«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа технологияларды енгізу шаруалардың жұмысын ширатады

Жаңа технологияларды енгізу шаруалардың жұмысын ширатады
Автор
Еліміздің ауыл шаруашылығы соңғы жылдары жаңа даму кезеңіне қадам басты. Әсіресе еліміздің ең ірі аграрлық аймақтарының бірі саналатын оңтүстік өңірлерде инновациялық энергия үнемдеуші технологияларды енгізу – өндірістің тиімділігін арттырудың негізгі жолына айналып келеді.

Экономиканың жетекші салаларының бірі асыраушы сала бүгінде инновациялық энергия үнемдеуші технологияларды қолдануды талап етуде. Энергия үнемдеуші технологиялардың енгізілуі Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облысы секілді оңтүстік өңірлерде дамыту айтарлықтай маңызға ие. Бұл бағыт ауыл шаруашылығы өнімінің өзіндік құнын төмендетіп қана қоймай, табиғи ресурстарды сақтауға, шаруалардың табысын арттыруға, сондай-ақ өңірдің экологиялық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығындағы энергия тиімділігін арттыру – алдыңғы қатарлы елдердің негізгі тренді. Заманауи технологиялар шаруашылықтарға суды, электрді, жанармайды аз тұтынуға мүмкіндік беріп, өнімнің сапасын жақсартуға және экологиялық таза өндірісті дамытуға жол ашады. Соңғы жылдары электр энергиясы мен жанармай бағасының қымбаттауы шаруаларға айтарлықтай салмақ түсіруде. Оның ішінде энергияны көп тұтынатын жылыжайлар, суару жүйелері, қайта өңдеу кәсіпорындары үшін бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес.

Бүгінде елімізде энергия тиімділігін арттыруға бағытталған бірнеше ірі бағдарлама жүзеге асуда. Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жобасы фермерлерге энергияны үнемдейтін технологияларды енгізуге көмек көрсетеді. 2021-2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы – инвестицияларды тарту мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған. Субсидия және арзан несие бағдарламалары жаңартылатын энергия көздері мен «ақылды» жүйелерді сатып алуға жол ашуда.

Мамандардың сөзінше, қазіргі таңда аймақтардағы энергияны көп тұтынатын негізгі бағыттарда суару жүйелері, жылыжай кешендері, мақта, бақша және жеміс-жидек өнімдерін өңдеу кәсіпорындары, қойма логистикасы мен салқындатқыш жабдықтар бар.

– Ауа райы ыстық, егістік алқаптары көлемді оңтүстік өңірлерде энергияны тиімді пайдалану ең қолайлы амал десек болады. Сондықтан энергия үнемдеуші технологияларды енгізу – нарықтық бәсекеде қалудың маңызды шарттарының бірі. Бұл технологиялар шаруашылықтарға суды, электрді, жанармайды аз тұтынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар фермерге өнімнің сапасын жақсартып, экологиялық таза өндіріс жүргізуге жағдай жасайды. Ауыл шаруашылық өндірісінде инновациялық энергия үнемдеуші технологиялардың бірі – тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері. Тамшылатып суару дегеніміз – суды топыраққа нақты дозамен жеткізетін арнайы жүйе. Бұл жүйе су мен энергияны 20-30 пайыз аз тұтынуға жағдай жасайды. Екінші – күн энергиясын пайдалану. Күн панельдері мен күн коллекторлары қазір шаруашылықтарда су сорғыларын, жылыжайдағы жылыту жүйесін, тамшылатып суару автоматикаларын жұмыс істетуге қолданылып жатыр. Оңтүстік өңірлерде күн сәулесінің жылдық ұзақтығы жоғары болғандықтан, күн панельдері электр энергиясын өндіріп, фермерлердің энергияға тәуелділігін азайтады. Бұл инвестиция 3-5 жыл ішінде толық қайтарылады. Үшіншісі–энерго үнемдеуші жылыжайлар. Жылу оқшаулағыш материалдар, автоматтандырылған климат-бақылау жүйесі, LEDжарықтандыру және инфрақызыл жылытқыштар шығынды 45 пайызға дейін төмендетеді. Төртіншісі – деректерді талдауға негізделген «Ақылды фермерлік» сенсорлар. Олар топырақтағы ылғал, өсімдіктің өсу жағдайы, ауа температурасы сияқты деректерді автоматты түрде өлшейді. Фермерлер бұл ақпаратты қолдана отырып, артық суарудан немесе электр энергиясын қажетсіз жұмсаудан қорғанады. Мысалы, автоматты суару жүйесі тек өсімдіктерге қажетті су мөлшерін береді. Дрондар, топырақ ылғалын өлшейтін датчиктер, спутниктік мониторинг шаруаларға нақты дерек беріп, артық шығынды болдырмайды. Осы технологияларды енгізген шаруашылықтарда жанармай шығыны 15-20 пайызға, тыңайтқыш пен су тұтыну – 25, ал жұмыс күші шығыны 10-12 пайызға азайған, – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Сәкен Әбдібеков.

Маманның сөзінше, инновациялық технологияларды шаруашылыққа енгізудің экономикалық тиімділігі оңтүстік өңірлерде жүргізілген зерттеулер нәтижелерінде бірнеше нақты әсерін көрсеткен. Зерттеу нәтижесінде алынған мысалдарға жүгінсек, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тамшылатып суару жүйесін енгізген шаруашылықтар мақта өнімділігін гектарына 28 центнерден 40 центнерге дейін жеткізген. Сарыағаш ауданындағы жылыжайлар күн энергиясын пайдалану арқылы жылдық электр шығынын 50 пайызға азайтқан. Отырар ауданында күн панельдерімен жұмыс істейтін сорғы стансасы тәулігіне 2 мың текше метр суды тегін көтереді.

Шымкент қаласының маңындағы фермерлер дрон көмегімен тыңайтқышты дәл нүктеге беріп, шығынды 25 пайызға қысқартқан. Бұл бағытта облысымызда да өткен жылы облыста 66,5 мың гектар егіс алқаптарына су үнемдеу технологиялары енгізіліп, оң нәтижелерін берген. 2025 жылы облыста іске қосылған «Kaz Kaspiy Hydro Sement Technology» зауыты жылына 20 мың гектар алқапқа арналған тамшылатып суару жүйелерін шығаруды бастады. Бұл – отандық агроөнеркәсіп үшін маңызды жаңалық.

Ресми статистикаға сүйенсек, еліміздегі 1,9 миллион гектар суармалы жердің тек 26,3 пайызы немесе 397,3 мың гектарына заманауи су үнемдеу технологиялары енгізілген. Ал суармалы жердің 75 пайызы оңтүстік өңірлерге тиесілі.

– Қазіргі кезде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан күн энергиясын ауыл шаруашылығында, яғни жылыжай, ферма, кейбір суару жүйелерінде электрлік қажеттіліктер бойынша қолдануға бағытталған нақты жобалар бар. Бірақ олар әлі де сирек, масштабтары көбіне кіші. Егер мемлекет, жеке сектор, фермерлер арасында осы бағыт белсенді көтерілсе, Солтүстік өңірлермен салыстырғанда Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы күн энергиясы+агро жүйесі тиімді әрі болашағы бар маңыздылыққа айналуы мүмкін. Энергия шығындарының азаюы және су үнемдеу есебінен өнім 12-25 пайызға арзан түседі. Шаруалардың табысы да артады. Өнімділік өскен сайын нарықтағы табыс 30-40 пайызға дейін көбейеді. Ресурстар тиімді пайдаланылады. Энергия үнемдеу – табиғи ресурстарға түсетін салмақты азайтады, бұл экологиялық тепетеңдікті сақтауға көмектеседі. Инвестициялық тартымдылық та күшейеді. Энергия үнемдейтін технологияларды қолданатын шаруашылықтар субсидия, грант, несие алу кезінде басымдыққа ие болады. Десек те, жаңа технологияларды енгізу барысында шаруалар бірқатар мәселеге тап болып жатады. Атап өтсек, бастапқы инвестиция көлемінің жоғары болуы, ақпарат пен кадр жетіспеушілігі, сервистік қызметтің дамымауы, технологияларды енгізуге арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі секілді мәселелер мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейтуді қажет етеді. Оңтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығы үшін инновациялық энергия үнемдеуші технологиялар жай ғана жаңашылдық емес, бұл экономикалық тиімділіктің, экологиялық тұрақтылықтың және аграрлық саланың ұзақ мерзімді дамуының негізгі факторы, – дейді Сәкен Әбдібеков.

Қалай десек те, судың тапшылығы артқан, энергия бағасы өскен қазіргі кезеңде жаңа технологияларды қолдану бүкіл өңірдің аграрлық болашағын анықтайтын маңызды мәселеге айналып отыр. Қазіргі таңда энергияны үнемдеу ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық қажеттілік болып тұрғаны да айдан анық. Бұл әсіресе, жаңа энергия өндіруде көшбасшы саналатын облысымыз үшін маңызды қадамдардың бірі болмақ.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар