Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша өңірде жүргізілген жұмыстардың қорытындылары облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Дәулет Тасыбаев және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Оспан Мамытбеков тарапынан жан-жақты баяндалды. Қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталған Нұрмұхаммат Абидов өткен жылы облыс соттарында 1268 қылмыстық іс қаралып, 1494 адамға қатысты үкім шығарылғанын атап өтті.
Бұл көрсеткіштер сот жүктемесінің азаймағанын, керісінше, істердің күрделілігі артқанын аңғартады. Сотталғандардың 98,5 пайызына үкім шығарылып, 23 адам ақталған. Ақтау үкімдерінің болуы соттардың айыптау бағытымен ғана емес, дәлелдемелерді жанжақты әрі әділ бағалау қағидатына сүйенетінін көрсетеді. Сотталғандардың 43,5 пайызы бас бостандығынан айыру жазасына тартылса, 44,8 пайызына бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындалған. Бұл жазалау саясатындағы ізгілендіру бағытының біртіндеп жүзеге асып келе жатқанын білдіреді. Сонымен қатар сотталғандардың 9 пайызы шартты түрде сотталып, 8 пайызы жазадан босатылған. Бас бостандығынан айыру жазасының басым бөлігі ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысты қолданылған. Ал онша ауыр емес қылмыстар бойынша сотталғандардың елеулі бөлігін Қазақстан Республикасының шекарасын заңсыз кесіп өткен шетел азаматтары мен жол қозғалысы қағидаларын абайсызда бұзып, адам өліміне әкеп соққан істер құраған.
Бұл деректер қылмыстық саясаттың қоғамдық қауіптілік деңгейіне сай сараланып қолданылып отырғанын айқындайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысындағы сот бақылауы да ерекше назарда болды. ҚПК-нің 106-бабы тәртібімен келіп түскен шағымдардың бір бөлігі қанағаттандырылып, тергеу судьялары бұлтартпау шараларын санкциялау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етті. Нұрмұхаммат Махаматұлының айтуынша, сот бақылауының тиімділігі ең алдымен ашықтық пен кәсібилікке байланысты.
«Сот төрелігіне деген сенім шешімнің әділдігі мен заңдылығымен өлшенеді. Әрбір іс бойынша қабылданған шешім адамның тағдырына тікелей әсер ететінін судьялар терең сезінуі тиіс», – деді ол.
Азаматтық істер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталған Дәулет Тасыбаев 2025 жылы облыс соттарына 35394 талап арыз түскенін, бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсімді көрсететінін айтты. Талап арыздардың көбеюі азаматтардың сот арқылы өз құқықтарын қорғауға деген сенімінің артқанын білдіреді. Дегенмен, талаптардың бір бөлігі сотқа дейінгі реттеу тәртібінің сақталмауына байланысты қайтарылған. Әсіресе микрофинанстық ұйымдар мен коллекторлық агенттіктер тарапынан берілген талап қоюларда бұл кемшілік жиі кездескен. Сонымен бірге татуластыру рәсімдерін қолдану тәжірибесі кеңейе түскен. Медиация тәртібімен қаралған істер саны артқан, бұл бір жағынан сот жүктемесін азайтса, екінші жағынан тараптардың өзара келісімге келуіне жол ашқан. Дәулет Еркебекұлының пікірінше, дауды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру қоғамдағы құқықтық сананың өсуіне тікелей әсер етеді.
«Сот тек дауды шешетін орган ғана емес, ол келісімге келу алаңы болуы тиіс», – деді ол.
Әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесін қорытындылаған Оспан Мамытбеков былтыр бұл санаттағы істер санының өскенін атап өтті. Даулардың негізгі бөлігі сот орындаушыларының әрекеттеріне, жер қатынастарына, тұрғын үй мәселелеріне және мемлекеттік сатып алу саласына қатысты болған. Әкімшілік соттарда мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы құқықтық тепе-теңдікті сақтау басты қағидат ретінде қарастырылған.
Бұл бағытта кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жеке ұйғарымдар шығару және лауазымды тұлғалардан ақшалай өндіріп алу шаралары қолданылған. Мұндай тетіктер сот шешімдерінің қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты орындалуына ықпал етеді. Сонымен қатар әкімшілік істерді жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарау тәжірибесі кеңейіп, істерді қарау мерзімдерінің бұзылуына жол берілмеген. Бұл сот процесінің тиімділігі мен жеделдігін арттырған маңызды қадамдардың бірі саналады.
Жалпы алғанда, жоғарыда келтірген деректер облыс соттарының 2025 жылғы жұмысы заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және қоғамның әділ сотқа деген сенімін арттыруға бағытталғанын көрсетеді. Сот жүйесіндегі ашықтық, кәсібилік және жауапкершілік қағидаттарының сақталуы Әділетті Қазақстан идеясының нақты мазмұнмен толығып келе жатқанын аңғартады.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




