Республикалық «Алтын тұғыр» олимпиадасының облыстық кезеңі Тараз қаласындағы №67 орта мектептің базасында өтіп, оған 82 бастауыш сынып мұғалімі қатысты.
– Бұл олимпиада баст ауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге жетуге деген ұмтылысын арттыруды, педагогтердің шығармашылық әлеуеті мен кәсіби шеберлігін дамытуды, сондай-ақ мұғалім мамандығының қоғамдағы мәртебесін көтеруді мақсат етеді. Олимпиадаға қатысушылар алғашқы «Дұрыс жауапты таңдау» кезеңінде 10 сұрақтан тұратын тест тапсырмасынан өтті. «Бос орынды толтыру» кезеңінде қалдырылған бос орынға есептің жауабын жазып, «Есептеу, дәлелдеу» бөлімінде берілген есепті шығарып, нәтижесін дәлелдеді. Облыстық кезеңге қатысқан 82 бастауыш сынып мұғалімдерінің 37-сі жүлдегер атанды. Атап айтқанда, І орын 8 мұғалімге, ІІ орын 12 мұғалімге, ІІІ орын 17 мұғалімге бұйырды. Жеңімпаздардың ішінен 8 педагог республикалық кезеңге жолдама алды. Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылар арасында олимпиадалық және логикалық есептерді шешудің тиімді тәсілдері бойынша тәжірибе алмасу жүргізілді, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының оқуәдістемелік орталығының «Орта білім беруді дамыту» бөлімінің әдіскері Жанна Кушерова.
Республикалық кезеңге өткен ұстаздардың бірі – Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Сабина Кембаева бұл олимпиада мамандығына деген құлшынысын арттыра түскенін айтты.
– «Алтын тұғыр» республикалық олимпиадасы өте жоғары деңгейде өтті деп сеніммен айта аламын. Бұл – ұйымдастыруы жүйелі, талаптары нақты, ең бастысы әділдігімен ерекшеленетін олимпиадалардың бірі. Әр кезеңде қатысушыларға тең мүмкіндік беріліп, бағалау ашық әрі әділ жүргізілді. Олимпиаданың басты ерекшелігі – тапсырмалардың мазмұнында. Логикалық есептері өте терең, ойлауды, талдауды, шығармашылықты талап етеді. Жай ғана формуланы қолдану емес, әр есепке жан-жақты қарап, дұрыс стратегия таңдай білу маңызды болды. Бұл олимпиада мұғалімнің кәсіби деңгейін, логикалық ойлау қабілетін нақты көрсете алады. Олимпиада бірнеше кезеңнен тұрды. Әр кезең өз деңгейінде күрделі әрі қызықты болды. Облыстық кезеңде өте мықты әріптестермен бақ сынастық. Уақыттың шектеулі болуы, тапсырмалардың күрделілігі жауапкершілікті арттырды. Соған қарамастан, бар білім мен тәжірибені жинақтап, жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Облыстық кезеңнен І орын алу – мен үшін үлкен еңбек пен ізденістің нәтижесі. Бұл жеңіс өз мамандығыма деген сенімділігімді арттырып, әрі қарай дамуға үлкен мотивация берді. Сонымен қатар бастауыш сынып мұғалімдерінің әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдейтін нәтиже деп ойлаймын. Осындай кәсіби, әділ әрі мазмұнды олимпиадаларды ұйымдастырып отырған «Дарын» РҒПО мен «Зерделі» орталығына үлкен алғыс білдіремін, – дейді жеңімпаз ұстаз Сабина Тоқсанбайқызы.
Қатысушылар «Алтын тұғыр» – тек жарыс емес, тәжірибе алмасу, даму және кәсіби өсудің тамаша алаңы» деп бағалады. Жеңімпаз Сабина Кембаева барлық әріптестерін осындай олимпиадаларға белсене қатысуға шақырып, мұндай іс-шараларды кәсіби тұрғыда дамуға берілген мүмкіндік деп санайтынын айтты.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
«Келешек мектептерінің» басты мақсаты не?
- Бүгін, 16:51
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында мектепаралық квест ойыны өтті
- 12 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




