«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бір аптада – 71 шақырту

Бір аптада – 71 шақырту
Автор
Құтқарушылардың күнделікті қызметі – тәулік бойы дайындық пен әрбір шақыру кезінде жедел әрекет ету. Қандай жағдай болмасын, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау үшін жылдам әрі үйлесімді әрекет ететін кәсіби мамандар кез келген ауа райында және тәуліктің кез келген уақытында көмек көрсетуге дайын. Бүгінде заманауи техникалар мен жабдықтар және жеке құрамның үйлесімді жұмысы ең күрделі жағдайларда да тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Ал тәжірибе, жауапкершілік және өзгенің өмірі үшін тәуекелге баруға дайын болу – әр минут шешуші болған сәтте көмекке дер кезінде жетудің басты кепілі.

Екі адам құтқарылды

Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, өткен аптада облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 12 төтенше жағдайлар және оқиғалар тіркелген. Оның 11-і техногенді сипаттағы болса, 1-і жедел ақпарат. Департамент бөлімшелері 71 шақыртуға, оның ішінде өрт сөндіру бөлімдері 47 шақыртуға (өртке – 10, жану оқиғаларына – 29, авариялық-құтқару жұмыстарына – 7, басқа да түрлі сипаттағы – 1) шықты. Нәтижесінде 9 адам, оның ішінде 1 бала қауіпсіз орынға көшірілді.

Жедел-құтқару жасағы авариялық-құтқару жұмыстарына 24 рет барып, нәтижесінде 2 адам құтқарылды. Апта ішінде «Қазгидромет» РМК филиалынан түскен ескертулерге сәйкес, облыс тұрғындарын хабардар ету үшін ұялы байланыс операторларына 13 СМС-хабарлама жіберілді. Осы аралықта «101» және «112» желісіне жедел сипаттағы 794, жедел емес сипаттағы 7490, барлығы 8284 қоңырау түскен.

Қазақстан – ТМД-да УҚТ-радио желісін іске асырған алғашқы ел

Еліміздің азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің бірыңғай ведомствоаралық радио желісінде жұмыс басталды. Соңғы уақытқа дейін республикада аумақтың едәуір ұзақтығына байланысты әрбір өңірде УҚТ-радиобайланыс жүйесі дербес қалыптасты. Техникалық шешімдердің бытыраңқылығы, бірыңғай стандарттың болмауы және өңіраралық өзара ісқимылдың шектеулі мүмкіндіктері, әсіресе төтенше жағдайларда бөлімшелерді басқару тиімділігін айтарлықтай төмендетті. Байланыстың орнықтылығына, сенімділігіне және жеделдігіне қойылатын өсіп келе жатқан талаптар республикалық деңгейдегі бірыңғай орталықтандырылған УҚТ-радиобайланыс жүйесін құруға негіз болды.

Осы міндетті іске асыру үшін Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық ұлан және Ішкі істер министрлігі өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының қызметі шеңберінде ведомствоаралық радиожеліні құру қағидаттарын, радиоқамтудың басым аймақтарын айқындауды, инфрақұрылым объектілерін орналастыруды, сондай-ақ басқару тиімділігін және күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын арттыру мақсатында жобаны іске асырудың кезеңділігін қоса алғанда, оны ұйымдастыру мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылды және пысықталды.

Қабылданған шешімдердің қорытындысы бойынша негізгі елді мекендер мен негізгі көлік бағыттарын қоса алғанда, Қазақстан аумағының негізгі бөлігінде радиоқамтуды басым қамтамасыз ете отырып, желіні кезең кезеңмен өрістету көзделген. Жыл бойы базалық станцияларды орнату бойынша монтаждау жұмыстары жүргізілді.

Қойылған міндетті іске асыру еліміздің барлық өңірлерін бірыңғай радио желісіне біріктіруге мүмкіндік берді және оны одан әрі кеңейту үшін, оның ішінде шалғайдағы аудан орталықтары мен жетуге жолы қиын аумақтарды қамту есебінен жағдай жасады. Жүйені одан әрі дамыту шеңберінде биыл облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада тұрақты радиосигналды қамтамасыз ету үшін қосымша базалық станциялар сатып алу көзделген. SmartOne диспетчерлік платформасын қолдана отырып, аудандық бөлімшелердің цифрлық ретрансляторларын ірі ауылдық елді мекендерде, шалғайдағы объектілерде, автожолдарда және орман алқаптарында радиобайланысты қамтамасыз ету үшін кейіннен оны ұлғайта отырып, транкингтік желіге біріктіру жоспарлануда.

Дамудың келесі маңызды кезеңі транкингтік желілер, 3G/4G/LTE кең жолақты қолжетімділік желілері және интернет желілері корреспонденттерінің жұмысын бірыңғай коммуникациялық кеңістікте біріктіруге мүмкіндік беретін HyTalk коммутациялық жабдығын пайдалана отырып байланысты ұйымдастыру болады. Айта кету керек, Қазақстан ТМД кеңістігінде мұндай ауқымдағы және аумақтық қамтудағы радио желісін іске асырған алғашқы ел болып табылады.

ТЖМ смартфондарда төтенше құлақтандыру функциясын қосу қажеттігін еске салады

Төтенше жағдайлар министрлігі Cell Broadcast технологиясын қолдана отырып, халықты мобильді құрылғылар арқылы жедел құлақтандыру жүйесін енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жүйені еліміздің барлық аумағында кезең кезеңімен енгізу мақсатында сейсмикалық белсенді 11 өңір анықталды. Қазіргі уақытта «Mass Alert» ақпараттық жүйесіне Алматы, Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары қосылған.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар барысында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығымен бірлесіп, қытайлық кейбір мобильді құрылғыларда (Huawei, Xiaomi және т.б.) Cell Broadcast арқылы жедел құлақтандыру қызметі операциялық жүйе баптауларында әдепкі қалпында өшіріліп тұрғаны анықталды. Соның салдарынан мұндай құрылғылардың иелері «Mass Alert» ақпараттық жүйесі арқылы жіберілетін төтенше хабарламаларды алмауы мүмкін. Сонымен қатар төтенше хабарламаларды алмау қаупі мына жағдайларда: iOS 18 нұсқасынан төмен операциялық жүйесі бар iPhone құрылғыларында, Қазақстан аумағына ресми сертификаттаусыз басқа елдерден әкелінген мобильді телефондарда, еліміздегі ұялы байланыс операторларының желілерінде тіркелмеген құрылғыларда және республикада пайдалануға арналмаған, яғни рұқсатсыз енгізілген мобильді құрылғыларда сақталады.

Аталған құрылғыларда Cell Broadcast хабарламаларын қабылдау баптаулары шектеулі болуы, мүлде болмауы немесе дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Бұл жағдай қауіп төнген кезде немесе төтенше жағдайлар туындағанда азаматтардың жедел ақпаратты уақытында алмауына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты министрлік азаматтарға мобильді телефонның баптауларында жедел хабарламалар (Cell Broadcast) функциясының бар-жоғын және қосулы тұрғанын тексеруді, Қазақстанға ресми түрде әкелінген және тіркелген мобильді құрылғыларды пайдалануды, смартфонның операциялық жүйесін уақытылы соңғы нұсқаға дейін жаңартып отыруды ұсынады.

Министрлік мемлекеттік органдармен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, халықты жедел құлақтандыру жүйесінің сенімділігі мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Тұрғын үй секторындағы профилактикалық шаралар жалғасуда

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт санын азайтуға бағытталған профилактикалық ісшараларды тұрақты негізде жүргізуде. Бұл жұмыс жыл бойы жүргізілуде, ал жылыту маусымы кезінде оның векторы тұрғын үй секторына бағытталады. Жылыту маусымы басталар алдында республика бойынша өрт қауіпсіздігіне тексерілген және тұрақты аулаларды аралау барысында қайта қаралған халықтың әлеуметтік осал топтарының 100 мыңнан астам үйі ерекше бақылауда тұр. Анықталған өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкессіздіктер міндетті түрде тұрғындарға жеткізілуде.

