«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Елге қызмет етудің озық үлгісі

Елге қызмет етудің озық үлгісі
Автор
Бірер апта бұрын елімізде Қарулы Күштердің инженерлік әскерлері күні аталып өтілді. Жалпы, бұл жауынгерлер түрлі тосқауылға төтеп беріп, бастарын қатерге тігеді. Қауіпті де сейілтетін – осы әскер. Олар ел тыныштығы үшін мүлтіксіз қызмет етеді. Жүктелетін міндеттері де жеңіл емес. Жүрген жолдары да тарихтың еншісіне жазылып жатыр.

Қалыптасу кезеңі

Төл әскеріміз енді құрылған шақта еліміздің аумағында әртүрлі инженерлік әскери бөлімдер бар еді. Міне, Қазақстан аумағында орналасқан осы инженерлік бөлімдер Қарулы Күштер қатарында инженерлік әскерлерінің қалыптасуына түрткі болды. Сол кезде яғни, 1993 жылы еліміздің аумағында инженерлік әскердің 12 жеке бөлімі болды. Олар КСРО Қорғаныс министрлігіне, Түркістан әскери округі штабына және 40-армия штабына бағынды. Ол шақта инженерлік әскерлердің оңтайлы құрамын анықтап, қайта құру қажет болды. Бұл құрылымдық өзгертулер тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен тұспа-тұс келді.

Осылайша егемен еліміздің Қорғаныс министрлігінің ұйымдастырушылық штатының құрылымын құрған кезде Алматыдағы 40-армияның инженерлік бөлімі базасында 1992 жылдың қарашасында Қорғаныс министрлігінің Инженерлік басқармасы құрылды. Еліміздің аумағында орналасқан штабтарда инженерлік әскердің білікті мамандары бар болатын. Сол кезде инженерлік штаб бастығы – Солтүстік-Кавказ округінен келген подполковник Ж.Нұрахметов, жедел-тыңшылық бөлімін полковник А.Рязанцев басқарды. Сондай-ақ Түркістан әскери округі штабынан полковник В.Теребов, Сирия Республикасынан полковник А.Чивилев және тағы басқа мамандар келді.

Бұдан кейін басқарманың бастығы тізгініне ие болған полковник Ж.Нұрахметов, генерал-майор М.Даиров, полковник А.Щербаков инженерлік әскер қызметінің дамуына өзіндік үлестерін қосты. Жалпы, инженерлік әскерлер еліміздің Қарулы Күштерінде ерекше орын алады. Олар әскердің барлық түрлеріндегі соғыс қимылдары кезіндегі міндеттерді: бөгеттер жасау, қорғаныс шебін құру, өтпелер жасау және оларды жөндеп қалпында ұстау, жолдар, көпірлер салу секілді тапсырмаларды орындайтын арнаулы әскер саласының мамандары. Олар өздерінің міндеттеріне қарай жалпы (саперлер) және арнаулы (понтонды көпір салушылар, инженерлік құрылыс, бүркемелеу және т.б. жұмыстарын жүргізетін бөлімдер мен бөлімшелер) болып бөлінеді. Берілген міндеттерді мотоатқыштар, зымыран әскерлері, артиллерия, танк және тағы басқа әскер түрлерімен өзара қоянқолтық араласып орындайды.

Айта кетейік, ұрыс кезінде олар инженерлік барлау жүргізеді. Басқару пункттерін жабдықтайды, миналандырылған жерден өтуге жол салады және минасыздандырады, өткелдерді ретке келтіреді, қарсыластың ядролық шабуылының зардаптарын жоюға қатысады және өзге де міндеттерді орындайды.

Арнайы маманданды

Бүгінде олар – еліміздің Құрлық әскер құрамындағы арнайы әскерлер. Әскери істер ғылымитехникалық прогреске байланысты қазіргі жағдайда арнайы әскерлердің маңызы өлшеусіз өсті.

Құрлық әскерлерінің арнайы бөлімшелері мен бөлімдері терең және жан-жақты білімді әскерлері машық-дағдыны, тәртіптілікті, шыдамдылықты, білек күшін талап ететін қазіргі заманғы техникалармен жабдықталған. Олар қазір құрлық әскерлерінің ұрыс және тіршілік әрекетін толығымен қамтамасыз етуде машықтанған мамандар. Бірде-бір әскери мәселе инженерлік қамтамасыз етусіз шешілмейді. Олар шабуылда әскерлердің жылжуын қамтамасыз етеді, жолдар салады, сулы тосқауылдан өтуді жабдықтайды, қарсыластарының бөгеттеріне өткелдер жасайды, минасыздандырады. Ал қорғаныс кезінде инженерлік әскерлер қорғаныс шептерін тұрғызып, бөгеттер жасайды.

Қазіргі таңда аталған әскерлерде 2 мыңнан астам адам қызмет етеді. Әскери мамандардың құрамы Құрлық әскерлері Әскери институтының, 10228 әскери бөлімі базасындағы саперлік бригаданың түлектерімен толығып отырады.

