жолында қан тазалығының қызметі зор болған. Қан тазалығын сақтай алмаған ел ауруға ұшырап, ақыл есі дамымай, өмірге қабілетсіз болып өз басын өзі жұтып, құриды. Осы күйді кешкендерге тарихта мидиялықтар мен ғұндар кіреді. Олар әкесі мен қызы, ағасы мен қарындасы, жақын туыс ағайындармен құда болудың арты осыған апарған. Мұндай жерден тек мүгедектер, кеміс пен кемтарлар ғана туылады.
Бұл қоғамның іріпшіруіне әкелген болатын. Абай қарасөзінде «жан құмары», «жан қуаты», «жан азығы» және де осы іспеттес философиялық сарындағы ойларын зерделегенде «жан қуаты деген қуат бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарда уақыт сыйғызбайды» деп ескертуінде ерекше себеп бар. Бұл пікірде Абайдың өзін-өзі тану жөніндегі ілімінің арғы-бергі тарихымен таныстығы байқалатындығы былай тұрсын, өз тарапынан сараптамақ болған пікірлерін кең түрде көсіле еркін жазып, оқушыларына молынан, тереңінен жеткізе алмағанына өкінетіндей сарын бар. Абай түсінігінде әділет шапағаттың шығар көзі – жүрек болғандықтан, «жақсылыққа елжіреп еритұғынмен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғынмен, әділет, нысап, ұят, рахым, мейірбаншылық дейтұғынмен нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не?» – деп, қасқайып тұрады. Сонымен, Абай танымында ақыл да, қайрат та, екеуі де жүректің ізгілікті ісіне ғана қызмет етуге борыштар Абай жүректің туын көтеріп, оған зор мән бергенде, оның адамгершілік мағынадағы тетігіне сүйеніп отырады.
ХIХ ғасырда Абай адам психологиясындағы кереғар құбылыстардың өзегін жан-жақты талдай келіп, адам өз өмірінде еңбегі мен ақылына ғана үміт артуды алдыңғы орынға шығарды. Адам өмірінде еңбек пен ақылдың ұштасқан жерінде өзін көрсете алған. Адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен әлем арасындағы қатынаста адам болмысының сантүрлі қабаты қоғамда байланысқа түскенде ашыла түскен. Әлемнің өзегі Адаммен өлшенетіндігін мықты бағамдай білді.
Адамзат баласы тіршілік ету барысында аштыққа, табиғат апатына, қырғи қабақ соғыстар мен көтерілістерді бастан кешеді. Бұл әлемде осы толастамайтын құбылысқа төтеп беретін де адам болғандықтан, оның рухани болмысы ең жоғарғы шыңға көтерілуі басты мәселе болып отыр. Абай әлемдік деңгейдегі ойшыл болуының себебі де осы жерде көрінеді.
Дина КУЛЬБАЕВА
философия ғылымдарының кандидаты, доцент.
Ұқсас жаңалықтар
Білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік!
- 5 ақпан, 2026
Жамбылдық жас ұстаздар жеңімпаз атанды
- 5 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




