Қалың оқырманға білім шуағын шашып, жалпыға жақсылықты насихаттауды мақсат тұтқан кітапқұмарлар клубының құрылғанына небәрі екі жылдың жүзі болса да, бүгінде клубтың құрамында 100-ден астам оқырман бар. Ал оның ішінде тұрақты 20-ға жуық кітапсүйер қауым айына екі мәрте кітап талқылау үшін басқосуды әдетке айналдырған. Солардың бірі – интелектуалды жобаның басы-қасынан табылған белсенді жас Құттыбек Әшірхан.
– Қазақстанның өзге аймақтарында оқырмандарды топтастырған клубтар көп. Тіпті, кей қалаларда 2-3 кітап қозғалыстары бар. Бізде бұл үрдіс енді қалыптасып келе жатқанын атап өтуіміз керек. Оның өзінде кітапханалар құрамындағы клуб форматында жұмыс істейді. «Өркениетті адам» клубы Құрманбек Әбдірай ағамыздың жетекшілігімен бастау алған жоба. Аты айтып тұрғандай, атауы Санжар Керімбайдың «Өркениетті адам» кітабынан алынған. Алғашында «Отбасы хрестоматиясы» баспасының кітаптарын талқылап жүрген ортамыз бүгінде төл әдебиет пен шетелдік шығармаларды насихаттауды қолға алып келеді. Мұндағы бір ерекшелік, біздің орта жас талғамайды. Қатарымыздан жастар мен ересектер де табылады, – дейді «Өркениетті адам» клубының мүшесі Құттыбек Әшірхан.
Кезекті талқыда – Франц Кафка
Расында кітап әлемінде адам баласы жасынан бұрын ойсанасымен бағалы, сонысымен сыйлы. Бұған біз «Өркениетті адам» клубының кезекті ойталқысында көз жеткіздік. Мұнда жасөспірімдер мен орта жастағы ересектер, түрлі мамандық иелері мен бір отбасының мүшелері де бас қосқан. Осы жолғы кездесуінде оқырмандар алдын ала бекітілген жоспарлары бойынша Франц Кафканың «Құбылу» әңгімесін талқыға салды.
Клуб мүшелерінің сөзінше, әр кезекті ойталқыдан соң келесі шығармаға дауыс беру арқылы таңдап алынып, жиында шығарманы ұсынған адам қызықты сұрақ-жауап арқылы таныстырып отыруға міндеттеледі. Одан соң үстел басында жеке пікірлер айтылып, ой алмасады. Бұл жолғы жиында клуб мүшесі Күләш Махаметкеримова шығарма мен оның авторы туралы деректерді қамтыды.
Өз туындыларында кейіпкерлерін түрлі экспериментке салып, оқырманды ойға шырмап қоятын автордың осы туындысы күні бүгінге дейін қоғам талқысынан түскен емес. Адам баласына еңбек күші ретінде қараған өткен ғасырда қоғамдық келеңсіздіктерді әдебиет «Адам өлімі» арқылы жеткізіп отырды. Яғни, тоталитарлық биліктің ықпалынан шындық трансформацияланып, басқа формада, жан-жануар, обьектілер арқылы айтылды. Төл әдебиетіміздегі «Тазының өлімі», «Кербұғы» мен «Бәйгеторы» сынды шығармалар осы кезеңнің шоқтығы биік туындылары.
Кафканың аталмыш әңгімесі де қоңызға айналған адам арқылы қоғам үшін қандай да бір пайдасы болмаса, адами құндылықтардың елеусіз қалатындығын меңзейді. Мұнда кейіпкердің дәрменсіз күйге түсуі арқылы отбасы мүшелері арасындағы психологиялық ахуал да шебер суреттелген. Жазушы «Құбылу» арқылы әр адамның жаны өзіне ғана қымбат екенін, еңбекке жарамсыз адамның ең жақын адамдарының алдында қадір-қасиеті болмайтынын, адамгершілік принциптер қоғам түгілі, отбасында сақтала бермейтінін шынайы жеткізеді.
Кафка жас жігіттің жәндікке айналып, «адами формасының» өзгеріске түсуін баяндай отырып, оны қоршаған адамдардың бәрінің оқиғаға қатысты өзгеріп, құбылуын бейнелейді. Клуб мүшелері кітап талқысында осы мәселелерге баса назар аударды.
Кітап оқу арқылы отбасын сақтап қалған
Кітап оқудың пайдасы бірден көзге көрінбегенімен, бүгінгідей технократтық заман жедел нәтижелерді талап етеді. Бұл ретте кітап клубы да айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Мұны кітапсүйерлердің бастамасымен өткізілген әр байқау сайын келетін оқырман хаттарынан аңғаруға болады.
– 2024 жылы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай «Баласағұн» концерт залында 1300-ден астам оқырманға Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының тұсаукесерін өткіздік. Бұл ретте сарыкемерлік кәсіпкер Талғат Сейдәзімовтың ғимараттың жалдау ақысын түгелдей өзі көтеріп, көмек көрсеткенін атап өткіміз келеді. Ал бұл аз ақша емес. Одан бұрын өткен «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының байқауын өткізген тұста да тараздық кәсіпкер Меруерт Лештаева өз мейрамханасын оқырмандар үшін тегін ұсынды. Мұның бәрі біздер үшін үлкен қолдау. Кітапты насихаттап, ізгі қоғам құрудағы жобаларымыз осындай қолдаулардың арқасында жүзеге асып отыр. Тиісінше, оның нәтижесі де жоқ емес, мәселен «Бейсен және болмыс» байқауынан кейін ажырасқалы тұрған жас отбасы хабарласып алғысын білдірді. Осы кітап оқу байқауы арқылы бір отбасының шаңырағы шайқалмай аман қалғаны да біз үшін үлкен қуаныш. Тағы бір байқауымыздан соң құмар ойынға салынған бауырымыз хабарласып, алғысын жеткізді. Осындай жағдайлар көп, мұның бәрі бізді қанаттандырып шабыт сыйлайды, – дейді Құттыбек Әшірхан.
Қайта жаңғырған «Қазақ»
Бүгінде байқау жұмыстарынан бөлек клуб мүшелері өңірдің зиялы қауымдарымен кездесуді жолға қойып, мәдени орындар мен музейлерге саяхаттап тұруды әдетке айналдырған. Бұдан бөлек жастар жағы алматылық «Qadam» оқырмандар клубымен бірлесіп, шығармашылықты қолға алған. Атап айтқанда алматылық жастар 1913-1918 жылдары Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен шыққан «Қазақ» газетін жаңа форматта шығаруды бастаған. Мұны өңір-өңірдегі жастар қолдап, жамбылдықтар да аталмыш басылымның жас авторларына айналған.
– Кітапханадағы кездейсоқ кездесуден басталған таныстығымыз мені осы ортаға алып келді. Ол кезде кітап талқылайтын адамдарымыз да аз, отырып әңгімелесетін орынымыз да жоқ еді. Кейде жетекшіміздің үйінде, кейде қатарымыздағы массажист ағамыздың мекемесінде де бас қоса беретінбіз. Бірақ уақыт өтке келе санымыз арта түсті. Ең таңқаларлығы, мен мұнда түрлі жастағы адамдар мен әртүрлі мамандық иелерін кездестірдім: бірі темір жолда жұмыс жасаса, бірі жүргізуші, енді бірі массажист. Бәрімізді кітап біріктірді. Қазіргі газет шығаруға қатысты жобамыз туралы айтсам, әрине, «Қазақ» газеті тарихымыздың бір бөлшегі, оны бұрмалап, өзгерте де алмаймыз. Алматылық достарымыздың бастамасы тек осыған балама сипатта екендігін ұмытпаған жөн. Мұнда газеттің форматы мен атауы сақталғанымен, авторлардың бәрі жастар. Қазірдің өзінде басылымда біздің оқырмандардың біраз мақалалары жарияланып үлгерді, – дейді клуб белсендісі Нұрдәулет Қуанышбек.
Шыны керек, өңірде кітап оқитын орта мен арнайы клубтар, қозғалыстар мен ұйымдар аз емес. Десек те, олардың ғұмыры ұзаққа созыла бермейді. Бар болған күннің өзінде арнайы әлеуметтік ортаға (жастар, ардагерлер, белсенділер, т.б) құрылады. Ал «Өркениетті адам» – түрлі мамандық иелері мен әр жастағы оқырмандарды бір ортаға тоғыстырған клуб ретінде екі жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Фараби аңс аған қоғамды құрып, ізгілік пен адамгершілікке тәрбиелеуге ұмтылған жоба өміршең болғай!
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Өз өмірінің күзінен көктем іздеген кейіпкерлер
- 6 қаңтар, 2026
Университет ұстазының жаңаша ізденісі
- 30 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




