Шынтуайтына келгенде Жамбыл облысы құлпынай өсіруден басқалардан қалыс қалып тұрмыз. Мойындаудың өзі – ерлік. Шаруалар аз-кем құлпынайды өз бақшасында егіп көруде. Алайда оның аз ғана мөлшері өнім беруде. Нарыққа шығаруға шама жетпей тұр. Базардағы құлпынайдың бәрі бізге Сарыағаштан келуде. Жамбылдық шаруалар еріншек емес. Олар қолдарынан келгенін істеп, еңбек етуде. Өңіріміздегі шағын шаруашылықтар жеміс-жидектің түртүрін егуде. Тіпті цитрустық өнімдерді егіп жатқандар бар. Қит еткен жаңа бастаманы көтермелеп жазуға құмармыз ғой! Десе де құлпынай алқабын жасауға талпынып жүргендердің зарына кім құлақ асады? Олардың ұсынысы неге қабылданбай жатыр?
Құлық бар, бірақ берекелі еңбектен құт көрмей жатқанымыз рас қой. Себебі біріншіден, күтімі оңай емес. Тек білімді, білікті нән агроном ғана оның сырын білсе керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы саласы бойынша егінмен айналысатын диқаншыларға, агрономдарға қаржылай қолдау қалай болып жатыр?
Үшіншіден, құлпынай тұқымы шет елдерден әкелінуде. Құдайға шүкір тұтынушылар бұл жемістің түріне зәру болып отырған жоқ. Десе де базардағы баға удай. Бір келісі 4 мың теңгеден жоғары. Әр облыста баға әртүрлі. Қай дүкеннен не базардан алсаңыз да баға тұрақтамай, жүгенделмей тұр. Жамбылдық саудагерлер өнімді Сарыағаштан әкелген соң солар айтқан бағамен сатуға мәжбүр. Ал сонда жамбылдық құлпынайды қашан жейміз? Қашан сатып аламыз? Өз жеріміздің, туған өлкеміздің жемісі деп қашан мақтанамыз?
Былтыр күзде Т. Рысқұлов ауданындағы Құлан агротехникалық колледжі әлеуметтік серіктестік негізінде құлпынай өсіруді бастады. Қараша айында 5 сотық жерге 6 мың түп құлпынай отырғызылыпты. Алайда сол 6 мың түптің 2 мыңы ғана өнім берген. Берекелі істің бастамашысы болып жүрген колледж директоры Олжас Мұсағұлов. Жүз жылдық тарихы бар айтулы колледж нағыз өз ісінің мамандарын дайындап шығады десек те болады. Олжас Нұрланұлы ешкімге жалтақтамайтын, өз пікірін тіке айтатын жас. Ол 1989 жылдың 20 мамырында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылында дүниеге келген. 2006 жылы орта мектепті аяқтаған соң, Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетіне оқуға түсіп, аталмыш жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітірген.
2011 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті жанындағы «International Business School» тәмамдап, экономика және бизнес магистрі дәрежесін иеленген. 2012-2016 жылдары Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, ҚР Қаржы министрлігінің «Қаржы академиясы» АҚ «Экономика» кафедрасының оқытушысы қызметін атқарған.
2016-2018 жылдары «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының сарапшысы, стратегиялық зерттеулер бөлімінің талдаушысы ретінде жұмыс істеген. 2018-2019 жылдары «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Калифорния университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен. Оның айтары бар. 2023 жылдан бері есік алдында құлпынай өсіру бойынша облыс әкіміне де, ауыл шаруашылығы басқармасына да кіріп, ұсыныс білдіріп жүр. Сондағы ұсынысы – мемлекет тарапынан өзі секілді агрономдарға, құлпынай егемін деушілерге тәжірибе жүзінде егіп көруге қаражат бөліп, жағдай жасаса дейді.
– Кішкене ғана қолдау болса дейміз. Бір жыл ғана сұрап отырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау болса Жамбыл облысы құлпынай өсіруде аяққа тұрып кетер едік. Баптауы бөлек, өзіндік қиыншылықтары бар құлпынай өсіру жұмысы – оңай емес. Былтыр күзде еккеніміздің екі мың түбі ғана өнді. Қазақстанның әр өңірінде климаты, суы, жері әр басқа. Еккен егініміз де соған сай болуы керек. Ектім бітті, өнім көп аламын, байып кетемін деген әңгіме жоқ. Бастапқыда өз қаражатың, маңдай терің кетеді. Сол үшін біздің колледжге мүмкіндік берулерін сұрап жүрмін. Биыл ғана егіп тұрғанымыз жоқ. Бұл жоғары колледж құлпынай егумен бұрыннан айналысады. Құлпынай жылына үш рет өнім береді. Жеу ең оңай шаруа, оны күтіп, баптау, халыққа ұсыну, нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету – ол бөлек дүние. Жүгірудей жүгіріп әр есікті бір қағып жүрмін. Біз үлгі ретінде егіп көрсетейік, бізге қаржы мен уақыт бөліңдер деп ұсыныс тастап жүрмін. Тәуекелге бел буа алмай тұрмыз. Жоғары жақ та, біз де. Әркім өз үйінде өз бақшасында жылыжай салып, құлпынай өсіріп отырса керемет емес пе? Мен осы мәселені көтеріп жүрмін. Әр жемісті өсірудің өзіндік технологиясы бар. Мына тұрған Сарыағаш тек шипажайымен ғана емес, түрлі көкөніс өсіретін жылыжайларымен танымал. Олар өздерімен қоса шетелді де құлпынайдың түр-түрімен қамтамасыз етуде. Мен сарыағаштық диқаншыларға да барып жолықтым. Тәжірибе алмастым. Олар бұл салада әлдеқайда алда. Олар ашық далада да, жылыжайда да өсіреді. Мемлекет жылыжай шаруашылығына көңіл бөлмей отырған жоқ. Барынша қамқорлық танытуда. «Бастау Бизнес», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы шаруалар шалқып отырмаса да, өз ісінің білгірі атануда. Дегенмен облыс тарапынан бізге қаржылай көмек болса, өнімді өсіруде бізге уақыт берілсе деген талап қойып отырмын. Әзірге ұсынысым қолдау таппай тұр. Жамбылдық бағбандар мен жер емген диқаншылар құлпынайды егіп көруде. Бірақ әлі пайдасын көріп жатыр деп айта алмаймын. Олардың мемлекеттен алған төмен пайызды несиесі көбіне ақталмай жатыр. Сол үшін де бірінші шаруаларға бір жылдай қайтарымсыз грант па, несие ме бөлу керек. Өнімнен пайда ала бастағанда ғана несиені қайтару керек деп есептеймін. Жеміс-жидек пен көкөніс ең арзан деген «Ауыл береке» базарында жемістердің бағасы күн сайын өсуде, – дейді Олжас Нұрланұлы.
Дәмді және шырынды жидекті егіп, баптап, нарыққа шығаруға ден қойған Олжас құр қарап жүрген жоқ. Өзі бизнес жоспарын дайындап, бүгешігесіне дейін есептеп, қай жылы қанша өнім алуға болатынына дейін ойластырып қойған. Тек алғашқы бір жылда құлпынайдан пайда көремін деп ойламау керек деп отыр. Құлпынайдың сорттары да көп екен. Нақтырақ айтсақ, «Черный принц», «Елизавета», «Альбион», «Кимберли», «Соната», «Кама», «Бал», «Ламбада», «Кишинев» сынды түрлері танымал екен. Осы жағдайды естіп біздер ауыл шаруашылығы басқармасына хабарластық.
– Облысымызда құлпынай өсіріп отырғандар жоқ емес, бар. Мәселен, Қордай ауданында Өмірәлі Варшакидзе деген кәсіпкер бар. Құлпынайдың «Альбион» сұрыпын егіп 5-6 тоннадай өнім алған. Жуалыда «Бақыт» деген шаруа қожалығы бар. 2021 жылдан бері 1 гектар аумаққа құлпынайдың «Черный принц» деген түрін егеді. Олар құлпынай топырақ талғамайды деп есептейді. Нарыққа жамбылдық өнім деп шыға қоймаса да жекелеген дүкендерге тасымалдайды. Иә, біздер бұл жайдан хабардармыз. Негізі бізде бір немесе екі жыл мерзім беріп күту деген жоқ. Жеңілдетілген несиені алып істі бастап кету керек. Белгіленген мерзімде несиенің төлемін жасау керек, – деген жауап берді ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі.
Құлпынайды күнделікті тұтыну көптің қалтасын көтере бермейді. Мүмкіндік болса күнделікті жесеңіз 100 грамм құлпынайда 36,9 ккал калория бар екен. Сондықтан да ол диеталық тағам. Құлпынай – дәмді жидек қана емес, тамаша десерт. Оны жеген адамның асқа деген тәбеті ашылады. Ас қорыту жүйесі жақсарады. Сол үшін құлпынай өсіру – табысты кәсіптің бірі. Әсіресе оны шоколадты құлпынай жасауға сатып алады екен.
– Үй іргесіндегі жерге жылы жай соғып, құлпынай өсіруді жамбылдықтарға көрсетіп, үйретіп берер едік. Алысқа бармай-ақ өз ауласындағы жерді тиімді пайдалану туралы айтып жүргеніме біраз болды. Сонда тұрғындарды өз құлпынайымызбен қамтамасыз етер едік. Ментор дейді ғой. Бүгінде кәсіпкерлерге де менторлар бағытбағдар береді. Қай жерде сүрінбеу керек? Қалай етсең жақсы өнім алуға болады? Осының бәріне өз тәжірибеміз арқылы жауап беріп, қарапайым халыққа іс бастауға көмектесер едік. Нарықта көбіне импорттық құлпынайлар сауда сөрелерінен табылып тұр. Жаңа технологиялар арқылы жылыжайда құлпынайды пластик пакеттерде отырғызуды көрсетер едік. Ол үшін тамшылатып суару әдісін қолдану керек. Біздің колледж осы істе алда келе жатыр. Байқайсыздар ма, құлпынайды қосалқы шаруашылықтар ғана егуде және маусымаралық кезеңдерде ғана өз өнімдерін ұсынады. Біздің ұсынып отырған жобамыз мақұлданса, бақша құлпынайының ассортименті кеңейіп, қаланы отандық өніммен қамтуды жүзеге асырар едік, – деді Олжас Нұрланұлы.
Құлпынай – табыс көзі. Оны жыл бойы өсіруге болады екен. Тек өнімді өндірудің құпиясын, әдісін білсеңіз болғаны. Құлпынайға әрқашан сұраныс жоғары. Сол үшін жер үйде тұратын азаматтар қолға күрек алып құлпынай егуге кірісеміз-ау. Шетел көрген жас агрономның ұсынысы бізді қызықтырып қойды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Сүт пен етті көбейтуге күш салып жатыр
- 5 ақпан, 2026
Жаңа технологияларды енгізу шаруалардың жұмысын ширатады
- 2 ақпан, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




