«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Облыс әкімі Меркі ауданындағы күрделі жөндеуден өткен нысандарды тексерді

Облыс әкімі Меркі ауданындағы күрделі жөндеуден өткен нысандарды тексерді
Ақәділ Рысмахан
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапарымен барып, 2025 жылы күрделі жөндеуден өткен бірқатар нысанның жұмысымен танысты, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Алдымен аймақ басшысы аудандық полиция бөлімі орналасқан ғимаратты аралады. Ғимараттың жалпы ауданы – 620 шаршы метр. «Фортис контрекшен» ЖШС мердігерлігімен жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталып, 2025 жылдың қазанына дейін жалғасты. Жобаның құны – 444,3 млн теңге.

Облыс әкімі құқықбұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтау басты назарда болуы тиіс екенін атап өтіп, полиция бөлімінің ұжымына жауапты қызметте сәттілік тіледі.

Бұдан кейін заманауи талаптарға сай жабдықталған аудандық мемлекеттік архив ғимаратымен танысты. Мұнда архив қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне және құжаттарды сапалы сақтауға барлық жағдай жасалған. Нысанда арнайы үш қойма қарастырылып, қауіпсіздік талаптары толықтай нормативке сәйкес қамтамасыз етілген.

– Өткен тарихымыздың алтын қазыналары мұрағатта сақтаулы. Сондықтан құжаттардың бүлінбей, ұрпақтан ұрпаққа жетуі маңызды. Облыстағы архив ғимараттарын бюджет мүмкіндігіне қарай талапқа сай келтіретін боламыз. Архив құжаттарын цифрландыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Сапар аясында аймақ басшысы 280 орындық «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының құрылысын да назарға алып, нысанды биылғы жылдың 1 наурызына дейін пайдалануға беруді міндеттеді. 

Сондай-ақ, аймақ басшысы Меркі ауданына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын жан-жақты талқылау мақсатында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өңір басшысы жаңа Ата заң жобасының мәні мен мазмұнына, негізгі бағыттарына тоқталып, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиевтің аймақ атынан Конституциялық комиссия құрамында ел тарихындағы аса маңызды миссияны абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтті.

Ербол Қарашөкеев жаңа Конституцияның адам мен ел дамуына бағытталғанын, онда адам құқықтары, қоғамдағы бірлік пен келісім, елдің тәуелсіздігі мен тұтастығы, әділеттілік, заң үстемдігі және экология мәселелері Конституция деңгейінде бекітілгеніне назар аударды.

– Халқымыздың тарихында алтын әріптермен жазылатын саяси маңызды кезеңде Жамбыл жұртшылығы берекелі бірлігін көрсетеді деп сенемін. Баршаңызды осы іске жоғары жауапкершілікпен, белсенді атсалысуға шақырамын! – деп жиынды қорытындылады облыс әкімі.

Басқосуда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Жантелиев пен ақын, жазушы, ауданның құрметті азаматы Шырын Мамасерікова Конституциялық реформа мен жаңа Ата заң жобасына қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. 

Ұқсас жаңалықтар