Міндеттерін мүлтіксіз орындады

Қазіргі бейбіт кезеңде олар түрлі техника мен жұмыс істеу дағдыларын шыңдап, қару-жарақтың жаңа түрлерін зерделейді. Ал қажет болған жағдайда табылған жауынгерлік снарядтарды жою, миналарды залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды атқарады. Мәселен, инженерлік әскердің жеке құрамы 1994 жылы ауылдарды сел басу кезінде халыққа көмек көрсеткен. Сондай-ақ олар 1997 жылы республикамыздың аумағындағы орман өртке оранғанда да олар қапы қалмады. Айта кетейік, инженерлік әскерлері жеке құрамының кәсіби даярлығы – оңтүстіктегі елді мекен іргелесіндегі аумақта өрттің және оқ-дәрілер сақтайтын қойманың жарылу салдарынан болған апатта сынға түсті. Олар аумақты жарылғыш заттардан тазартып, оны залалсыздандырып, көзін жойды. Осы тапсырманы орындағаны үшін инженерлік әскерлері жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталған.

2019-2020 жылдар аралығында инженерлік әскерлердің жеке құрамы Арыс қаласындағы өрт салдарын жою бойынша міндеттерді орындады. Саперлердің жұмысы бірінші кезекте барлық инфрақұрылым объектілерінің қалыпты жұмыс істеуіне қайтару, сондай-ақ барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейбіт халықтың өміріне қауіп төндірмеу мақсатында қаланы және елді мекендерге жақын орналасқан ұшып кеткен оқ-дәрілерден тазарту болды. Осылай ша халықтың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ал 2024 жылы олар көктемгі су тасқыны кезінде жергілікті тұрғындар мен шаруашылық жүргізуші ұйымдарға айтарлықтай көмек көрсетті. Понтонкөпір паркінің жиынтығынан Ойыл өзеніне және Есіл өзеніне паромдық өткелдер орналастырылды. Әскери инженерлердің көмегімен су басқан аудандардан үш мыңнан астам адам эвакуацияланды, бір жарым мың бірлік ауылшаруашылық техникасы жеткізілді және 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.

Атырау облысындағы елді мекендерден тасқын суды бұру мақсатында жарылыс жұмыстары жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысында елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету үшін ауыр механикаландырылған көпірді қолдана отырып, елді мекендер арасындағы жолдың қираған учаскесінде көлік қатынасы қалпына келтірілді. Сонымен қатар Ақмола облысының зардап шеккен елді мекендерін электротехникалық қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Естеріңізде болса, былтыр бұл мамандар еліміздің оңтүстік өңіріне көмекке келді.

2025 жылы Қарулы Күштердің Құрлық әскерлері инженерлік-саперлік бригадасының әскери қызметшілері Түркістан облысы Шардара қаласында халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге көмек көрсетуге кірісті. Шардара су қоймасындағы су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты өңірде өте маңызды болып саналатын сумен жабдықтау жағдайына ден қою шаралары қабылданып жатыр. Отыз екі мыңға жуық қала халқы ауыз суды бірнеше жерден алады, соның ішінде су қоймасы мен артезиан ұңғымасы да бар. Алайда биыл су қоймасындағы су көлемі жеткіліксіз болуы су тартуға арналған құрылыстардың жұмысында іркілістерге және тұрғындардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмауға әкелді. Әскери қызметшілер халықты сумен қамтамасыз етуге қабілетті уақытша су алу көздерін жасады.

Бітімгерлік миссиясына барды

2003-2008 жылдары бітімгершілік шеңберінде Ирак Республикасының коалициялық күштер құрамына «Казбат» бітімгершілік батальоны инженерлік-саперлік тобының қызметкерлері жіберілді. Бұл батальонның Ирактағы бітімгерлік миссияға қатысуы тарихи оқиға болатын. Олар тұрақтандыру күштерінің құрамында жарылмаған оқ-дәрілерді іздеп-тауып, оларды жою, ауыз сумен қамтамасыз ету пунктерін жабдықтау және басқа да тапсырмаларды орындаған. Ісшараларға барлығы 10 инженерліксаперлік жасақ жұмылдырылды.

2003 жылдың тамызынан 2008 жылдың қазанына дейін олар 4,5 миллионнан астам жарылғыш заттарды жойды, 19 километрге жуық жарылғыш емес тосқауылдар мен 617 сигналдық миналар орнатты, шамамен 7 мың текше метр су тазартылды. «Қазбат» бітімгерлері «Дельта» базасы периметрінің 9646 метрін жарылыс қаупі бар заттардан тазартты. Оның айналасына 4,5 километр жарылысқа қарсы тұрарлық тосқауыл қойды.

Сонымен қатар олар әртүрлі күштік құрылымдарға жарылғыш заттарды жоятын 570-тен астам маман және Ирактың қауіпсіздік күштері үшін 12 әскери сүзгі станциясының есептоптарын дайындады. Жалпы, Ирак Республикасында коалициялық күштер құрамында біздің елдің Қарулы Күштерінің 290 әскери қызметшісі болды. Ирактағы бітімгерлік миссия қазақстандық жауынгерлер үшін халықаралық деңгейдегі алғашқы емтихан еді. Олардың бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне қосқан үлесін шетелдік сарапшылар да жоғары бағалады. Нәтижесінде, алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін жасақтың жеке құрамы жоғары үкіметтік наградалармен марапатталды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

Ұқсас жаңалықтар