Алайда салаға жауапты мамандардың сөзінше, жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 2-3 пайыз деңгейінде сақталуы саланың әлеуетін толық ашпай отыр. Сондықтан кешенді жоспарды жүзеге асыру ірі қара мал санын 7,9 миллионнан 12 миллион басқа және ұсақ мал санын 20,2 миллионнан 28 миллион басқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ ет өндірісі экспортының 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғаюы күтілуде. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бірқатар бағыт бойынша саланы қаржылық қолдау шараларының кешені ұсынылмақ.
– Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6 пайыздық жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруға жылдық қажеттілік 300 миллиард теңгені құрайды. Бұл шараны жүзеге асыру табынның жаңаруын жеделдетуге және мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін биыл қаржыландыру көлемі 50 миллиард теңге болатын жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен бірыңғай жеңілдікті несие беру көзделген. Қосымша 50 миллиард теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр. Сондай-ақ мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 миллиард теңгені құрайтын, жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруды қолжетімді ете түсу үшін «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігін қолдану көзделген, – деді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Жиында Олжас Бектенов кешенді жоспардың шаралары ішкі нарықты отандық өніммен жүйелі түрде қамтуды және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша болжамды баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол қайта өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту қажеттігін айтып, ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін цифрлық платформаларға біріктіру және оларды бірыңғай есепке алу көзі ретінде пайдалануды тапсырды.
– Кешенді жоспардың жобасында саланы кадрлармен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдайлар жасау, оның ішінде шопандар мен бақташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету, мамандар үшін тұрғын үй құрылысын салу және тағы да басқа шаралар көзделген. Бұдан бөлек, тиімді маркетингтік инфрақұрылымды қалыптастыру және өткізу нарықтарын кеңейту көзделіп отыр. Ветеринариялық қауіпсіздік экспорттық нарықтарға шығудың міндетті шарты болып саналады. Осы бағытта ветеринариялық нысандарды жаңғырту бойынша жұмыс жалғасады, сондай-ақ сауда объектілерінде күнделікті бақылауды жүзеге асыру жоспарлануда. Мал иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселесі пысықталуда. Жоспардың іс-шаралары негізінен бюджетте көзделген қаражатқа, бюджеттік несиелер және қаржы институттарының облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау бағдарламалары есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн, деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр Мемлекет басшысының пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесі жөніндегі тапсырмаларының орындалуына назар аударды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жердің ұтымды пайдаланылуын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын баяндады. Астық егетін үш өңір бойынша 330 шаруашылық жоғары бақылауда. Мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда учаскелер азаматтарға одан әрі қайта бөлу үшін мемлекеттік қорға қайтарылатын болады.
Жиын қорытындысы бойынша Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Премьерминистр Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысты үйлестіруді және барлық көзделген шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, өткен жылы облысымызда мал шаруашылығындағы ет өндірісі 2,7 пайызға, сүт өнімі 1,6 пайызға артқан. Бұдан бөлек, 888,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде Ресей, Қырғызстан, Пәкістан, Өзбекстан мен Әзербайжан елдеріне 410 мың тонна пияз экспортталған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Несие тарихын жақсартуға бола ма?!
- 26 қаңтар, 2026
Жалақы алған күні өзіңді өте бай сезінбе...
- 26 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




