«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мойынқұмның аялдамаларынан адам ұялады...

Мойынқұмның аялдамаларынан адам ұялады...
AQ JOL
«Көрмейін десем, көзім бар, айтпайын десем, сөзім бар» демекші, күре жол бойындағы аялдамалардың жағдайы бүгінде сын көтермейді. Кейбір аялдамалардың санитарлық жағдайына қарап аялдама деуге келмейтін сияқты. Дәрет сындырғаны былай тұрсын, үйіліп жатқан күл-қоқысқа қарап, мұнда талай уақыттан бері тазалық жұмысы жүргізілмегенін аңғару да қиын емес.

Мойынқұм ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған «Таза Қазақстан» акциясы өткізілмеген бе, өткізілсе де бәрі қағаз жүзінде ұйымдастырылған ба деген ойда қаласың. Аудан әкімдігі берген мәліметке қарасаң талай жұмыс еңсерілген, ал аудан орталығы Мойынқұм ауылына кіреберісте орналасқан аялдаманың сиқы мынау. Аудан аумағындағы көп аялдамалар тозған. Жолы жөндеу көрсе де аялдамалары қараусыз қалған сияқты. Мойынқұм ауылынан Ұланбелге шыға берістегі аялдамада жиналған күл-қоқыс бір күнде жиналмағаны анық. Онда сынған бөтелке шағылып, шишалары шашылып, пластик құтылар мен темір қалбырлар үйіліп қалған. Күлек қалта мен басқа да заттар бар. Неге тұрғанын, аялдама ортасында үлкен бетон плита біраз орынды алып тұр. Оны көлік күткен жолаушы демалсын деп қойғанын немесе пандемия кезінде жолды жауып, кейін осында тұра тұрсын деп сүйреп қоя салды ма екен. Кірпішпен қаланған аялдаманың бір бұрышына не зауал келгенін, әйтеуір опырылып түсіпті. Күйген кірпіші шашылып жатыр. Аудан орталығындағы аялдама осындай болса, жол бойында көрген, бояуы оңған, кірпіші мүжілген, темірі жалбыраған аялдамаларды айтпай-ақ қойсам да болады.

Аялдама түбіндегі бағдарлаушы тақтаға қарасақ Қылышбай ауылына дейін 15, Құмөзекке – 54, ал Қарабөгетке 68 шақырым екен. Мұнда жолға шығып, көлік күтетіндер де бөтен емес, осы ауыл тұрғындары болар. Аялдамада көлік күтіп тұрған Қарабөгет ауылының тұрғынын сөзге тарттық. Есімін Мұхтар деген жігіт ел мәдениетінің төмендеп кеткенін қынжыла жеткізді. – Осыны сырттан бөтен адам келіп істемейді ғой. Тұрған аялдамаға келіп соқтығып, есімдерін жазып, боқауыз сөзді бадырайтып таңбалап кететіндер өкінішке қарай азаймай тұр. Өздеріңіз сияқты жолаушыларды көргенде қатты ұяламын. Қабырғасы жарылып, сылағы түскен аялдаманы жел тұрған күні қалқа, жаңбыр жауған күні пана етеміз. Осы жолмен әкімдер де арыбері зуылдап өтіп жатады. Бірақ сонадайдан мен мұндалап қирап жатқан аялдаманы қалай байқамай өтіп кететініне таңым бар, – дейді ауыл тұрғыны. Осы мәселемен аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қайырылған едік. Бөлім басшысы Бауыржан Төлегенов бұл аялдаманың жайымен жақсы таныс екенін айтты.

 – Аялдаманың жағдайы бізге жақсы таныс. Ауыл тұрғындары тарапынан бізге осы аялдама бойынша арызшағым да түскен. Бірақ аялдама бізге қарамайды. Оны біз жөндей алмаймыз. Өйткені ол аудандық мәндегі жол болғандықтан облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарайды. Біз жыл аяғына дейін осы аялдама жөнделетін шығар деп күттік. Өзі құлағалы тұрған аялдама төбесі бетон плитамен жабылған. Тағы бір күні төбедегі плитасы құлап адамды басып қалар ма екен деп қорқып отырмыз. Аялдаманы қайта жөндегеннен гөрі бұзып жаңасын сала салған дұрыс. Басқарма тарапынан әрекет болмағандықтан, біз оны бұзып тастаған дұрыс деп отырмыз. Ертең аялдаманы бұзамыз, – деді Бауыржан Төлегенов.

Марат Құлибаев,

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар