«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұсау кесу тренд түсіретін дәстүр емес

Тұсау кесу тренд түсіретін дәстүр емес
Автор
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде жасы 20-дан асқан, тіпті одан да үлкен бойжеткен мен бозбалалардың тұсауын кесетін үрдіс пайда болды. Жастар жағы мұны қазіргі трендтен қалмау деп санайды. Алайда мұндай жарияланымдар өз уақытында «тренд» болғанымен, халқымыздың салт-дәстүрін бұрмалап отырғаны жанға батады.

Бұл трендті бірі көңіл көтеру деп қабылдаса, енді бірі «жолы ашылсын» деп ырымдайды екен. Ал көпшілікті «Бұл дәстүрді жаңғырту ма, әлде оны мәнінен айырып, тек шоуға айналдыру ма?» деген сұрақ толғандырады. «Тұсауы ке сілмеген бала сүрінеді» деген сөз – тек халықтың ауыз әдебиеті емес, ұрпақ тәрбиесіне арналған терең символ емес пе?!. Бұл рәсімнің мәні баланың ғана емес, ұрпақ пен қоғамның болашағына арналған. Сөйтіп сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен тұсауын кескен. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл – біреудің ала жібін аттамасын деп ырымдағаны.

Рәімнің түпкі мақсаты – баланың өмір жолы ашық болсын, тағдырдың бұралаңында сүрінбесін деген ниеттен туған. Сондықтан бабаларымыз байырғы уақытта баланың тұсау кесу рәсіміне айрықша мән берген. Көз қуанышы баласының алғашқы қадамын көлденең көк аттыға кестірмеген. Бабаларымыз бекіткен түсінік бойынша жасы келген, науқас, жүрісі сылбыр кісілер, тұрмыс құрмаған қыз, үйленбеген жігіт тұсау кеспейді. Үлкендер жағы ала жіпті байлап, баланың жолы ашық болуын тілеп бата береді.

Ұл баланың тұсауын ісі тындырымды, бір сөзді ер адам кессе, қыздың тұсауын қимылы ширақ, мінезі көркем келіншекке кестірген. Бұл дәстүрдің өз жөнжоралғысы бар. Тұсау кесуге арнайы дайындалған ақ-қара аралас есілген жіпті баланың алдынан, өткір пышақпен кесу керек. Дана халқымыз қайшының екі жүзі бар, бүлдіршіннің өмірі қарамақайшылыққа толы болмасын деп тұсауды қайшымен кесуден сақтанған.

Тұсау кесердің жібін дайындаудың да бірнеше түрлері, жолдары, сенімдері бар. Көбейіп, көгере берсін деп көк шөптен есіп жасайды. Бай болсын деп малдың тоқ ішегінен де өреді. Адал болсын деп ала жіптен де жасайды. Ол енді бөлек әңгіме... Соңғы уақытта салт-дәстүрден біраз алшақтап, ойымызға келген дүниелерге әуестік танытып жүрміз. Өкініштісі сол. Біздің қазіргі қоғамға аузы дуалы атаапаларымыздың айтар ақылы ауадай қажет-ақ. Осындай қоғамда резонанс тудырып отырған даулы мәселелердің дұрыс-бұрыстығын анықтау үшін бірқатар қоғам белсенділерін сөзге тартқан едік.

Этнограф, құсбегі, эколог, республикалық «Жігер» фе стивалінің лауреаты, «Өз шаңырағыңа табын» кітабының авторы, журналистердің «Алтын» медалінің иегері Жапар Сатылғанов қазіргі тренд туралы былай дейді. «Тұсау кесу рәсімі – баланың ғана емес, ұрпақтың рухани мұрасы. Ал оны ересек адамға қолдану, оны видеоға түсіріп әлеуметтік желіге шығару – дәстүрді контекстен жұлып алғанмен тең. Ғұрып сақталғанымен, рухы жоқ. Қазақ «Салт – сана, дәстүр – тірек» дейді, ал тірек жоқ жерде ғұрып – тек көрініс қана.

Біздің еліміз КСРО-ның кезінде салт-дәстүрін, дінін, ділін, тілін жоғалтып ала жаздады. Сол ұшқын әлі де бар. Біз шетелдің жетегінде кетпеуіміз керек. Өзге елдің салтынан әдет-ғұрпынан аулақ жүргеніміз абзал. Бізге басқа ұлттың дәстүрінің қажеті жоқ. Тіпті кейінгі кезде той қызығы да кетіп бара жатыр. Жастар да, егде жастағы қариялар да той үстінде ащы судың буына елітіп, жын соққандай ойларына келгенін жасап жатыр».

Ал психолог Мира Өскембаева бұл құбылыстың ішкі психологиялық себебі туралы былай дейді:

«Адамдардың трендтің жетегіне кетіп әртүрлі дәстүрімізді бұрмалауы, шындықты бүркемелеп өз-өзін алдаумен тең. Оларды жаңсақ пікірдің жетегіне ергендер деп айтар едім. Әсіресе жастардың мұндай әрекеттерді жасауы өте ұят және өкінішті жағдай. Трендпен және брендпен жүреміз деп қазақи болмысымызды жоғалтып алмағанымыз абзал. Біз осындай жағдайларға дер кезінде шектеу қоймасақ, болашақ ұрпақтың санасын улап аламыз. Сол үшін де алдыңғы буын аға-апаларымыз жастарға жиі ақыл айтып, жақсы жағынан үлгі бола білуіміз керек».

Белсенді жас, медиа саласының қызметкері Бақытжан Бекболат бұл үрдісті заманауи мәдениетпен байланыстырады:

«Бүгінде дәстүр де контентке айналды. Біреу есейген шағында тұсауын кескізсе, ол лайк пен қаралым жинайды. Бірақ біз сол арқылы дәстүрді емес, өзіміздің деңгейімізді көрсетіп жатырмыз. Қазақ «Ата жолын басқан, алысқа барады» дейді, ал дәстүрді бұрмалап көрсетумен шектелсек, алысқа бара алмаймыз». Иә, «Тамыры терең ағаш дауылға төзеді» демекші, ата дәстүрді терең түсінген ұрпақ қана заманауи өмірдің толқынынан сүрінбей өтеді. Ал «Адалдық – ардың белгісі, білім – ойдың», дейтін болсақ, рәсім мәнін түсінбей көрсеткен адам тек сыртқы бейнесін ғана сақтайды, рухын емес.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Абай қазақ өміріндегі тәрбиелік жүйенің кезең-кезеңімен, өз уақытымен жүруі керектігін «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең...» деген өлең жолдарында әдемі өрнектейді. Адам өмірінің фәниден бақиға дейінгі белесі шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той деп кезең-кезеңімен жасалатын әдет-ғұрыптармен жалғасады. Абай да біз тілге тиек еткен жыр жолдарында қазақ дәстүріне сай адам баласының өмірі кездейсоқ емес, тәртіппен, рухани сатылар арқылы қалыптасатынын меңзейді. Шілдехана – дүниеге келген сәттің қуанышы, бесік той – тәрбиенің бастауы, тұсаукесер – өмір жолының ашылуы, сүндет той – азаматтыққа алғашқы қадам. Әрбірі – өз уақытымен, өз мәнімен орындалатын рухани белес. Бүгін біз сол белестердің орнын ауыстырып, мазмұнын жеңілдетіп алсақ, дәстүрді дамытқан болмаймыз, керісінше, әлсіретеміз. Қазақы тәрбие – бір-біріне жалғасқан тұтас жүйе. Сол жүйенің бір буынын жұлып алып, оны тренд қуып шоуға айналдыру – тамырдан ажыраған бұтақ секілді әсер қалдырады. Сондықтан тұсаукесер – ересектерге арналған ойын емес, баланың өмір жолына арналған киелі тілек. Дәстүр жаңғыруы үшін ол алдымен өз орнында, өз уақытында, өз рухымен сақталуы керек. Шын мәнінде, мәселе әлеуметтік желілердегі жеңіл тарайтын рилстарда емес. Мәселе – дәстүрге деген қатынаста. Егер әр ғұрып лайк үшін, шоу үшін өзгертілсе, қоғамның рухани тірегі әлсірейді. Тұсау – баланың өміріне арналған тілек, оны ересек адамға қолдану дәстүрдің мәнін бұзады. Тұсау кесу – сән емес, символ екенін ескерсек, ол – баланың ғана емес, ұлттың болашағына арналған тілек. «Жаңғыру – бұзу емес, түсініп сақтау» дегендей, дәстүрді құртып, көңіл көтеру құралына айналдыру – өз тамырымызды өзіміз қиып жатқанмен тең. Шынайы жаңғыру – ұрпаққа рух пен өмір жолын қалдыру, ғұрыпты мәнімен сақтау.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

 

Ұқсас жаңалықтар