Қайбір дін болмасын қоғам мен адам өмірінде алар орны ерекше. Дін адам мен адамды, қоғамды біріктіруші күш десек қателеспейміз. Ғасырлар бойы әртүрлі этностар мен конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бір-бірін мәдени тұрғыдан толықтыра отырып, Қазақстан халқының мәдениеті және дәстүрлі рухани құндылықтарын қалыптастырды. Еліміздің Конституциясына сәйкес тілі мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында тең құқықтарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі жасалды.
Елімізде тұрақтылық пен келісімді сақтауда, адамзаттық құндылықтардың, жалпы ұлттық бірлікті нығайтуда діннің маңызды рөл атқаратынын, түрлі діндер мен конфессиялардың бірге өмір сүре алатынын және дін өкілдері арасында өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді дами алатынын әлемге үлгі етіп келеді. Өңірде мемлекеттік тіркеуден өткен діни бірлестіктер мен филиалдардың саны – 398. Оның ішінде, 352 мешіт пен 46 шіркеу (8 православ, 1 католик, 37 протестант).
2025 жылдың басында діни бірлестіктер мен филиалдардың саны 392 болған. Қазіргі уақытқа облыста 17 мешіттің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 3 мешіттің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Облыс бойынша мешіттерге жұма намаздарына келуші жамағаттың саны 37 мыңнан астам болса, күнделікті мешітке келушілердің саны 6 мыңнан астам адамды құрайды. Жалпы, өңірдегі мешіттерде арнайы бұйрықпен 474 діни қызметкер жұмыс істеуде. Оның ішінде жоғары білімді имамдар 24,5 пайызды (114 имам), орта білімділер (медресе) 25 пайызды (116 имам), ал сауат ашу курстарын бітірген діни қызметкерлер 50,5 пайызды (236 имам) құрап отыр.
Облыста мемлекеттік тіркеуден өткен христиандық діни бірле стіктер мен филиалдардың саны – 46. Христиандық бағыттағы шіркеулерге келушілердің саны шамамен 3,8 мың адамды құрайды. Намазханалар мен құлшылық үйлерінің саны – 41. Рухани (діни) білім беру ұйымдары қатарында жұмыс атқаратын «Һибатулла Тарази» медресеколледжінде бүгінде 90 шәкірт білім алуда. Бұдан бөлек «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығында 222 шәкірт оқиды.
– Басқармамен облыста діни экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы жұмыстар 3 негізгі бағытта жүргізілуде. Бірінші бағыт – халықтың мақсатты топтарымен ақпараттықтүсіндіру жұмыстары, – дейді бұл жөнінде облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев.
– Діннің өзекті тақырыптарында тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу, оның ішінде халықтың діни сауаттылығын арттыра отырып, радикалды діни идеологиялардың қоғамға тигізер зардаптарын түсіндіру – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының басты бағыты болып табылады. Кең ауқымды ақпараттық науқандар мен түсіндіру шараларын жүргізу үшін облысымызда жалпы саны 125 адамнан тұратын 16 ақпараттық топ нәтижелі жұмыс істеуде.
Атап айтқанда, 1 облыстық, 5 қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру тобына тәжірибелі мамандар, теологтар, дінтанушылар, мешіт имамдарымен қатар қоғам белсенділері мен ардагерлер де тартылған. 2025 жылы ақпараттық топпен 4789 ақпараттық іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде 100 мыңнан астам тұрғын қамтылды.
Ақпараттық түсіндіру жұмыстары әртүрлі бағыттарда нысаналы топ өкілдерімен жүзеге асырылуда. Екінші бағыт. Интернет кеңістікте қарсы насихаттау жұмысы. Жастар көп пайдалатын Instagram, Facebook, Telegram, Tiktok сияқты әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері арқылы деструктивті діни контенттерге қарсы баламалы дүниелер әзірленіп жариялануда. Мамандармен 102 қысқа бейнеролик, 53 инфографика, 176 тақырыптық мақалалар әзірленіп, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылды. Өңірдегі қоғамдық пікір көшбасшылары, спорт және мәдениет саласының үздіктерін арнайы шақыра отырып, подкаст форматында 16 материал әзірленді.
– Қарсы насихат жұмыстары барысында пайдаланылатын әлеуметтік желілердегі 13 аккаунтқа оқырман саны 592865 болған, қазір 607730-ға артты. Қаралым саны 1569551 мыңнан 9 миллион 390486 мыңға жетті. Лайк саны 97562 мыңнан 617780 мыңға көбейді. Пікір саны 21370 мыңнан 232705 мыңға көбейді. Репост саны 29 028 мыңнан 193781 мыңға көбейді. Сақталым саны 13922 болса, қазір 53297 мыңнан асты. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аталған бағытта бекітілген меже артығымен орындалып, 262 пайызға орындалды, – дейді облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев.
Сондай-ақ ақпараттық технологиялардың дамуымен жылдан-жылға интернет кеңістігінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары артып келеді. «Талдамалық интернет карта», «Кибербақылау», «Контр» сынды интернет кеңістігінде теріс діни контенттерді талдауға, анықтауға және оларға қарсы насихат жұмыстарын жүргізуге арналған ақпараттық жүйелермен жұмыс жасалуда. Нәтижесінде, өткен жылы интернет желісінде теріс діни бағыттағы топтарға тіркелген 42593 тұрғын, аталған топтардан шығарылды. Интернет кеңістігінде еркін пайдалануға болатын 1398 күдікті парақша анықталып, оның 89-ы бұғатталды. Үшінші бағыт. Оңалту және дерадикализациялау жұмысы. Басқармамен деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.
Биылғы жылға бір мыңнан астам деструктивті діни ағымдар ұстанушы объектілермен жұмыс жасау үшін тізім берілген. Аталған азаматтармен 958 кездесу өткізіліп, 133 азамат қазақстандық қоғам, 110 азамат дәстүрлі ислам құндылықтарына бейімделді. Бұдан бөлек мынадай бөлінген орталармен жұмыстар атқарылады:
– түзеу мекемелеріндегі діни экстремизм баптарымен сотталғандар мен жалпы дінге сенушілер;
– «Жусан» операциясы аясында оралған әйелдер мен балалар. Теолог мамандар мен мешіт имамдарынан (21 адам) құралған арнайы топ құрылып, Қылмыстық-атқару жүйе сіне қарасты мекемелерде сотталушы азаматтар арасында қоғамға бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 18 сотталушы оңалтылып, қоғамға бейімделді.
Сондай-ақ Пробация қызметінің мекемелерінде де тіркеудегі азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Шетелдік діни оқу орындарына бүгінгі таңда 29 азамат білім алу үшін кеткен. Бүгінде аталған азаматтардың жақындарымен және уатсап желісі арқылы өздерімен байланыс орнатылып, жағдайлары бойынша мәліметтер алынып отыр.
Діни қызмет саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтік және зерделеу шаралары тұрақты өткізіліп тұрады. Бұл жерде белгіленбеген орында діни іс-шаралар өткізу, діни әдебиеттер мен материалдар тарату, заңды діни қызметке кедергі келтіру, заңсыз миссионерлік әрекет пен діни курс ұйымдастыру, деструктивті діни контенттерді әлеуметтік желілерде тарату сияқты Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына қайшы әрекеттерді анықтау шаралары кіреді. 2025 жылы діни қызмет саласында құқық бұзған 15 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Басқармаға 2025 жылы «е-Өтініш» платформасы арқылы 39 жеке тұлғадан, 18 заңды тұлғадан өтініштер түсіп, мерзімінде орындалып, тиісті жауаптар берілді.
– Қордай ауданы бойынша – 7, Т. Рысқұлов ауданы бойынша 1 мешіттің арнайы шешімі жоқ. Бұл мәселе өткен жылы прокуратура органдарымен анықталып, тиісті ұсыным берілген. Аталған мешіттер елді мекеннің бас жоспарларына енгізілмеген. Басқарма тарапынан көрсетілген аудандарда прокуратура мен сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдерінің қатысуымен жиындар өткізіліп, ауылдық округ әкімдері мен мешіт имамдарына мешіттердің құжаттарын заңдастырудың жолдары түсіндіріліп, тиісті нұсқаулықтар берілді. Алайда бұл мәселе орындалмай отыр, – дейді облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев.
– Сондай-ақ Тараз қаласындағы Ж.Қуанышбаев көшесінің бойында және Қызылабад алқабында ғибадат үйлерінің құрылысы тиісті рұқсат құжаттарсыз жүргізілуде. Биылғы оқу жылы облыс аумағындағы білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзу бойынша 110 дерек тіркелген. Аудандар бойынша Тараз қаласы (68), Сарысу ауданы (25), Меркі ауданында (10) өсім байқалады. Осыған орай арнайы алгоритмге сай оқушы қыздардың ата-аналары арасында білім беру саласындағы заңнаманы сақтау тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шаралар қабылдау керек.
Жалпы алғанда жастардың санасы теріс ағымды ұстанушылардың насихатымен уланбауы тиіс десек, оларды бала күнінен қадағалағанымыз дұрыс. Бұл – қоғамның басты міндетіне айналғаны жөн деп білемін. Өйткені бүгінгідей ғаламтор дамыған заманда ата-ана, үлкендер жағы балалардың немен айналысып жүргенін назардан шығармай, бақылауда ұстағаны мақұл. Әлеуметтік желілер арқылы қорғаныс иммунитеті әлсіз адамдарға олар шабуыл жасауларын тоқтатпайды. Интернет беттерінен теріс діни ақпараттар алу арқылы бір отбасы мүшелері бір-біріне қарсы шығады. Одан кейін қоғамда түрлі қарама-қайшылықтар пайда болып, жік-жікке бөлініп, еліміздің діни тұрақтылығына әсер етеді. Әрине, құзырлы органдар тарапынан көптеген күдікті сілтемелер бұғатталып жатыр. Алайда соған қарамастан ата-аналар да өздерінің жауапкершіліктерін сезініп, балаларын бақылауда ұстаған дұрыс.
Жастар – біздің болашағымыз, ол бізден күнделікті қамқорлық пен тынымсыз ілтипатты қажет етеді. Жастарымыздың адамзаттық болмыстағы, әсіресе, дін саласы сияқты нәзік саладағы құнды бағдарларын білу өте маңызды. Діни тәрбиені отбасыдан беру керек. Себебі «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тәуелсіздіктің нығаюы үшін этносаралық кикілжіңдерді болдырмай, дінаралық татулықты сақтау бағытында көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде аталған мақсатқа қол жеткізу үшін облыстағы дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері жоспарға сай жұмыстар жүргізіп келеді. Елімізде мемлекеттің дін саласына қатысты қабылданған бірнеше құжаттар бар.
Аталған құжаттардың барлығы мемлекеттікконфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру және дінді деструктивтік мақсатта пайдалануға жол бермеу бағытында қызмет етуде. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғамның діни тұрақтылығын сақтау мақсатында халық болып «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара отырып жұмыс істеуіміз қажет.
Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




