«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Адал табыс тауып жүргенімді мақтан тұтамын»

«Адал табыс тауып жүргенімді мақтан тұтамын»
Автор
Еден жуушы туралы көп жазыла бермейді. Бірақ біздің жайлы жұмыс орнымыздың тазалығын қамтамасыз етіп, бөлмемізге жайлылық сыйлайтын жандар қашанда үлкен құрметке лайық. Өкінішке орай, кейде білімді, көкірек көзі ояу, парасатты деген кейбір азаматтардың техникалық қызметкерлерге жиіркенішпен қарайтыны бар. Бір ұжымда отырып, оларды бөлетінін қайтерсің. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы оларға деген құрметті арттырып, санаға сілкініс әкелгені айқын.

Еден жуып жүргеніне ширек ғасырдан асқан Гүлсім Кубеева өз кәсібіне мақтанышпен қарайды.

«Мен еден жусам, сонымен отбасымды, бала-шағамды асырадым. Жұбайыма бір жағынан сүйеу болып, отбасы бюджетінің көбеюіне демеу жасадым. Сөйтіп, осы жұмыстың арқасында ұл-қыздарымды жеткіздім, қатарынан кем қалдырмай жоғары білім алуларына сеп болдым. Жұмыс істеп жаман болғаным жоқ. Балаларым тәрбиелі, ауыр жұмыстың қадірін менен де жақсы біледі», – дейді Гүлсім апай.

Оның Қаратау қаласындағы мектеплицейде жұмыс істеп келе жатқанына 25 жыл болыпты. Еңбек жолын «Балдырған» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып бастаған Гүлсім апай кейін тон тігу цехында тігінші болып істеген. Милиция бөлімінде де жұмыс атқарған екен.

– Президентіміз өткен жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жайдан-жай жариялаған жоқ. Еңбек адамының беделін көтеруді мақсат тұтты. Олардың жұмысын жастарға үлгі етіп көрсету арқылы қандай еңбек болса да оның қайырымы, қайтарымы болатынын көрсетті. Жұмысшы мамандықтары болмаса ауыл шаруашылығын кім игереді, жер жыртып егінді кім салады, малды кім бағады, құрылыста кім жұмыс істейді? Бәрі бір-бірімен байланысты. Біздің міндет – мұғалімдердің жұмыс істеуіне, оқушылардың жақсы білім алуына жайлы, таза ортаны қалыптастыру. Байқасаңыз, біздің де қоғамның дамуына, баланың білім алуы мен тәрбиесіне қосып отырған үлесіміз зор. Мен бұл ісіме арланбаймын, еден жуып, адал табыс тауып жүргенімді мақтан тұтамын, – дейді Гүлсім Аринқызы.

Еңбегі ескерусіз емес. Зейнетке шығуына екі жыл қалған Гүлсім апайды әріптестері де адалдығы үшін жақсы көреді.

«Гүлсім Аринқызы бізде ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан қызметкер. Ұжымда жастарға ақыл айтып, жөн сілтейтін үлкендеріміздің бірі. Әріптестері, жастар ол кісіні қатты сыйлайды. Былтыр Amanat партиясының Құрмет грамотасымен, білім мекемесінің Алғыс хатымен марапатталды. Аудандық кәсіподақ комитеті тарапынан көмек алды, Түркістан қаласына саяхаттап қайтты. Біз өз қызметкерлерімізге қолдан келгенше көмегімізді, құрметімізді көрсетіп, қолдаудан танған емеспіз. Бүгінде 5 ұлқызды тәрбиелеп, олардан 13 немере сүйіп отырған Гүлсім әпкенің еңбегі көпке үлгі, өнеге», – дейді мектеп-лицей директорының ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Асанова.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар