Шу мен Қордайды жалғаған 56 шақырымға созылып жатқан жолға осыдан 55 жыл бұрын асфальт төселген екен. Содан бері тек жамау көріп келеді. Ойдым-ойдым тасжолда көліктері сынып, тұрып қалатындар көп. Осындай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін жарты сағаттық жолда бірнеше сағат өгізаяңға салынған темір тұлпар иелері жаңа жолдың керектігін айтып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Жақында қоғам белсендісі Қасымхан Төлендиев әлеуметтік желіде аталған мәселеге тағы қозғау салып еді.
– Халық арасында «Носки» аталып кеткен аумақтан Шуға дейінгі жолдың жөнделмей келе жатқанына біршама жылдың жүзі болды. Бұл республикалық маңызы бар жол бағыты арқылы жолаушылар Мойынқұм мен Шудан Қордайға, одан әрі Алматыға сапар шегеді. Қаншама жыл қозғаусыз жатқан құрылыс жұмыстары облысымыздан сайланған Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың араласуымен қайта қолға алынды. «ҚазАвтоЖолдың» облыстық филиалы қазір жаңа мердігерлер анықталып, мұнда дайындау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтып отыр. Бұл істің де сылдыр сөзге айналмай, жұмыстар уақытылы аяқталады деген ойдамыз, – дейді Қасымхан Естемесұлы.
Аталған мәселеге қатысты былтыр облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданына жасаған жұмыс сапарында бұл мәселеден хабардар екендігін айтып, жауаптыларға қатаң ескертпелер берген болатын. Міне, содан бері жыл ауысып, ел жазғы шілдеден қысқы шілдеге қадам басқан тұста бізде жергілікті атқарушы билік өкілдеріне сұрау салып көрген едік. Алайда түйткілге қатысты аудандық әкімдіктің жолға жауапты бөлімінде анау айтқандай құзырет те жоқ болып шықты.
– Ашығын айтсақ, облыс әкімінің халықпен кездесуінен кейін де көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Себебі, жолдың осы бір бөлігі республикалық маңызы бар мақсаттағы учаске болғандықтан, оның барлық жұмыстары, тіпті жол белгілерін орнату бойынша да құзырет «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында. Бұл мәселе бойынша біз тек халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, осы мекемеге қатынас хат қана жолдаумен шектелеміз, – деді Шу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Абиғазыұлы.
Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының ресми мәлімдемесіне сүйенсек, қазіргі таңда аталған жол бөлігінде дайындық жұмыстары басталған. Биыл жолдың 20 шақырымын жөндеу жоспарланған.
«Биылғы жылы республикалық маңызы бар «Шу-Қайнар» 0-56 автомобиль жолын күрделі жөндеу жобасын іске асыру аясында көпірлердегі жұмыстарды аяқтау және жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын учаскелерде асфальтбетон жабынын төсеу жоспарлануда. Қазіргі уақытта техника мен жабдықтарды қосымша жұмылдыру, сондайақ материалдарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Қыс мезгілінің басталуына байланысты негізгі құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып, тек жол учаскесін күтіпұстау және көпірлерде бетон жұмыстары ғана атқарылуда. Бүгінгі таңда аталған учаскеде инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру, 18 шақырым айналма жол салу, 15 су өткізгіш құбыр орнату, 30 мың текше метр жер төсемін төсеу, 6 шақырым ПГС-тен астарлы қабат және 2 километр төменгі негізгі қабатын салу жұмыстары орындалды. Сондай-ақ 2 көпірдің құрылысы толық аяқталып, қозғалыс қамтамасыз етілді, қалған 2 көпір бойынша жұмыстар 70 пайызға орындалды», – делінген жауапты мекеменің ресми мәлімдемесінде.
Еске сала кетсек, өткен жылы аталған жол бағытына 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жауапты мердігері «Теміржол құрылыс-Атырау» ЖШС болып бекітілген жоба былтыр жыл соңында аяқталуы тиіс болатын. Алайда өз міндеттерін орындамауына байланысты аталған мердігермен келісімшарт бұзылған. Енді жол құрылысын жаңа мердігерлер жүргізбек. Ал аумақта ешқандай да құрылыс-дайындық жұмыстары жүргізілмегендігін айтып ашынған жергілікті жұрт «ҚазАвтоЖолдың» мәліметіне қанағаттанбайтынын жеткізіп отыр. Халық әуелі 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған жоба ендігі 2027 жылдан әрі де ұзап кетпесе дейді...
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Биыл 1795 тұрғын баспаналы болмақ
- Бүгін, 15:16
Кәсіпкер неге мешітті муфтияттың меншігіне бергісі келмейді?
- 13 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




