«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аяз жоқ деп арқаны кеңге салуға болмайды

Аяз жоқ деп арқаны кеңге салуға болмайды
Автор
Президент тапсырмасымен бүгінде елімізде энергетика саласын дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Бұл ретте инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңартуға және «жасыл экономиканы» жеделдете дамытуға айрықша назар аударылған. Жалпы, өңірімізде жылыту маусымы қалыпты өтіп жатыр. Десе де, бұл кезең «тосынсыйға» толы болатынын бір сәт қаперімізден шығармаған жөн. Сол себепті жылыту маусымын қалыпты өткізу үшін энергетика кешендері мен автономды қазандықтардың жай-күйіне айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте дәл осы мәселе кеңінен талқыланды.

Басқосу барысында аймақ басшысы ең әуелі қазіргі таңда елімізде ауқымды әрі жүйелі саяси өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Ол өз сөзінде саяси реформалар мен конституциялық өзгерістердің маңызына тоқталып, тұтастай ел тағдырына қатысты тарихи шешімдер қабылданатын о сындай сындарлы сәтте барша жұрт ауызбіршілік пен қоғамдық келісімнің үлгісін көрсетуі қажеттігін баса айтты.

– Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында саяси жаңғырудың басым бағыттары арқылы парламенттік реформаны іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Осы бастамалар аясында Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен құрылған жұмыс тобы шамамен жарты жыл бойы ашық талқылаулар өткізді. Талқылаулар барысында азаматтардан келіп түскен ұсыныс-пікірлер жан-жақты қаралып, кеңінен сараланды. Нәтижесінде, конституциялық комиссия барлық ұсыныстарды мұқият зерделеп, Конституцияның жаңа жобасын жұртшылық назарына ұсынды. Ұсынылып отырған Ата Заң жобасы еліміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын, әлеуметтік әділеттілік пен құқықтық теңдік сияқты іргелі құндылықтарды нығайтуға бағытталған прогрессивті құжат. Конституция жобасының мазмұнынан Президент ұсынған «Заң мен тәртіп», «Әділетті әрі таза Қазақстан» құру идеясының қоғам тарапынан кең қолдау тапқанын аңғаруға болады. Бұл өзгерістер жас ұрпаққа бағдар беріп, олардың бойында отаншылдық рухын қалыптастыруға берік негіз болмақ. Сондайақ Конституцияның жаңа жобасында дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары деңгейде қорғауға бағытталған маңызды нормалар бекітілген. Осыған орай Ата Заңның жаңа нұсқасын кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүйелі әрі белсенді түрде жүргізу аса маңызды. Біз мұндай сындарлы кезеңде сапалы экономикалық және идеологиялық өзгерістерге дайын екенімізді дәлелдеуге тиіспіз. Бастысы, Мемлекет басшысының бастамаларын қолдай отырып, ұсынылып отырған саяси реформалардың маңызы мен қажеттілігін халыққа нақты әрі сенімді түрде түсіндіру қажет, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиында күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жылыту маусымының өту барысы бойынша облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтишев баяндама жасады. Оның айтуынша, жылыту маусымының қалыпты өтуін қамтамасыз ету мақсатында облыстық және жергілікті деңгейде арнайы штабтар құрылған. Ал құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйке с, облыст а жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінгі күнге дейін жылыту маусымының 125 тәулігі өтіп, жалпы 812 мың гигакалория жылу энергиясы өндірілсе, қазіргі таңда облыс бойынша 9 жылу энергетика кешені мен 590 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеуде.

– Жылу көздерінде температуралық кестенің сақталуы күнделікті бақылауға алынған. Барлық кәсіпорындарда апаттық-диспетчерлік бөлімшелер тәулік бойы қызмет көрсетуде. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті тарапынан 39 технологиялық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде бірінші санатты – бір, екінші санатты – 38 бұзушылық бар. Бірінші санаттағы бұзушылық қызметкерлердің қате әрекеттерінен орын алғаны анықталса, қазіргі күні тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Осыған байланысты барлық отынэнергетика кешендерінің басшыларымен штаб отырыстары ұйымдастырылды. Технологиялық бұзушылықтар орын алған жағдайда 15 минут ішінде телефон арқылы хабарлау және әрбір сағат сайын жедел ақпарат ұсыну талап етіледі. Бүгінгі таңда барлық кәсіпорындарда хабарландыру схемалары бекітілген. Отын-энергетика кешендері негізгі және резервтік отын қорымен толық қамтамасыз етілген. Негізгі отын ретінде 1,2 миллиард текше метр газ, резервке 21,1 мың тонна мазут пен 485 тонна көмір қарастырылған. Халық үшін жоспарланған 134,9 мың тонна көмір толық жеткізілді. Автономды қазандықтарға арналған көмірдің басым бөлігі тасымалданды. Бұдан бөлек Қордай ауданындағы білім беру нысандарына қажетті көмірдің негізгі көлемі жеткізілсе, қалған бөлігін жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Облыс аумағында көмір сатумен айналысатын 27 мекеме жұмыс істейді. Ал теміржол тұйықтарында кезек жоқ. Отандық зауыт қаңтар-ақпан айларына жоспарланған мазут көлемін толық қамтамасыз ете алмайтынын хабарлады. Осы себепті Энергетика министрлігі тарапынан жеткізу кестесіне өзгерістер енгізіліп, мазут Павлодар қаласындағы зауыттан тасымалданатын болады. Бұл мәселе тұрақты бақылауда. Алдағы күндері ауа температурасының төмендеуі болжанып отыр. Осыған байланысты барлық аудандарда тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды толық дайындыққа келтіру, тәуліктік кезекшілікті күшейту, резервтік отын мен дизельдік генераторлармен қамтамасыз ету қажеттігі туындайды. Жылу желілерін жаңғырту бағытында бірқатар жобалар іске асырылуда. Нәтижесінде, жылу желілерінің тозу деңгейін 51,7 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр, – деді Еркін Оразұлы.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жылыту маусымы барысында технологиялық бұзушылық тіркелгеніне баса назар аударды. Айта кетейік, технологиялық бұзушылықтарды тексеру қағидаларына сәйкес, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау департаментінің басқарма өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілген еді. Нәтижесінде, орын алған кемшіліктер қызметкерлердің қате әрекеттерінен болғаны анықталған. Қазіргі таңда аталған қызметкерлер қайта даярлау курсынан өтуде.

Абырой болғанда, технологиялық бұзушылық салдарынан жылу көздеріне зақым келмеген және жылыту жүйесінің тұтынушыларға жылу беруіне айтарлықтай әсер етпеген. Өз сөзінде өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жауаптыларға жылыту маусымы әлі аяқталмағанын, оның қалыпты әрі тұрақты өтуін қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Барлық жылыту көздерінде бекітілген температуралық көрсеткіштердің қатаң сақталуын, ал отын-энергетика кешендерінің штаттық режимде үздіксіз жұмыс істеуі қажет екенін ескерткен облыс әкімі бұл жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Ал облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, сондай-ақ Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне жылыту маусымы толық аяқталғанға дейін барлық коммуналдық нысандардың штаттық режимде тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелді.

Жиын соңында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңесбек көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жай-күйі жөнінде баяндады.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар