Трансшекаралық өзендер бассейндеріне ағынның азаюымен және өз су ресурстарының кемуіне байланысты су көздерінің сарқылуы үлкен проблемаға айналып отыр. Өйткені бұл өз кезегінде ауыз су сапасының нашарлауына әкеледі. Қазақстанның барлық өзендерінің жыл сайынғы ағыны шамамен жылына 100 километр куб деп бағаланады, ағынның жартысына жуығы іргелес мемлекеттердің аумағында қалыптасады.
Бұл өз кезегінде өңірлерде суды таратуда басты рөл атқарады. Жалпы ауданы 245 мың шаршы метр Есіл су бассейні жерүсті және жерасты сулары бойынша тапшы болып табылады. Есіл (Ишим) өзенінің негізгі су артериясы Көкшетау төбесінен солтүстікке, ал оңтүстігінде Ұлытау тауларының сілемдерінен ағатын бірқатар ірі салалары бар. Солтүстік Қазақстан облысының аумағында жерүсті су көздерінен, яғни 2426 су нысандарынан, оның ішінде Есіл өзенінен тартылатын жалпы судың шамамен 2/3 бөлігі халықты сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.
Тұтынылатын судың шамамен 1/3 бөлігі шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктерге, қалған көлемі ауыл шаруашылығы-өнеркәсіптік қажеттіліктерге пайдаланылады. Су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін өзіміздегі бар су қорын тиімді қолдануымыз қажет. Су ресурстарының сарқылуының негізгі себептері – су айдындарының органикалық қалдықтармен толып кетуі, ластанудың алдын алу бойынша пәрменді шаралардың болмауы. Сондай-ақ су айдындарының, жағалау сызықтары мен су жинау алаңдарының ластануы, кептірілген көл шұңқырларын тұрмыстық қоқыстардың стихиялық үйінділеріне айналдыру да судың сарқылуына жеткізіп отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін олардың ластануын және сарқылуын болдырмауға ықпал ететін су қорғау аймақтары мен белдеулерін айқындап белгілеу керек. Су қоймаларын жақсы күйде ұстап, оларды ұтымды пайдалана отырып, біз айтарлықтай экономикалық, моральдық-эстетикалық және басқа да артықшылықтарға ие боламыз.
Бүгінгі таңда елде тұщы су жеткілікті деуге болады. Бірақ су – табиғаттың баға жетпес сыйы, оған дұрыс және мұқият қарау керек. Қазақстанда барлық тұщы судың шамамен 85 пайызы өзендерден алынады. Қолда бар қорлардың 40 пайыздан астамын алу қарқындылығымен алған жағдайда ресурстардың табиғи түрде қалпына келуіне уақыт болмайды, яғни нәтижесінде олар таусылады. Өзендерден барлық суды алу мүмкін емес, өйткені олар бірден кебеді. Ең дұрысы 40 пайыздан асырмау қажет, бұл жағдайда өзен ресурстары табиғи түрде қалпына келеді. Ал экожүйелер жойылып кету қаупіне ұшырамайды.
Тиісінше, су жеткіліксіздігі тұщы су ресурстарының тапшылығы 40 пайыздан асқан жағдайда пайда болады. Елімізде өзен ағынына шамадан тыс жүктеме Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндерінде бар, онда тұщы су қорының 50 пайыздан астамы, ал Нұра-Сарысуда 80 пайыздан астамы алынады. Осы үш су шаруашылығы бассейні маңындағы Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Ұлытау облыстары және Шымкент қаласының халқы бүгінде су тапшылығын көріп отыр дей алмаймыз, бірақ жетіспеушілігінен келешекте зардап шегу ықтималдығы жоғары. Су тапшылығы ең алдымен суды көп мөлшерде тұтынатын экономика салаларына әсер етеді. Оларға ылғал көп қажет ететін дақылдарды өсіретін фермерлер мен шаруашылықтар жатады. Олар шілде мен тамызда суару ісінің шыңына жеткенде су тапшылығын сезінеді. Еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша, 2020-2022 жылдары ауыл шаруашылығында жалпы су шығындарының 60 пайызын құрады. Ал Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында пайдаланылатын тұрақты суару аудандарының жартысы шоғырланған.
Бұл бассейндерде (АралСырдария, Шу-Талас) ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне су қорының 90 пайыздан астамы жұмсалады. Өз кезегінде Қазақстандағы өнеркәсіп ошақтарына судың 20 пайыздан астамы жұмсалады. Ал индустриалды дамыған өңірлерге Нұра-Сарысу бассейніне кіретін Қарағанды және Ұлытау облыстары жатады. Бұл бассейн жалғыз трансшекаралық ағыны жоқ және өз ресурстарымен ең нашар қамтамасыз етілген, әрі оның ресурстарын өнеркәсіптер толығымен пайдаланады. Коммуналдық-тұрмыстық сектор су қорларының тек 4-5 пайызын ғана құрайды, бірақ соған қарамастан сумен жабдықтауда тапшылық орын алуда. Еліміздің бас қаласы Астананы алсақ, мұнда да өзен ағындарының табиғи ресурстармен қамтамасыз етілмегендігінен 1,5 миллион тұрғынды 500 мың адамға арналған су қоймасы қамтамасыз етеді.
Өз кезегінде магистралдық желінің тозу деңгейі 90 пайызға жеткен, ал оларды пайдалану мерзімі екі еседен асады. Жергілікті ресурстардағы жүктеме суды ысырап етудің салдарын арттырып отыр. Мәселе мынада, ауыл шаруашылығында суармалы егістіктерге су жеткізу кезінде алынатын жалпы көлемнің жартысы жоғалады, себебі суармалы егіншілік инфрақұрылымы тозған. Сондықтан еліміздің барлық су шаруашылығы қызметінің стратегиялық жоспары болуы тиіс. Маңғыстауда тұщыландыру қуаттарының жетіспеушілігі мәселесі бар. Өйткені халықты сумен жабдықтаудың 60 пайыздан астамы Каспий теңізі суларын тұщыландыруға байланысты іске асырылады. Егер бүкіл ел бойынша қарасақ, бүгінде бізде әлі су тапшылығы жоқ. Бірақ суға сұраныстың көптігінен жеке су шаруашылығы бассейндерінде су тапшылығы кездеседі.
Болашақта жағдай нашарлауы мүмкін, өйткені климаттың өзгеруінің әсерінен өзендердегі су мөлшері азаяды, сонымен қатар көрші елдерден су ағындарының азаюына байланысты теріс динамика орын алу қаупі бар. Әрине, аса тапшылық судың негізгі тұтынушыларына – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпке теріс әсер етеді. Бұл әлеуметтікэкономикалық даму бағдарламаларының бұзылуына әкелуі мүмкін. Судың тапшылығының ұлттық қауіпсіздікке де қауіп төндіретіні белгілі. Қазақстанның сумен қамтамасыз етілу деңгейіне көрші елдер елеулі әсер етеді. Әдетте, мемлекеттер шектеулі ресурстарды бөлу кезінде қақтығыстар мен дауларды болдырмау үшін су бөлу туралы келісім жасасады.
Дегенмен су бөлу туралы келісімдердің шарттары сақталғанымен су кешігіп келіп жатады. Соңғы уақытта көптеген елдер климаттың өзгеруіне бірге қарсы тұруға ұмтылуда, соның салдарынан өзендердің ағын режимдері өзгеруде. Нәтижесінде су тасқыны кезеңдері ертерек басталып, ұзаққа созылады, бұл су тасқынына әкеледі. 2024 жылдың көктемі мен жазында халық шаруашылығына келтірілген орасан зор шығын есімізде. Біздің көршілерімізге де су қажет, олардың өздерінің даму бағдарламалары бар, олар бізге су беруі немесе бермеуі мүмкін, демек біз тек өзімізге сенуіміз қажет.
