«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Екі жылдық күрестің нәтижесінде әділдік жеңді

Екі жылдық күрестің нәтижесінде әділдік жеңді
Автор
Білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеті үшін өткен жыл табысты болды. Басты жаңалық екі жылға созылған сот процесі аясында білім қызметкерлерінің құқығы заң аясында қорғалды.

Өткенге оралсақ, осыдан екі жыл бұрын облыстық білім басқармасына қарасты мемлекеттік білім беру мекемелері мен білім бөлімдері қаржылық бақылау тексеруінен өткізілген болатын. Тексеру барысында әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында жасалған ұжымдық шарттарға қатысты үлкен дау туындаған еді. Жұмыс берушілер тарапынан облыстық білім басқармасы, қалалық және аудандық білім бөлімдері, ал жұмыскерлер тарапынан Білім қызметкерлерінің кәсіптік одағы қатысқан ұжымдық шарттар құзырлы бақылаушы органдар тарапынан тексеріске алынып, сынға ұшырады. Ұжымдық шарт – еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құқықтық акт.

Онда қарастырылған барлық талаптар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және өзге де нормативтікқұқықтық актілерге толық сәйкес жасалғанына қарамастан, тексеру жүргізуге уәкілетті органдар өздерінің тексеруге құқық беретін құжаттарынан басқа ешбір құжатты назарға алмады. Соның салдарынан Ұжымдық шарт негізінде төленген қосымша ақылар мен Еңбек кодексінде белгіленген мөлшерде орындалған қосымша жұмыстарға төленген қаражатты өз пайымдаулары бойынша негізсіз және заңсыз деп танып, олардың барлығы бюджетке қайтарылуы тиіс деген нұсқама шығарылды. Нәтижесінде, бақылау тексеру органымен қорытынды шығарылып «Облыс әкімдігі білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 26.01.2024 жылғы анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама ұсынылды.

Нұсқамаға сәйкес «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» КММ тарапынан төмендегідей қаржылық бұзушылықтар анықталды деп белгіленіп, мемлекеттік бюджет есебіне 142565 500 теңге негізсіз жұмсалған қаражатты қайтару туралы талап қойылды. Оның ішінде: қызмет көрсету аймағын кеңейту үшін 77845,5 мың теңге сомасына 50 пайыз мөлшерінде жалақыға негізсіз қосымша ақы. Білім бөлімінің әдіскерлері мен басқа да қызметкерлеріне қоса атқару түрінде жұмыс атқарған уақыттары үшін төленген 43086 400 мың теңге сомасында жалақыны, сауықтыру жәрдемақыларын және демалыс төлемдерін негізсіз төленді деп белгіленіп, мемлекеттік бюджетке қайтару туралы ұсыныс білдірілді.

Аталған нұсқама және қорытындымен келіспеуі себебінен «Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» КММ тарапынан облыс Тараз қалалық сотына талап арыз берілді. Тараз қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен талап арыз қолдау таппай, қанағаттандырусыз қалдырылды. Облыстың азаматтық және әкімшілік істер бойынша аппеляциялық сотының шешімімен бірінші сатылы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Кассациялық сотымен бірінші сатылы соттың шешімі күшінде қалдырылып, апелляциялық соттың шешімі де өзгерген жоқ.

Нәтижесінде, тексеруші орган өз нұсқамасын 28.10.2025 жылға дейін орындау туралы талап қойылды. Осыған орай, заң талаптарына сәйкес, аталған қаражатты регрестік тәртіппен қызметкерлерден өндіру шаралары басталып, қызметкерлерге төленген сомаларды қайтару туралы талап қойылды, қайтарудан бас тартуларына байланысты білім бөлімі тарапынан айлық жалақыдан ұстау туралы бұйрық шығарылды. Бұл жағдай білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтарына тікелей әсер етіп, кәсіподақ ұйымының әділдік жолындағы күресін күшейте түсті. Кәсіподақтың облыстық ұйымының білікті заңгерлері мен Байзақ аудандық комитетінің кәсіби мамандары бірлесе отырып, мәселені жан-жақты зерделеп, заң аясында жүйелі жұмыс жүргізді. Сала өкілдерінің құқығын қорғау мақсатында бұйрықтың күшін жою туралы аудандық сотына талап арыз берілді. Сот шешімімен қызметкерлердің құқығы қалпына келтіріліп, айлық жалақыдан ұстау жүргізу туралы бұйрықтың күші жойылды. Нәтижесінде екі жылға созылған табанды еңбектің арқасында әділдік салтанат құрып, қиындықтың соңы үлкен қуанышқа ұласты.

Аудандық білім бөлімінің есепшілері мен әдіскер мамандарына төленген айлық жалақылар кері қайтаруға жатпайтын ақы болып белгіленіп кәсіподақ мүшелерінің пайдасына келтірілген экономикалық тиімділік сомасы 120 миллион 931 мың 900 теңгені құрады. Бұл ретте 36 есепші маман, оның ішінде бүгінгі күнде зейнеткерлік жасқа жетіп, жұмыстан босатылғандары бар, және 16 әдіскер мамандардың құқығы қорғалды. Бұл жеңіс – кәсіподақ ұйымының бірлігі мен құқықтық сауаттылығының, еңбек адамының мүддесін қорғаудағы табандылығының айқын дәлелі.

 

Ләззат АЙТҚҰЛОВА

аудан бойынша аймақтық құқықтық инспектор.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар