– Айнұр Тұяқбайқызы, сіздің медициналық жолды таңдауыңыздың себебі неде? Туған жеріңіз, өскен ортаңыз жайлы да айтып өтсеңіз.
– 1983 жылдың қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы, Атакент елді мекенінде дүниеге келгенмін. 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсіп, 2008 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша бітіріп шықтым. 2006 жылдың желтоқсан айының 1 жұлдызынан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникасында перзентхана ның нәрестелер бөлімшесінде мейіргер қызметінен бастап жұмыс істедім. 2009 жылдың қыркүйек айында Сарысу орталық аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінде дәрігер неонатолог ретінде жұмыс атқардым. 2011 жылы Сарысу аудандық орталық ауруханасына қарасты Түркістан дәрігерлік амбулаториясында жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде ауыстырылдым. 2015-2019 жылдары аталған аудандық аурухананың емхана бөлімінде балалар дәрігері, емхана меңгерушісі болып істедім. 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың маусым айына дейін аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, 2023 жылдың маусым айынан бас дәрігер қызметін атқарып келемін. Дәрігер – адам жанының емшісі. Адамдарды емдеп қуанту үшін дәрігерлікті таңдадым.
– Бас дәрігер болып келгелі бері аурухананың материалдықтехникалық базасы жақсарғанын білеміз. Осы игілікті іс қалай жүзеге асты?
– Бас дәрігер ретінде жұмысқа кірісе салысымен, аурухананың техникалық базасын жаңарту жұмыстарын қызу қолға алдық. Облыстың қолдауымен 50 дана моноблок алдырттық. Бұл – медициналық қызметтің сапасын арттыру, құжат айналымының тиімділігін қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі. Ауруханаға өте қажетті дүние. Сонымен қатар аурухананың «Г» корпусындағы соматика бөлімінің бір бөлігінде оңалту орталығы ашылып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталды. Жаңа 4 автокөлік алынды. Қазіргі таңда автокөліктер науқастарға сапалы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар облыс әкімінің тікелей қолдауымен Сарысу ауданының медициналық мекемелеріне су жаңа 7 қызметтік автокөлік берілді. Бұл көліктер ауыл тұрғындарына медициналық көмекті дер кезінде жеткізіп, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында алынды. Атап айтқанда, жаңа автокөліктер Саудакент ауылдық емханасына, Жайылма, Тоғыскент және Жайлаукөл дәрігерлік амбулаторияларына қызмет көрсететін медицина қызметкерлеріне үлестірілді. Медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау – ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, шұғыл жағдайларда жылдам көмек көрсетуге, шалғай ауылдарға дер кезінде жетуге септігін тигізеді. Бұл – ауыл медицинасын дамыту, алғашқы медициналық көмекті қолжетімді ету бағытындағы нақты қадамдардың бірі. Заманауи техникаларға байланысты лор комбайн аппараты алынды. Бұл мұрын, тамақ, құлақ ауруларын жаңа технологиялармен емдеуге мүмкіндік беретін отоларингологтың толық кәсіби тексеруінен өтуі үшін қажетті әртүрлі функциялар жиынтығы бар автоматтандырылған қондырғы. ФГДС (фиброгастродуоде - носкопия) аппараты алынды, бұл аппарат өңеш, асқазан және он екі елі ішекті зерттеудің ең ақпараттандырылған әдісі. Асқазанішек жолдарының созылмалы аурулары бар адамдарға бұл зерттеуді жылына кемінде 1-2 рет жүргізу ұсынылады. Жеделсатыларға (лифт) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп іске қосылды. Саудакент ауылдық емханасына цифрлық рентген алынып іске қосылып жұмыс істеп жатыр. Жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Қамқалы ауылдық округінің Жайлаукөл ауылында 30 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. 2024 жылдың қазан айының 17 жұлдызынан бастап диспансерлік есепте тұратын пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету «Әлеуметтік әмиян» арқылы электронды түрде беру жөніндегі пилоттық жобасы іске асырылып, орындалуда. Егде жастағы тұрғындар немесе «Әлеуметтік әмиян» мемлекеттік сервисінің қызметтерін пайдалана алмайтын басқа адамдар үшін емханаға барған кезде Face-ID және веб-камералардың көмегімен сәйкестендіруден өту жеткілікті, содан кейін пациенттің қолына тиісті дәрілік заттар беріледі. 2025 жылдың 8 қаңтарынан бастап облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы аудандық ауруханаға «Цифрлық құжат» электрондық үкіметтің» сервисінен ұсынылатын пациентті 6-сандық код бойынша сәйкестендіру және FaceID технологиясын пайдалана отырып, пациенттерді сәйкестендіру жұмыстары басталғанына байланысты 105 веб-камера алынды. Веб-камералардың барлығы тиісті мамандарға орнатылды. Мақсаты – жалған жазбаларға жол бермеу. Көптен бері қолымыз жетпей жүрген заманауи компьютерлік томография (КТ) кабинеті 2025 жылдың наурыз айында Сарысу аудандық орталық ауруханасында ашылды. Аталған құрылғы Германияның «Siemens» компаниясынан шыққан. Аудандық ауруханаға смад аппараты, холтор аппараты сондай-ақ алкотесттер құрылғысы алынды. Сондай-ақ кольпоскоп аппараты да орнатылды. Бұл аппарат жатыр мойнын және қынапты бірнеше есе үлкейтіп көретін гинекологиялық тексеру. Кольпоскоп – бұл дүрбіге ұқсас микроскоп. Аспапта үлкейту линзалары бар. Бұл ә дістің көмегімен визуалды тексеру кезінде көрінбеген тіндердің патологиясын анықтауға болады. Қандай да бір патологиялық аймақтар анықталса, биопсия жасалады. Сонымен қатар бала мен әйелдің денсаулығына байланысты әйелдерге кеңес беру бөлімшесі ашылды. Орталықта әйелдер консультациясы 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдерге, жүкті және босанған аналарға арналған. Консультацияда әйелдерде онкологиялық ауруларды ерте анықтау, анықталған патологиялар кезінде оңалту ұйымдастыру, жүкті әйелдерге антеналдық көмек көрсету және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерді қолдау жұмыстары жүргізіледі. Бұл үшін кабинет қажетті мамандармен және заманауи құралжабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
– Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интелект жылы» деп жариялады. Бұл ретте сіз басқаратын ауруханада қандай жаңашылдықтар болады?
– Мемлекет басшысы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін үлкен қадамдарға барып отыр. Жасанды интеллект – ақылды бағдарлама. Денсаулық саласына келетін болсақ, Damumеd цифрлық платформасына Alima жасанды интеллект іске қосылды. Бұл жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы медициналық қызметкерлер мен пациенттерге күнделікті практикалық мәселелерін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар медициналық ұйым бойынша шарттардың орындалуын және ықтимал кемшіліктерді бақылау мен қадағалауға арналған. Damumed жүйесіндегі жасанды интеллекттің дәрігерлер үшін негізгі тиімділігі көп. Ол ең алдымен науқастың мәліметтерін тез табады, қабылдауға жазылуды, талдауларды, диагноздарды автоматты түрде көрсетеді. Сонымен қатар құжат толтыруды жеңілдетеді, уақыт үнемделеді, қателіктерді азайтады. Емделушілер үшін де қолайлы тұстары көп. Атап, айтқанда, онлайн кеңес алу мүмкіндігін арттырып, талдау нәтижесін түсіндіріп береді. Қай дәрігерге бару керектігін де көрсетіп, емделу процесін бақылауға көмектеседі. Медициналық ұйым үшін беретін оң әсері аз емес. Қаржылық шығындар мен табысты бақылау, келісімшарттардың орындалуын тексеру, алаяқтық пен қателерді ерте анықтауға және басшылыққа нақты аналитика береді. Жалпы жүйе үшін тиімділігін айтсақ, процестер автоматтандырылады, қызмет көрсету жылдамдайды, деректер сапасы жақсарады, денсаулық сақтау тиімді болады.
– Қазіргі кезде аудандық аурухана қандай жас мамандармен толықтырылды?
– Түркістан қаласындағы медициналық университетте окулист және травматолог мамандығы бойынша білім алған 2 жас дәрігер оқуын аяқтап, 2025 жылдың тамыз айынан бастап аудандық ауруханада еңбек жолын бастады. КТ аппаратының іске қосылуына байланысты резидентураны радиология бағыты бойынша тәмамдаған маман қызметке қабылданды. 2025 жылдың 21 шілдесінен бастап емхана бөлімінің құрамына аудандық акушер-гинеколог дәрігер қосылды. Сондай-ақ Саудакент ауылдық емханасы жалпы тәжірибелі дәрігермен толықтырылды. Бұл – аудан медицинасының кадрлық әлеуетін нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
– Аудандық ауруханаға демеушілік көрсететін мекемелер туралы айтсаңыз?
– Жалпы аудандық ауруханаға Жаңатас қалалық аудандық әкімдікпен қатар, елімізге белгілі «ҚазФосфат», «Еврохим» өндіріс орындары аурухананың айналасын абаттандыру бойынша демеушілік көрсетіп отырады. Жуырда ғана «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қаратау таукен өңдеу кешенінің демеушілігімен ауруханаішілік жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа асфальт төселді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
– Аурухананың дәрігерлері мен қызметкерлерінің науқастармен байланыстары қандай дәрежеде?
– Аудандық ауруханада дәрігерлер мен қызметкерлер алдына келген науқастардың көңіл-күйлерін аңғарып, диагноздарын анықтай отырып, науқастарға адал қызмет көрсетіп отыр. Емдеудің ерекше жолы екпе сала беру емес, жылы сөйлеу, науқасты ренжітпеу, жақсы қарсы алу екенін үнемі айтып, ескертіп отырамыз. Сонымен қатар аудандағы барлық дәрігерлер мен қызметкерлерге жағдай жасалған. Ұзақ жылдардан еңбек ететін мамандарға деген құрметіміз жоғары. Олардың ерен еңбектері үнемі назарымызда тұрады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Құдайберген МАМБЕТОВ
Сарысу ауданының Құрметті азаматы.
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Өкпесі ауырғандар қайда барып емделерін білмей жүр
- 27 қаңтар, 2026
Күн сайын кемі үш ота жасайды
- 20 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




