Тағылымды іс-шараға колледж студенттері мен өнерсүйер қауым қатысты. Дөңгелек үстел аясында «Күй анасы – Дина» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Адай», «Тойбастар», «Әсем қоңыр», «Науаи», «8 Март» сияқты дәстүрлі күйлер орындалды. Бұдан бөлек, жастарға күйшінің өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, белгілі өнертанушылар мен ұстаздар оның өнерінің тарихи маңызы мен мәдени құндылығы туралы ой бөлісті.
Кеш қонақтарының бірі Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің домбыра аспабы оқытушысы Төрехан Көрпебаев күйшілік дәстүрдің мәні мен маңыздылығына тоқталып, күйші өмірінен деректер келтіріп өтті.
– Ертеден бастау алып, ел мен жердің тарихынан сыр шерткен күй өнері құнды қазынамыз саналады. Ұлтымыздың үні болған домбыра қанша уақыт жасаса, күйшілік өнердің де тарихы соншалық тереңде. Осы арада өнердің абыройын асқақтата білгендердің бірі Дина Нұрпейісова болды. Дина апамыз ата-ана шаңырағында бұлаңдап өскен жас кезінің өзінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің күйін шебер орындап, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген. Ол Динаның домбыра тартысына сүйсініп, болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Осыдан кейін Динадан көз жазбай, үнемі айналып соғып, додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйретеді. Дина тоғыз жасынан бастап он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Құрманғазыдай дәулескер күйшінің ұстаз болуы Динаның ғана бақыты емес, исі қазақтың күй өнерінің бақыты болды, – деген Төрехан Амантайұлы күйшінің қызына деген сағынышынан туған жастарға арнаған «Әсем қоңыр» тарихын тарқатып, нақышына келтіріп орындап берді.
Кездесуде музыка лық білім беру кафедрасының меңгерушісі әрі «Шабыт» үйірмесінің жетекшісі Гүлзада Жұмашева мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Домбыра» кафедрасының оқытушысы Әсел Дайрабаева қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын сақтап, ұрпақтанұрпаққа жеткізудегі жұмыстардың жалғаса беруіне тілектестігін білдірді.
Бұдан соң кешке арнайы шақыртылған «Шабыт» үйірмесінің бүлдіршіндері көрермендерге арнап қазақ күйлерінен композиция орындады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