Осыған байланысты 2023 жылдың қыркүйегінде еліміздің су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғанын білеміз. Министрлік жұмысының басым бағыты – су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін қарқынды енгізу. Сондай-ақ Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. 2028 жылға қарай жалпы құны 3,34 триллион теңге болатын 5 мыңнан астам ісшараны іске асыру жоспарлануда. Су қоймасын салу есебінен қосымша 2,5 текше метр су қорын жинау жоспарлануда. Осының арқасында трансшекаралық ағынға тәуелділік 25 пайызға азаяды деп болжануда. Бірақ кейбір сарапшылар бұл мәселені тек қысқа мерзімге шешуі мүмкін деп санайды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен немқұрайлылық бұл жоспарларды жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін.
Қабылданған шаралардың қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Қазақстан Үкіметі еліміздің су шаруашылығы үшін кадрлар даярлау бойынша белсенді қадамдар жасауда. 2024 жылғы сәуірде Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласында гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіруді және оны қажетті ресурстармен қамтамасыз етуді тапсырды. Қазақстан Үкіметі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін қайта құра отырып, еліміздің су шаруашылығы үшін кадрлар даярлау бойынша белсенді қадамдар жасады.
Аталған университеттің базасында екі жаңа оқу орны ашылды. Бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті болса, екіншісі Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті. Екі университет те жарғылық капиталына мемлекеттің толық қатысуымен коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде әрекет етеді. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті алдында еліміздің су шаруашылығы үшін білікті мамандар даярлау міндеті тұр. Бұл оқу орнының мақсаты – су ресурстары саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды ғылыми тұрғыда қамтамасыз ету және іске асыруға ғылыми қолдау көрсету, сондай-ақ кәсіби жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлері бойынша кадрлар даярлау. Университет су ресурстарын тиімді басқаруға және экологиялық тұрғыдан тұрақты шешімдер әзірлеуге қабілетті мамандарды даярлауға баса назар аударады.
Университет «Су шаруашылығы және мелиорация», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Су мен жабдықт аудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» және тағы басқа су бағытындағы білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды. Жаңа құрылған университетке студенттерді қабылдау 2024 жылдың қыркүйегінде басталды. Алғашқы жылы 2024-2025 оқу жылына 245 орындық мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы бөлінді, оның 210-ы бакалавриат, 20-сы магистратура және 15-і докторантураға арналды. Ал 2025-2026 оқу жылында арнаулы білім беру гранттарының саны біршама артты.
Қорытындылай келе, еліміздің болашағы өзіміздің қолымызда екенін тағы бір еске салғым келеді. Барлық тұрғындар су нысандарына үлкен жауапкершілік танытып, суды үнемді пайдалану арқылы су ресурстарын сақтауға ықпал етуі керек, сонда ғана біз табиғатымызды сақтай аламыз. Өйткені су – табиғаттың баға жетпес сыйы, оны дұрыс және тиімді пайдалану біздің ортақ міндетіміз. Халық даналығындағы «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөзінің астарында кең мағына жатыр. «Білім, ғылым ізденуге құштар жас тұлғаға бағдаршамдай бағыт бер, дұрысын нұсқа» деген мағынамен қатар, «Тіршілік көзі саналатын судың бұлқына шыққан бұлағын тазалап, ағысының кеңеюіне жол аш» деген мәнін түсінуіміз керек.
Мұхамеджан СЕКСЕНБАЙ
техника ғылымдарының кандидаты, доцент
Ұқсас жаңалықтар
Сүт пен етті көбейтуге күш салып жатыр
- 5 ақпан, 2026
Жаңа технологияларды енгізу шаруалардың жұмысын ширатады
- 2 ақпан, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




