«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
Автор
Қылмыс хроникасы

СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ САҚТАҒАН АЗАМАТ ҰСТАЛДЫ

Тараз қаласында ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратты іске асыру барысында аса ірі көлемде синтетикалық есірткі затын заңсыз сақтаған ер адамды ұстады. Күдіктіні жеке тінту барысында жалпы салмағы 29,31 грамм болатын 40 орама синтетикалық есірткі заты табылды. Сонымен қатар оның өз бағыттауымен бұрын жасырған орнынан осындай 9 орама алынды.

Аталған есірткі заттарының жалпы салмағы 11 грамм 4 миллиграмды құрады. Бұдан бөлек 30 жастағы алматылықтың Тараздағы уақытша тұратын мекенжайынан жалпы салмағы 919 грамм 92 миллиграмм болатын синтетикалық есірткі заты, сондай-ақ электронды таразылар, оқшаулағыш таспалар және ZIP-пакеттер тәркіленді.

Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сатып алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Тергеу амалдары жалғасуда.

МЕМЛЕКЕТТІК НӨМІРІН «МАЙЛЫҚПЕН» ЖАСЫРҒАН ЖҮРГІЗУШІ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Өңірде полиция қызметкерлері «Жалған нөмір» жедел-алдын алу ісшарасын өткізу аясында мемлекеттік тіркеу нөмірлерін заңсыз өзгерту және жалған нөмірлерді пайдалану бойынша бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолында жүргізушілердің бірі «Daf» жүк көлігіндегі мемлекеттік тіркеу нөмірінің бір әрпін майлықпен жауып алғаны белгілі болды. Ол бұл әрекетке ақылы жолға төлемеу және бейнебақылау жүйелерінде жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері тіркеліп қалмау мақсатында барған.

Сонымен қатар іс-шара барысында тағы бір «Daf» көлігінің жүргізушісі жауапкершіліктен жалтару мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмірін арнайы техникалық құрылғы трос арқылы әдейі жасырып алғаны анықталды. Аталған жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды.

Құқық бұзушылар сот шешімімен бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, бес тәулікке және екі тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ жедел-алдын алу ісшарасы кезінде тоқтатылған «Alphard» автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірінің жалған екені белгілі болды. Аталған көлік өткен жылы есептен шығарылғаны анықталды. Өрескел құқық бұзушыға ӘҚБТкнің 590-бабы 4-бөлігіне сәйкес, бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырып, қамауға алу жазасы қарастырылуда.

Іс материалдары сотқа жолданды. Облыстық полиция департаменті мемлекеттік тіркеу нөмірлерін әдейі жасыру, өзгерту немесе жалған нөмірлерді пайдалану ауыр әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын ескертеді. Полицейлер азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және заң талаптарын бұзбауға шақырады.

 

 

Ұқсас жаңалықтар