Аймақ басшысы Байзақ ауданы тұрғындарының талап-тілегін тыңдады
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 15:42
- 92
Жиында аудан басшысы Олжас Баққараев атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды.
– Өткен жылы ауданның барлық әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Бірінші кезекте өңірге инвестиция тарту – негізгі міндет екендігін Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ерекше атап өткен болатын. Аудан бойынша барлығы 104 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде 27,5 миллиард теңге жеке инвестиция үлесіне тиесілі болды. Нәтижесінде, 322 жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1, ауыл шаруашылығы 13,8, құрылыс жұмыстары 18,7, тұрғын үй 6,4, сауда 2,9, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 31,6 пайызға артты, – деді Олжас Елебекұлы.
Облыс орталығына жақын орналасқан Байзақ ауданы инвестициялық тартымдылығы жөнінен алдыңғы қатардағы аймақтардың бірі саналады.
Аудан әкімінің сөзінше, биылғы жылы ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында жалпы құны 55,1 миллиард теңгені құрайтын 38 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл қатарда оқ-дәрі өндіретін зауыттар құрылысын салу жобалары да бар.
– Қазіргі уақытта «BARYS DYNAMICS» холдингімен бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде және пысықтау жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда, жылдық қуаттылығы 500-1500 тонна артиллериялық снарядтар өндіретін ASPAN-2 зауыты, жылдық қуаттылығы 1000-2700 тонна оқ-дәрі өндіретін ASPAN-3 зауыттарын салу жоспарлануда. Жобалардың жалпы құны – 451,7 миллиард теңгені құрайды. Инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жақын күндері инвесторлардың облысқа келуі жоспарланып отыр. Аудан тарапынан компанияға өндіріс орындарын орналастыру үшін қолайлы бос жер учаскелері ұсынылатын болады, – деді аудан әкімі.
Жиында аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сауалдарын жолдады. Түйткілді түйіндер тарқатылған кездесуде қызылша өніміне қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Еске сала кетейік, ауданда қант қызылшасын терең өңдейтін зауыт құрылысы басталады деп жоспарланған болатын. Дегенмен, биыл өңірде бірқатар егіс алқаптарының қысқаруына байланысты тәтті түбірді баптаған бағбандар да алаңдаушылық білдіруде. Бұған қатысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев биыл аудан шаруалары үшін маңызды «Киров» су қоймасында былтырғы жылмен салыстырғанда 210 миллион текше метр су аз жиналғандығын, осыған байланысты алдағы уақытта шаруалармен арнайы кездесу өткізілетіндігін жеткізді.
– Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың аймаққа жұмыс сапары аясында аталған мәселеге назар аударылып, ортақ келісімдер пысықталды. Соған сәйкес ақпан айында қалыптасқан нәтижелердің қорытындысы негізінде жылдық жоспарды нақтылау көзделуде. Бұған қатысты аудандарда шаруалармен арнайы кездесулер өткізіліп, талқылаулар болады. Ортақ мәселеде бір мәміле керек. Қант зауыттарына келсек, бүгінде Меркі ауданындағы қант зауыты жұмыс істеп тұр. Ал Тараз қант зауытының акционерлері жаңа құралжабдықтарға өтінім беріп, күзде өндірісті іске қосатындығын жеткізіп отыр. Аудандағы жаңа зауыттың құрылысына қатысты қытайлық инвесторлардың қаражатын шығару мәселелері шешіліп жатыр. Жоспарға сәйкес зауыт құрылысы ақпан айында басталады деп күтілуде. Сол себепті зауыт басшылары және шаруалармен алдағы айда кездесіп, қант қызылшасының бағасы да бекітіледі, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Бұдан бөлек ке зде суде мәдениет үйі мен каналдардың жөндеу жұмыстары, шаруаларға субсидия беру мен балабақшаға қатысты сұрақтар қойылып, тиісті жауап берілді. Жиында Байзақ ауданының басым бағыттарында экономикалық өсім байқалып отырғанын атап өткен облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселелерді назарға алып, жұмыстарды жандандыруды жүктеді.
– Байзақ ауданы – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік орны бар аймақ. Ауданның әлеуметтікэкономикалық әлеуеті ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп, туризм және әлеуметтік салалардың дамуымен айқындалады. Жергілікті атқарушы органдардың негізгі мақсаты – азаматтардың әлауқатын арттыру. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2025 жылы облыста 1,3 триллион теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім 15,6 пайызды құрады. Экономикалық көрсеткіштердің орындалуы – басты әрі маңызды міндет. Осы бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдермен бірлесе отырып, жүйелі түрде іске асырылатын болады. Аталған жұмыстарға байланысты арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалу барысы тұрақты бақылауға алынған, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Кезде су соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, аудандағы әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандардың жайкүйімен танысты. Өңір басшысы алдымен «Айымкүл» жеке кәсіпкерлігіне тие сілі, сыйымдылығы 15 мың тонна көкөніс пен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған қоймаға барды. Аталған жобаға 1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның 750 миллион теңгесі – жеке қаражат, ал 250 миллион теңгесі «Тараз» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылған. Қоймада 5 тұрақты жұмыс орны ашылып, маусым кезінде қосымша 20 адам еңбекпен қамтылады. Қазіргі таңда 1 мың тонна пияз сақтаулы тұр. Мұндағы өнімдер аудан және облыс аумағына жөнелтіледі.
Облыс әкімі бұл нысан агроөнеркәсіп с аласының серпінді дамуына оң ықпал ететінін айтып, жоба бастамашыларына сәттілік тіледі. 2025 жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 28 миллиард теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде жалпы қуаттылығы 30,3 мың тоннаны құрайтын 6 көкөніс сақтау қоймасы бар. Сапар барысында аймақ басшысы «Алель Агро» акционерлік қоғамының өндірістік қызметімен де танысты. Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданы құс шаруашылығын дамытуда көш бастап тұрғанын атап өтіп, кәсіпорынға жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар облыс әкімі «Нұрлыжай» шаруа қожалығына қарасты 400 басқа арналған т ауарлы сүт фермасының жұмысын көрді. Жобаның жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайды. Ферма жылына 10 мың тонна сүт және сүт өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда Чехия Республикасынан 90 бас симментал және 40 бас қара-ала асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алынған. Айта кетейік, биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығын дамытуға 50, 6 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 37,1 миллиард теңге субсидиялауға, 6,5 миллиард теңге Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға, ал 7 миллиард теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасын қаржыландыруға бағытталмақ.
Биыл салада жалпы құны – 35,1 миллиард теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 6, 5 миллиард теңгеге 6 инвестициялық жобаны несиелендіру жоспарлануда. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласына 86,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту межеленіп отыр.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Жүгері дақылына сұраныс жоғары
- Бүгін, 19:12
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




