Айта кетерлігі, аталған мектепте 2233 оқушы білім алса, 140 мұғалім оларға сапалы білім беруде. Әкелерге арналған іс-шараға 200- дей шаңырақ иесі жиналыпты. Шараны «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзұмбеков ашып, жиынның маңызына тоқталды.
«Бүгінгі жиынға сәттілік тілеймін! Әкенің қадірі жоғары болуы керек екені бесенеден белгілі. Бірақ қазір қоғамда түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Әкені сыйлайтын ұлқыз азайып барады. Менің әкемнің өмірден озғанына 13 жыл өтті. Әкем ұстаған ұстараны 13 жыл бойы пайдаланып келемін. Асқар тауымнан қалған зат мен үшін қымбат. Әр азамат әкесінің қадірін ертерек білсе екен деген тілегім бар», – деді ол.
Мұнан соң «Әке сөзі – өмірдің сабағы!» атты сахналық қойылым қойылды. Мектеп психологтарының ұйымдастыруымен белсенді әкелер екі топқа бөлініп, сайысқа түсті. «Сұңқар» тобынан спортшы әке Бағдат Әлімбеков сөз алып, бала тәрбиесіне кейде қаталдық керек екенін айтты. «Өзімнің баламды қателік жасаса нұқып, ашуланып сөйлейтінім бар. Келесі жолы ұлым ондай қателікке бармайды. Кім біледі, бұл да тәрбиенің түрі шығар. Өзімізді де әкеміз қатал мінезімен тәрбиеледі. Одан жаман болған жоқпыз», – деді ол.
Ал «Қыран» тобының жетекшісі, әскери саланың маманы Құрманәлі Исатай да сайыстың сұрақтарына жауап беріп, өз ойын білдірді. «Жаман әке болмайды. Әкенің бәрі жақсы. Тек жауапкершілігімізді жадымыздан шығармағанымыз жөн», – деп, өз ойын ортаға тастады. Әкелер арасындағы ойын қызықты әрі әсерлі өтті.
Жиын барысында мектептің биші қыздары «Рухты қыз» биін билесе, жоғары сынып оқушылары «Әкеден биік бар ма адам?» атты әнді шырқап, «Әкетайым» әнін 4-сынып оқушылары хормен орындады. Іс-шарада облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесінің ақпараттық және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ринат Нұрақбаев осынау өзекті тақырып төңірегінде толғанды.
«Әкелердің беделін көтеру дегенді көп айтамыз. Біз қай кезде әкенің биік рөлін түсіріп алдық екен. Қазір баланың 80 пайыз жұмысы ұялы телефонмен байланысты. Көршілес шет елдерде мектептің оқушылары бір тепкеннен құлату бойынша ойын ойнап, көшеде өзі әрең кетіп бара жатқан қарттарды теуіп күштерін сынап жатыр. Ондай зұлымдық пен ұятсыздықтың беті аулақ болсын. Ол үшін баланың телефонын, немен айналысып жүргенін қадағалауымыз керек», – деді ол.
Жиында Тараз қалалық полиция басқармасы Әулиеата аудандық №1 полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мақсат Мадимаров, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Дулати және өңір тарихы» орталығының ғылыми қызметкері Рахат Табаджанов, аталған университеттің жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, №64 орта мектебі ата-аналар комитетінің төрағасы Болат Тасуов өз ойларын ортаға салды.
Өз кезегінде қонақтар әкелер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Форумды аталған мектептің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Эльмира Қойлыбаева қорытындылап, тәрбиелік мәні бар мұндай жиындар алдағы уақытта да өтіп тұратынын айтты.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Байлыққа неге үрке қараймыз?
- Бүгін, 17:24
Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің
- 29 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




