Адамдардың көбі неге бай емес. Себебі үнемі ақша – жаман, байлық – сараңдық, сасық байлар деген ұғымдамыз. Бұл пікірлер біздерге бала күнімізден құлаққа сіңісті болды. Біз оқып өскен кітаптарда, шығармаларда, көрген фильмдеріміз бен мультфильмдерде байларды елге көмегі жоқ сараң, өзінен басқаға шарапаты жоқ деп көрсететін еді. Мәс елен, «Алдар көс е» мультфильмінде байдың бәрі қарны шермиген, тек өзін ғана ойлайтын сараңдар. Қисса-дастандарда, жырларда, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінде байларды жексұрын етіп көрсетті. Оны көріп өскен , оқыған біздер байлықтан шошыдық. Бай адам деген шық бермес Шығайбай екен деген түсінік қалыптасты. Біраздан бері «Қазақтардың көбі неге біреу байыса, қуанбайды?», «Өздері баюға неге ұмтылмайды?», «Кедей болса, байлар оларға ақша беруге міндетті сияқты санайтындары қалай?» деген сұрақтар мазалап келді.
Қазақ баласының миына алғаш құйылатын дүниелердің көбі халық ауыз әдебиетімен, нақтырақ айтсақ, ертегімен келетіні белгілі. Ал біздің ертегілеріміз қандай? Баланы қандай болуға баулиды? Мәселен, «Сараң бай мен Алдар көсе» ертегісінде үш түрлі кейіпкер, үш түрлі адам типі сипатталады: 1.Бай. Малы көп, ақымақ, сараң, арам. 2.Алдар көсе. Түгі жоқ, ақылды, қу, мейірімді, жомарт. 3.Кедей. Екі тілім наннан басқа азығы жоқ, ақылының бар-жоғы белгісіз, мейірімді, жомарт. Оқушылар үшін Алдар көсе мен Кедей жағымды кейіпкер бола салды. Алдар көсенің байдың үйіне барардағы теріс пиғылында, етті алдап, ұрлап әкеткенінде, Кедейдің жалқаулығы мен біреудің әкеп бергенін мәз болып қабылдай салған намыссыздығында ешкімнің шаруасы жоқ. Алдар көсе ертегілеріндегі ең негізгі ой желісі – осы. Алдар байды жазалауға барады, алдайды, ұрлайды, масқара етеді. Тапқанын кедей елге таратады. «Әділеттілік» орнатады. Өкінішке қарай, қазақ ертегілеріндегі байдың кейпі осындай. Кішкентайынан байды ақымақ, сараң, арам деп өскен бала өскенде бай болғысы келер ме екен?! Бала санасына құйылатын келесі ақпараттар легі мақалмәтел, қанатты сөздермен келеді.
Психология ғылымында «Бекітілген тұжырымдар» (Установки) деген түсінік бар. Қазақтың санасындағы бұл «Бекітілген тұжырымдар» осы мақал-мәтелдерден табылады. Бұл жайында филолог Балмира Мырзабай былай дейді.
– Ақша, байлық жөніндегі қазақ мақал-мәтелдеріне көңіл бөлейік. Бай бауырын танымас. Байға келін болғанша, кедейге қыз бол. Байдан пайда артылмас. Теңгелі жерде теңдік жоқ. Алтын көрсе, періште жолдан тайыпты. Бай кедейді көрмейді. Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын. Ақша – қолдың кірі. Миында, түпсанасында осындай тұжырымы бар адам қалай байымақ? Байлықты жақсылық деп қабылдай аламыз ба? Осыдан кейін қалай байымақсың? Шын мәнінде бай болу – ризық. Бай болу – жақсы. Байлыққа жету үшін, байлықты ұстап тұру үшін ақыл мен еңбек керек. Байлық көпшілігіміз ойлағандай тек арам жолмен ақымақтар мен сараңдарға қонатын дүние емес, – дейді ол.
Ал қазақ байлары шынында сараң болды ма? Әлде бұл қазақты бай болмасын деген қолдан жасалған, әдейі бекітілген бағдарлама ма? Әлі күнге біз о сы ойымызға бекітіп алынған ақша жаман деген тұжырымдамадан арылмай тұрмыз.
– Бай адамға деген түсініккөзқарасты Кеңес үкіметі өзгертті. Бізге байларды жау қылып көрсетті. Ал олар бір ауылдың, бір рулы елдің, қала берді жауға шабатын әскердің де жағдайын жасаған. Мысалы, Кенесары бастаған көтерілісте сарбаздарды ас-су мен тамақпен, мініс ат, қару-жарақ, киіммен байлар қамтамасыз еткен. Ал ауыл-ауылды аралаған ақынжыршыларды, жыраулар мен салсерілерді бай адамдар айлап қонақ қылған. Соның арқасында ел-жұрт ән-жырға қаныққан. Рухани азық алған. Бұқар жырау «шүлдірлеген қызыл тілден не пайда, алдыңа салып айдаған малың болмаса» деген. Сондай-ақ «ақыннан да, батырдан да бай жақсы» дейді қазақ. Адамның әлеуметтік жағдайы бірінші орында тұрады. «Қанша шешен болса да, дауға салма малсызды, қанша батыр болса да жауға салма жалғызды» деген бар. Ауылдың бетке ұстар азаматтарына артынан ерген руластары мен ауылдың байлары демеу көрсетіп отырған. Байлар бұл әрекеті арқылы өздерінің тектілігін танытқан. Өйткені руханияттан өзі ғана емес, халқының да сусындап өсуіне мүмкіндік берген. Содан келіп, жақсы әке, жақсы ана, тәрбиелі ұл-қыз өсірген. Әрі ән-жырдың таралуына себепкер болған, – дейді абайтанушы Омар Жәлел.
Бүгінде халықтың санасы оянып, тәуелсіздікке жеткен соң байлыққа деген көзқарас өзгере бастады. Әлемнің байлары мен қазақстандық байларға қарап, олардың өзгерісі мен жақсы әдеттеріне тамсана бастады. Жақында ғана Forbes журналы Forbes World’s Billionaires 2025 деп аталатын әлемдегі ең бай адамдардың жаңартылған рейтингін жариялады. Бұл тізімге жиынтық байлығы 38,8 миллиард долларға жеткен жеті қазақстандық бизнесмен кірді. Енді байлыққа неге үрке қарайды екенбіз? Талдап көрейік.
Біріншіден, балалықтан сіңген нанымдар бізді артқа тартады. «Байлар – ашкөз», «ақша адамды бұзады», «адал бай болмайды» деген сөздерді естіп өстік. Санамыз байлықты жамандықпен байланыстырып алған.
Екіншіден, қорқынышымыз басым. «Бай болсам адамдар қызғана ма? Жауапкершілік көбейе ме? Өзгелерден бөлініп қалам ба?» деп іштен қорқамыз. Белгісіздік адамды үркітеді.
Үшіншіден, өзімізді байлыққа лайық көрмейміз. «Маған ондай өмір жараспайды»,«Мен ондай деңгейге жететін адам емеспін», «Осылай қарапайым болып жүре бергенім жақсы» деген ішкі сенім бар. Бұл – өз-өзімізді шектеу.
Төртіншіден, руханият пен байлықты қарсы қоюмыз. Кейде «ақша – дүниелік, руханиятқа кедергі» деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде байлық – құрал ғана. Оны қалай қолдану маңызды.
Бесіншіден, бізді байлықтың жауапкершілігі қорқытады. Ақша – тек рахат емес, таңдау, тәуекел, басқару. Ал көп адам тыныштықты қалайды.
Шындығында, байлық жаман да емес, жақсы да емес. Ол – күшейткіш. Адам қандай болса, ақша соны үлкейтеді. Егер байлықты жақсылыққа, отбасыңа, денсаулыққа, білімге, сауапты іске жұмсаймын деп қабылдасақ, үрей азаяды. Байыса, әр адам байысын! Тек түпсанамыздағы кеңестік кезеңнен бекітілген тұжырымдамаларды жөндеу керек. «Кедей болу – оңай. Еңбек етпейсің, миыңды жұмыс істетпейсің. Тәуекелге бармайсың, жауапкершілік алмайсың. Рахат» деген ойдан арылу қажет. Байлықтан үрікпей, ризық деп қарайық!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
«Әлі күнге әкемнің ұстарасын пайдаланып жүрмін»
- Бүгін, 19:35
Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің
- 29 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




