Семинар әуелі «Келешек мектептері» ұлттық жобасының педагогтеріне арналып өткізілді. Жаратылыстану-математикалық бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» тақырыбы аясындағы тәжірибе тарату жұмыстары ұйымдастырылды. Онда педагогтердің тиімді жұмыс істеу және білім беру үдерісінде зертханалық жабдықтарды әдістемелік тұрғыдан сауатты қолдануының практикалық дағдыларын қалыптастыру және дамыту мақсат етілді.
– Семинар – практикум барысында Назарбаев Зияткерлік мектебінің пән мұғалімдері, NIS Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері, сондай-ақ ауылдық тірек мектептерінің ұстаздары өз тәжірибелерімен бөлісті. Үш күнге жоспарланған біліктілікті арттыру шаралары физика, химия, биология, информатика, STEAM және робототехника пәндері бойынша мұғалімдердің зертханалық жабдықтарды білім беру үдерісіне тиімді әрі қауіпсіз қолдану дағдыларын дамытуға және жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқытудағы практикалық әдістерін жетілдіруге бағытталған. Аталған семинарға білім беру ұйымдарының педагогтерінен жалпы 53 мұғалім қатысты. Ал келесі күні Келешек мектептердің басшылары мен орынбасарларына арналған «Тәрбие экожүйесі: практикалық шешімдер» тақырыбында семинар өтті. Бұл Оқу-ағарту министрлігінің және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бастамасымен Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының базасында ұйымдастырылды. Семинар барысында қатысушыларға «Саналы педагогика және психологиялық негіздер», «Құндылықтарға негізделген мектеп мәдениеті», «Жоспарлау және оқу процесіне интеграция», «Сабақтан тыс іс-шаралар», «Мектеп және ата-ана» тақырыптары бойынша мазмұнды дәріс сабақтары, тәжірибелер көрсетілді, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының оқуәдістемелік орталығының әдіскері Меруерт Жұматаева.
Облысымыздағы «Келешек мектептерінің» бірі – Тараз қаласындағы №67 орта мектебі. Осы мектептің директоры Мұрат Тұрысбек алдағы атқарар жұмыстарды жүйелеуге семинар жаңаша ой қосқанын айтты.
– «Келешек мектептерінің» директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған семинардың мазмұны Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының тұжырымдамалық негіздеріне сүйене отырып құрылды. Іс-шараның басты мақсаты – мектептегі тәрбиені тұтас экожүйе ретінде қарастырып, оны басқарудың тиімді практикалық модельдерін ұсыну болды. Семинар жұмысы саналы педагогика мен психологиялық негіздерді, құндылықтарға негізделген мектеп мәдениетін қозғап, «Жоспарлау және оқу процесіне интеграция», «Мектеп және ата-ана» тақырыптарындағы секциялық жұмыстармен жалғасын тапты. Семинардың нәтижесінде алдағы жұмыстарды нәтижелі атқаруға жүйелі жоспар құрдық, тұшымды ой түйдік. Еңбектің ақталғаны – ең үлкен қуаныш. Құрмет пен бағалауды сезіну – алға жетелейтін күш. Әлі де талмай қызмет етіп, өз ісімізбен үлгі болуға, өзгелерді ынталандырып, жаңа мүмкіндіктерді ашуға дайынбыз. Әр табыс – жаңа қадам. Әр мүмкіндік – жауапкершілік. Ал алған мүмкіндікті басқаларға беру – ең биік адамдық парыз.
«Саналы педагогика және психологиялық негіздер» – тұлғаның ішкі уәжін, эмоциялық интеллектісін, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастырудағы мұғалімнің кәсіби рөлі философиялықпсихологиялық тұрғыда талданды. «Құндылықтарға негізделген мектеп мәдениеті» – ұлттық тәрбие, адамгершілік, жауапкершілік, әділеттілік пен ынтымақтастық қағидаттарын мектептің күнделікті өміріне жүйелі енгізу жолдары қарастырылды.
«Жоспарлау және оқу процесіне интеграция» тақырыбында тәрбиені оқу үдерісінен бөліп қарастырмай, пәндік мазмұнмен кіріктіре жоспарлау, тәрбие мен оқытудың біртұтастығын қамтамасыз ету тетіктері ұсынылды. «Мектеп және ата-ана» тақырыбында отбасымен серіктестік қарымқатынасты нығайту, ата-ананы тәрбиелік экожүйенің белсенді субъектісі ретінде тарту мәселелері талқыланды. Семинардың жалпы философиялық өзегі – тәрбиені формалды іс-шаралар жиынтығы емес, тұлғаның рухани, әлеуметтік және азаматтық кемелденуіне ықпал ететін тірі жүйе ретінде түсіну идеясына негізделді. Бұл тұрғыда тәрбие экожүйесі – мектеп, мұғалім, оқушы, ата-ана және қоғам арасындағы үздіксіз өзара ықпалдастықтың нәтижесі екені айқындалды, – дейді Мұрат Жарылқапұлы.
Семинарға қатысушылардың сөзінен бұл іс-шара заманауи педагогикалық ой-тұжырымдарды тәжірибемен ұштастырып, «Келешек мектептерінде» тәрбие жұмысын ғылыми негізде жүйелеуге, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық қағидаттарды үйлестіре отырып іске асыруға тың серпін бергенін байқадық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
«Алтын тұғыр» олимпиадасы ізденімпаздарды іріктеді
- Бүгін, 16:46
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында мектепаралық квест ойыны өтті
- 12 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




