«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есеп-шоттағы ақшаны қалай жұмсауға болады?

Есеп-шоттағы ақшаны қалай жұмсауға болады?
Автор
Әр жылдың басында 18 жасқа дейінгі балалардың шотына Ұлттық қордан қаражат аударылатыны белгілі. Ресми тілде оны «нысаналы жинақ» деп атайды. 2025 жылға арналған мақсатты талаптар мен оған есептелетін инвестициялық табыс 1 ақпанға дейін балалардың шотына аударылады. 2008 жылы дүниеге келген балалар биыл 18 жасқа толады. Олардың жинағы да 1 ақпанға дейін жинақ шотына түсіп болады.

Барлық балаға аударылатын қаражаттың дені Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызынан құралатынын біліп жүрген абзал. Сол табыс барлық балаға тең бөлінеді. Өткен жылдары әр балаға есептелген қаражат Ұлттық қордың актив құрамында қала береді және одан әрі инвестицияланады. Сол арқылы оған қосымша табыс есептеле береді. 18 жасқа толмай ол қаражатты мерзімінен бұрын алу мүмкін емес. 18 жасқа толғаннан кейін жинақты екі мақсатта ғана пайдалануға болады.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін және білім ақысын төлеу үшін. Егер жинақтың иесі қайтыс болса, жиналған қор Қазақстан заңнамасына сәйкес мұрагерлікке өтеді.Ұлттық қордың ақшасына иелік ету үшін әр ата-ана немесе заңды өкіл баланың жеке басын куәландыратын құжаты мен ЖСН-і бар-жоғын тексеріп қойғаны дұрыс. Егер әлі алынбаған болса, рәсімдеу керек. Сосын баланың жеке басының деректері – аты-жөні, туған күні, ЖСН, азаматтығы дұрыс жазылған ба – оны да тексеріп қойған артық емес. Қалай тексеруге болады?

Әрине, онлайн. eGov порталына кіріп, жеке кабинеттегі «Цифрлық құжаттар» бөлімінен бала туралы мәліметтің бар-жоғын біле аламыз. Егер баланың жеке куәлігі немесе ЖСН болмаса тұрғылықты мекенжайына қарай ХҚКО-ға жүгіну керек. Азаматтығы көрсетілмесе немесе қате жазылса көші-қон қызметіне бару керек. Ұлттық қорға қатысты бірнеше сұрақтарды қарастырып көрейік. Ұлттық қордың ақшасы түскенін қайдан білуге болады? EGOV порталынан. Компьютерден кіресіз бе, мобильді қосымшадан тексересіз бе – ерік өзіңізде, ыңғайға қарай. Жиналған қаражатты 18-ге толған соң қалай аламыз? Ұлттық қордан түскен ақшаға салық салына ма? Ұлттық қордан баланың шотына түсетін ақшалар мақсатты жинаққа жатады. Яғни, ол төлемдерге салық салынбайды. Қандастар бұл жобаға қатыса ала ма?

Біздің қоғамда тарихи Отанына көшіп келген «қандас» мәртебесі бар азаматтар да өмір сүреді. Бұл сұрақ та Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңмен реттелген. Егер баланың өзі Қазақстан азаматтығын алған болса, «Ұлттық қор – балаларға» жобасына қатыса алады. Толық құқығы бар. Тек 18 жасқа толып кетпесе болды.

Егер бала азаматтығын ауыстырып, басқа елге кетсе? Ондай жағдайда Ұлттық қор қаражатын пайдалана алмайды. Өйткені Қазақстан азаматтығынан шыққан балаларда ондай құқық болмайды. Өзге елде дүниеге келген бала Қазақстан азаматтығын алса?

Бағдарламаға қатыса алады. 18 жасқа толмаған болса, Қазақстан азаматтығын алса – жеткілікті. Осы жерде ескеретін бір нәрсе бар. Ол балаларға Ұлттық қордың ақшасы туған күнінен емес, азаматтық алған күннен бастап есептеледі. Бала қаражатты 18-де емес, кейін – 20 не 25 жасында пайдалана ала ма?

Иә, пайдалана алады. Бала 18 жасқа толғанда, автоматты түрде оның атына БЖЗҚ-да арнайы жинақ шоты ашылады. Ұлттық қордан бөлінген қаражат сол шотқа АҚШ долларымен аударылады. Ақша шотта 10 жылға дейін сақталады. Сол уақыт ішінде жиналған ақшаны қалаған уақытында, яғни 18-де де, 20 немесе 25 жаста да пайдалана алады. Егер 10 жыл ішінде ақша қолданылмаса, ол автоматты түрде ерікті зейнетақы түрінде азаматтың өз шотына аударылады.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар