«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мектепішілік бақылаудың жайы қалай?

Мектепішілік бақылаудың жайы қалай?
Автор
Білім – теңіз, мектеп – кеме, ал мұғалім сол теңізден сусындаған балалардың сапалы оқып, тәрбие алуына жауапты тұлға. Сол себепті де педагогтер ұжымына үздіксіз ізденіс тек кәсіби біліктілікте ғана емес, жауаптылық үшін де қажет. Жақында облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған тәжірибелік семинар да педагогтердің кәсіби жауаптылығын нығайтуды көздеді.

Оқу-ағарту министрлігінің және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бастамасымен өткен «Мектепішілік бақылау жоспарының сапалы жүзеге асырылуы» тақырыбында ұйымдастырылған тәжірибелік семинар облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің базасында өтті.

Облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының «Педагогикалық менеджмент және білім сапасын басқару» бөлімінің жетекшісі Ғазиза Омарбекованың айтуынша, іс-шараға мониторингпен қамтылған білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары, барлығы 25 адам қатысқан.

– Тәжірибелік семинар барысында орта білім беру ұйымдарындағы мектепішілік бақылау жоспарының сапалы жүргізілуі, қысқа мерзімді жоспарлардың сәйкестігі, мектепішілік бақылау жоспарының нысаны Білім және ғылым министрінің 06.04.2020 жылғы №130 бұйрығына сәйкес келуі туралы айтылды. Сондай-ақ мектеп әкімшілігінің сабаққа жүйелі қатысуы, сабаққа қатысу кестесінің орналастырылуы, мектеп басшысының сабаққа қатысу қорытындысы бойынша ұсынымдардың берілуі кеңінен түсіндірілді. Мұғалімнің бақылау парақтарымен танысуы, оқу пәндерін оқытудың жай-күйіне және тоқсан қорытындысына мониторинг жүргізілуі, мектеп әкімшілігінің тарапынан қысқа мерзімді, орта мерзімді жоспарлардың талапқа сәйкес жүргізілуі жөнінде әдістемелік көмек көрсетілді. Электрондық сынып журналдарының сапалы жүргізілуі, БЖБ/ТЖБ талапқа сәйкес орындалуы, білім алушылардың үлгерім табелінің реттілігі, педагогикалық кеңестерде мектепішілік бақылау нәтижелерінің қаралуы туралы мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар білім беру ұйымының әкімшілігі негізгі оқу пәндерінен жекелеген тақырыптар бойынша білім алушылардың біліміне бақылау жұмыстарын жүргізуді, өткізу мерзімдерін, қорытындыларды талқылауды жоспарлауы туралы қатысушыларға ақпараттық-әдістемелік көмектер көрсетілді. Материалдар электронды түрде таратылды, – дейді Ғазиза Шайдулинқызы.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар