Қазіргі таңда өмірдің сәл ғана сынағына төзе алмайтын, қатыгез адамдар көбейді. Тұрмысқа шығатын бойжеткендер келін атанбай жатып өзінің талабы мен шартын алдыға ұстап келетін болды. Олар болашақ жұбайларына: «Сенің көлігің, жақсы айлығың болу керек. Ең бастысы атаанаңнан бөлек тұрамыз» дегенді ашық айтатын болды. Мұны қатыгездік демегенде не дейміз?! Бұл сол қызды өсірген ананың ой өрісін, тәрбиесін байқатады. Егер анасы: «Қызым, біздің әулет Құдай деген жандармыз. Сені тәрбиелеу менің міндетім. Болашағың туралы ескерту де – міндетім. Жат жұрттықсың. Сен барған жеріңді сыйла, қадірле. Атаң мен енеңе мейірімді бол, бірге тұр.
Жарыңды құрметте. Сол құрметің мен ізетің үшін көп жылдар өтпей жақсылыққа кенелесің» десе, болашақ келіндердің аты өзгерер еді. Алла әрқашан мейірімді, рахымды. Жаратушы Мұхаммедті Пайғамбарлыққа жібергенде оған: «Біз сені бүкіл әлемге рахман (мейірімділік) етіп жібердік», – дейді. Ал Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамға мейірімді болмағанға, Алла мейірімділік етпейді» деп ескертеді. Бұл ескертулерден нені ұғуға болады?
Ең бастысы, әлемге жақсылық нұрын шашатын да, тіпті суық мұздарды да жібітетін күш – мейірім. Әр ата-ана кейде баланы бағу деген тамағын тойдыру, киіндіру деп ойлайды. Барлық ойы ақша табуға ауып кетіп, балаға шуағын төгіп, мейірім көрсетуді екінші немесе үшінші кезекке ысырып тастайды. Ондай әкенің қателігі де сол. Әкенің басты міндеті баласына мейірімділік көрсету, баланы адамгершілікке үйрету. Ата-анаңа жылы қабақ таныту, оларды ардақтау сенің парызың. Мұны естен мүлдем шығармаған жөн. Соған қарамастан он баласы болса да, біреуінен рахат көрмеген әкелер мен аналар бар өмірде. 8-9 ұл-қызы қартайған кезінде бас тартып, қарттар үйінде сағынышпен күн кешіп жатқан қарттардың саны аз емес. Мұндай келеңсіздікке себеп – мейірімнің жоқтығы. Ал енді кейбір жүрегі жылы азаматтарды көргенде жаның жадырайды.
Төмендегі мысал кім-кімге де ой салары хақ. «Бір жігіт әкесін мейрамханаға отырғызып, қалаған тамағын алып береді. Әкесінің қартайып кеткені соншалық, қолы дірілдеп, тамақты елдің көзінше төгіп-шашып ішіпті. Ол сонда да төккен тамағын сүртіп алып, тамағын аузына тосып, әлгі жерде баласына тамақ бергендей асты-үстіне түседі. Сонда отырғандардың бәрі екеуіне аузы ашылып қарап отырады. Тамақ ішіп болғаннан кейін әкесін қолжуғышқа алып барып, қолын жуып, бет-ауызын сүртіп, киіміндегі былғанған жерін тазалай бастапты. Сосын қайтып келіп тамақтың ақшасын төлейді де, кейін әкесінің қолынан ұстап шығып кетеді. Екеуі көлікке отырып енді жүре бергенде мейрамхананың иесі жүгіріп келіп, әкесінің маңдайынан сүйіп, ұлын қайта-қайта құшақтап тұрып бүй депті:
– Бауырым, сіз мейрамханада ештеңе ұмытып (тастап) кеткен жоқсыз ба?
– Жоқ, ештеңені ұмытқан жоқпын.
– Жоға, сіз осы жаңа бәрінің көңілін босатып, керемет үлгі көрсетіп кеттіңіз. Бізге «тастап» кеткен нәрсеңіз сол. Ол нәрсе өте бағалы. Сізге Алла разы болсын!», – дейді.
Жігіттің әрекеті мейрамханадағы отыз адамға әсер етті. Отыз адамның әрқайсысы көрген көріністі отыз адамға айтады. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деп бекер айтпайды ғой. Жақсы үлгі осылай барша көпшілікке тарайды. Ол жігіт тіпті менің әрекетімді біреу мақтасын, біреу үлгі алсын деп те жасаған жоқ.
Әкесінің разылығы үшін жасады. Бірақ, Жаратушы сол әрекеті үшін жігіттің дәрежесін көтеріп, маңайдағы 30 адамға үлгі етіп қойды. Міне – әділдік. Сіз қандай ұл, қандай әке болып жүрсіз? Бір сәт ойланыңыз. Жүректен төгілген аз ғана мейірім әлемді жылытады.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
«Әрбір министр мен әкімнен нақты нәтиже керек»
- Бүгін, 15:06
Ортақ аспанға ортақ жауапкершілікпен қарау керек
- 20 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