Тексеру барысында негізінен пеш жабдықтары мен электр желілерін пайдалануға байланысты бұзушылықтар, мысалы, пештер мен мұржалардағы жарықшақтар, пеш алдындағы қаңылтырдың болмауы, жанғыш конструкциялардан өртке қарсы ауытқудың болмауы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі, электр сымдары оқшаулауының бұзылуы және тағы басқалары анықталды. Бұл бұзушылықтарды жою көбінесе үлкен шығындарды қажет етпейді, бірақ қайғылы жағдайдың алдын алады.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша бұрын өрт қауіпсіздігі бұзушылықтары анықталған 32 мың үйдің 60 пайызының кемшіліктері түзетілген. Жергілікті атқарушы органдармен және волонтерлермен бірлескен жұмыс шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне 39 мыңнан астам улы газ, табиғи газ және түтін датчиктері орнатылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өз үйлеріндегі өрт қауіпсіздігі мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Мәселен, тек жұмыс істейтін пештер мен электр құрылғыларын пайдаланған жөн.

Пештердің қызып кетуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеңіз. Мұржаны күйеден уақытында тазалап, пеш пен электр құрылғыларының ақаулықтарын үнемі тексеріп отыру керек. Балаларға пеш жағуды тапсыруға болмайды және сіріңке мен тұтандырғыштар балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақталуы тиіс.

Екі ауданда ерікті өрт сөндіру пункті ашылды

Өткен жылдан бері ауылдық жерлерде азаматтық қорғау жүйесін дамытуға және нығайтуға бағытталып, іске асырылып келе жатқан «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінің басым бағыттарының біріне айналып отыр. Бағдарламаны іске асыру аясында еліміздің 17 өңірінде 150 жаңа ерікті өрт сөндіру пункті құрылды. Олардың ашылуы ауылдық жерлерде өртке қарсы қорғаныш желісін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді, мұнда бұрын кәсіби бөлімшелер болмаған немесе шұғыл қызметтердің келу уақыты айтарлықтай ұзарған болатын.

Барлық пункттер тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру үшін қызметтік-тұрмыстық үйжайлармен, заманауи байланыс құралдарымен, қажетті жабдықтармен және өрт сөндірушілердің киімдерімен қамтамасыз етілген. Министрліктің аумақтық бөлімшелеріне 149 өрт сөндіру техникасы беріліп, бұл жедел әрекет ету мен өртті ерте кезеңде оқшаулау мүмкіндіктерін едәуір арттырды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункттері өз күштерімен 753 өртті сөндіріп, мемлекеттік өртке қарсы бөлімшелермен бірлесіп 2 мыңнан астам оқиғаның алдын алды.

Бұл ауылдық елді мекендердегі материалдық шығынды едәуір азайтуға мүмкіндік берді. Бағдарлама жергілікті тұрғындар арасынан ерікті өртке қарсы құрылымдар құруға бағытталған. Олар арнайы оқытудан өтіп, өрттер мен төтенше жағдайларда жедел әрекет ету дағдыларын меңгереді. Бұл тәсіл өртті бастапқы кезеңінде-ақ оқшаулауға, салдарын азайтуға және ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың айтуынша өрт басталғаннан кейінгі алғашқы 10-15 минут залал көлемін айқындайды, ал бағдарлама аясында осы шешуші уақыт барынша тиімді пайдаланылуда.

Бүгінде облыста да өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Жақында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында еліміздің 142-ші заманауи ерікті өрт сөндіру пункті Т.Рысқұлов ауданының Қорағаты ауылдық округінде ашылды. Бұл ауылдық округке жалпы саны 1240 адамды қамтитын бес елді мекен кіреді. Жаңа бекет Қорағаты ауылы, Қорағаты стансасы, Аққайнар, Тойқұдық және Мамыртөбе ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Нысанның ашылуы халықты қорғау деңгейін арттыруға және ауылдық жерлердегі өртке қарсы инфрақұрылымды нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар Сарысу ауданында Түркістан ауылдық округінің Әшір Бүркітбаев атындағы ауылында да 1299 адам тұратын үш елді мекенді қорғауға арналған ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді. Бұл пункттер тәулік бойы кезекшілікке арналған қызметтік және тұрмыстық үй-жайлармен жабдықталған, өрт сөндіру-құтқару құралдарымен, байланыс құралдарымен және қызметкерлердің жеке құрамына арналған арнайы киім-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ерікті өрт сөндіру пункттерін ашу және жаңғырту өрт сөндіру бөлімшелерінің келу уақытын қысқартуға, ауыл тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға және еліміздің шалғай елді мекендеріндегі өртке қарсы инфрақұрылымды нығайтуға ықпал етеді.

«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасын іске асыруда мемлекет, жергілікті атқарушы органдар, бизнес өкілдері және бастамашыл азаматтар арасындағы белсенді өзара әрекеттестік қамтамасыз етілуде. Жоба алдағы уақытта да кезең кезеңімен кеңейіп, жаңа елді мекендерді қамти отырып, ауыл халқының қауіпсіздік деңгейін арттыруға және елдің азаматтық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға мүмкіндік беретін болады.

Улы газ датчиктері орнатылды

Талас ауданының төтенше жағдайлар бөлімі Қаратау ауылдық округіне қарасты Есейхан ауылында тұрмыстық қауіпсіздікті арттыру мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, оның барысында құтқарушылар тұрғын үйлерге улы газды анықтайтын арнайы датчиктер орнатты. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлеріне ерекше назар аударылды, себебі бұл санаттағы азаматтар үшін жылыту маусымында төтенше жағдайлардың туындау қаупі жоғары.

Жүргізілген профилактикалық жұмыстар улы газбен улану оқиғаларының алдын алуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жылыту маусымы кезеңінде тұрмыстық өрттердің санын азайтуға бағытталған.

Қатпаған мұз үстімен жүру – өмірге қауіпті

Қысқы кезеңде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында еліміздің өңірлерінде республикалық үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары азаматтарға мұз үстінде қауіпсіз жүру қағидаларын, мұз астынан балық аулау талаптарын, сондай-ақ қысқы белсенді демалыс кезіндегі сақтық шараларын түсіндіруде. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де халықтың жаппай демалатын орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Құтқарушылар кез келген көлік құралымен, соның ішінде квадроциклдер мен қарда жүретін техникалармен мұзға шығуға қатаң тыйым салынатынын еске салады. Сырғанақтарда және тюбингпен сырғанау кезінде қауіпсіздікке ерекше назар аударылады, азаматтарға тек арнайы жабдықталған орындарды таңдауға, қауіпті еңістерден сырғанамауға, тюбингте дұрыс отыру ережесін сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді Жуалы ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Б. Момышұлы ауылында орналасқан «NURAI плаза» орталығында орталық қызметкерлері мен оқушыларға арналған қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізді. Іс-шара барысында тұрғындарға және балаларға улы газдан уланудың алдын алу, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау, балалардың отпен ойнауына жол бермеу туралы маңызды ақпараттар жеткізілді.

Сонымен қатар, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шаралары, мұз үстіндегі қауіпсіздік, жұқа мұздың қауіптілігі, сондай-ақ балалардың терезеден құлауын алдын алу шаралары жан-жақты түсіндірілді. Құтқарушылар қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін атап өтіп, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін әрбір азаматтың жауапкершілігі жоғары болуы қажет екенін ескертті.

Сервистік орталықта сәтті өткен сабақ

Тараз қаласындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жеке құрамының қатысуымен сервистік орталықта өткен өрт-тактикалық сабаққа жалпы 3 техника мен 14 адам қатысты. Іс-шараның сценарийі бойынша аталған орталықта автокөлікке жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан өрт шығып, нысан қызметкерлері өрт сөндірушілерді жедел шақырып, құтқарушылар келіп жеткенше тиісті жұмыстарды атқарған. Өрт-тактикалық сабақ барысында екі жауынгерлік учаске және екі газ-түтіннен қорғау буыны құрылып, өртті сөндіру, адамдарды құтқару жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнынан жалпы бір адам құтқарылып, 40 адам қауіпсіз орынға көшірілді.

Өрт сөндіруші-құтқарушылар автокөліктегі шартты өртті дер кезінде сөндірді. Іс-шара соңында басқарма қызметкерлері аталған сервистік орталық қызметкерлерімен өрт туындағанда атқарылуы тиіс алғашқы әрекеттерді пысықтап, өрт сөндіргішті қалай қолдану қажеттігін түсіндірді.

«Жедел желі» іске қосылды

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өзіңді тексеріп, қауіпсіз бол!» акциясы қарсаңында тұрмыста және жұмыста өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтарға кеңес беру және ақпараттандыру үшін «Жедел желіні» іске қосты. «Жедел желі» департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасында құрылды. Кеңес беру жұмыс режиміне сәйкес сағат 9:00-ден 18:30 аралығында жүргізіледі. Байланыс нөмірі: 8 (7262) 43-58-39.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар