Еліміздің елді мекендері 100 пайыз ауыз сумен қамтылды ма?
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 15:19
- 68
Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында Үкіметтің алдына 5 жыл ішінде елді мекендердің барлығын ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Осы аптада өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Президенттің халықты 2025 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының толық орындалғаны туралы баяндады.
Оның айтуынша, тапсырманы орындау кезеңінде республикалық бюджеттен шамамен 835 миллиард теңге бөлініп, осы қаражатқа 34 қала мен 756 ауыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтылды. Оған қосымша, жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды.
«Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6087 ауыл ауыз сумен толық қамтамасыз етілді», – деді вице-министр.
Сумен жабдықтау сапасына өз алдына бөлек назар аударылып отыр. Барлығы 9,5 мың шақырым магистральдық желі реконструкцияланып, үлкейтілді, оның ішінде қалаларда – 1,8 мың шақырым, ауылдарда – 7,7 мың шақырым. Бұл желілердің тозуы деңгейі 38 пайызға дейін төмендеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар сумен жабдықтауды және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылға жалпы трансферттер аясында 128 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде сумен жабдықтауға 78 миллиард теңге, су бұруға 50 миллиард теңге бағытталған.
Қосымша жаңғырту жұмыстары Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба аясында несиелік қаражаттар есебінен жүргізілетін болады. Премьер-министр су шаруашылығы инфрақұрылымын одан әрі дамытуға жүйелі түрде қарау маңызды екенін атап өтті.
«Халық санының және жалпы экономиканың өсуімен бірге елімізде су тұтыну көлемі де ұлғая береді. Сондықтан таза ауыз су мәселесінің өзектілігі де күн өткен сайын арта түспек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру аяқталды. Дегенмен ауыз сумен қамтамасыз ету – үздіксіз жүретін процесс. Сол себепті барлық жауапты мемлекеттік органдар бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы қажет», – деді Олжас Бектенов.
Су құбыры желілері мен кәріз-тазарту құрылыстары жаңғыртылады
Үкімет отырысында Энергетика мен коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне 1,9 триллион теңге инвестиция тарту жоспарлануда екені айтылды. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің айтуынша, Ұлттық жоба аясында 2,8 мың шақырым су бұру жүйесі мен 5 мың шақырым сумен жабдықтау желілерін, сонымен қатар 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын жаңарту жоспарлануда.
Нәтижесінде 2030 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33 пайызға, су бұру желілерін 41 пайызға дейін төмендету жоспарлануда.
«Жобаларды кешенді жоспарлау және бақылау үшін Техникалық оператор институты енгізілді. Оның басты қызметі – табиғи монополия субъектілерінің өтінімдерін қарау, жобалау кезінде қазақстандық өнімге басымдық беру, техникалықтехнологиялық шешімдерді сараптау мен мониторинг жүргізу. Алайда аталған институт тапсырыс берушілер мен әкімдіктердің функцияларын алмастырмайды және қайталамайтынын айта кету керек, керісінше техникалықтехнологиялық шешімдердің сапасы мен тиімділігін қадағалайтын болады», – деді вице-министр.
2028 жылға қарай 3,6 миллион «ақылды» су есептеу құрылғылары қолданысқа берілмек
Жиында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов цифрландыру сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртудың ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол – коммуналдық инфрақұрылымды тұрақты пайдаланудың, жүйелі басқарудың, бақылаудың және шығындарды азайтудың қажетті шарты. Оның айтуынша, сол себепті де байланыс арналары арқылы көрсеткіштерді автоматты түрде жинауға арналған телеметрия технологиясы бар автоматтандыру жүйелеріне және есепке алу аспаптарына қойылатын талаптарды стандарттау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ұлттық жоба аясында су арналары кәсіпорындарының процестерін кезең-кезеңімен автоматтандыру көзделген. Вице-министрдің айтуынша, 2026- 2028 жылдары 3,6 миллионнан астам «ақылды» су есептеу құрылғыларын орнату жоспарлануда, бұл су шығындарын айтарлықтай оңтайландыруға және жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Сумен жабдықтау аспаптарын орнату бойынша өтінімдерді қалыптастыру мақсатында әкімдіктер мен табиғи монополия субъектілерімен жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауының аясында су секторына халықаралық тәжірибе мен біліктілікті тарту туралы міндет қойылған болатын. Осы мақсатта былтыр ірі халықаралық желілік операторлар – Veolia, Suez және Aqualia компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Мұндағы формат активтерді беру емес, мемлекет бақылауын сақтай отырып, басқарушылық құзыреттер мен халықаралық үздік тәжірибелерді енгізуге бағытталған.
Сонымен қатар қаржыландыру көзін анықтау және тарифті кепілдендіру үшін Қаржылық оператор институты енгізілді. Министр атап өткендей, қабылданған шаралар жобалық қателіктердің салдарынан туындайтын шығындар мен мерзімнің ұзаруының алдын алуға мүмкіндік береді.
Былтыр 1,5 мың шақырымнан астам сумен жабдықтау желілері салынды
Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңғырту жобаларын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол бүгінгі таңда республикалық меншікте халқының жалпы саны 1 миллион 330 мың адам болатын 546 ауылды сумен қамтамасыз ететін 26 топтық су құбыры бар екенін атап өтті. 2024 жылдан бастап «Қазсушардың» трансформациясы аясында халықтың тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында су құбырларын жергілікті атқарушы органдарға кезең-кезеңімен беру жүргізілуде.
Бұл су алу көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейін толық бақылауды қамтамасыз етеді. Сумен жабдықтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында министрлік 2025 жылы республиканың 9 өңірінде сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңғырту бойынша жалпы сомасы 103,2 миллиард теңгені құрайтын 30 жобаны жүзеге асырды. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражат сумен жабдықтау нысандарын салу бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Жыл қорытындысы бойынша жоспарланған 9 жобаның орнына 15 жоба аяқталды. Нәтижесінде 1599 шақырым сумен жабдықтау желілері және 7 су құбыры кешенінің алаңы салынды. Жалпы саны 514 мың адамды құрайтын 277 елді мекенде су беру және сумен жабдықтауды жақсарту қамтамасыз етілді, оның ішінде 73 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізді.
142 ауылда сумен жабдықтау сапасы жақсарады
Биыл сумен жабдықтау саласында 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл жалпы халқы шамамен 540 мың адамды құрайтын 142 ауылды елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді. Негізгі нысандардың бірі – Шардара топтық су құбыры болмақ. Оның құрылысы биыл шілдеде аяқталып, Шардара қаласын жерасты көздерінен ауыз сумен қамтамасыз етеді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қаланың ауыз сумен қамтамасыз етілуі толығымен жаңа су құбыры есебінен жүзеге асырылады. Осының арқасында Шардара су қоймасындағы су көлемінің азаюы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге әсер етпейтін болады, – деді министр.
Сонымен қатар министрлік елдің үш облысында 5 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын жалғастыруда, олардың аясында ірі топтық су құбырларының бас құрылыс-жайларын салу көзделген.
Жерасты суларын кешенді пайдалану тұжырымдамасы жасалады
Елімізде 4 мыңнан астам жерасты су көздері барланғаны, олардың бекітілген пайдалану қоры жылына 15,7 текше метр шамасында екені туралы Үкімет отырысында хабарлаған Су ресурстары және ирригация министрі бүгінгі күні бекітілген қордың бар болғаны 7-10 пайызы ғана пайдаланылып отырғанын атап өтті.
«Жерасты сулары жеткілікті зерттелмеген, қорлардың едәуір бөлігі барланбаған күйде қалып отыр, ал олардың нақты әлеуетін айқындау үшін қосымша ауқымды зерттеулер мен бағалау жүргізу қажет. Осыған байланысты, біз жерасты суларын кешенді пайдаланудың тұжырымдамасын әзірлеуді бастаймыз», – деді Нұржан Нұржігітов.
Тұжырымдаманың жүзеге асырылуы жерасты суларын игерудің тиімділігін едәуір арттыруға, халықты және экономика салаларын ұтымды әрі тұрақты сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің су қорын сақтау мен дамытуға ықпал етеді.
Елімізде су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы жұмыс тобы құрылады Үкімет отырысында аграрлық секторда су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндаған Су ресурстары және ирригация министрі осы бағытта негізгі басымдық заманауи, үнемді суару әдістеріне көшу болады деп атап өтті.
«Бұл, әсіресе, 2025 жылғы вегетациялық кезеңде анық көрінді, ол құрғақшылық және су шаруашылығы жүйесіне түскен жоғары жүктеме жағдайында өтті. Дегенмен уақытылы қабылданған басқару шешімдері мен аймақтық деңгейдегі үйлестірудің арқасында суару маусымы аграрлық сектор үшін шығынсыз аяқталды», – деді Нұржан Нұржігітов.
Ведомство мәліметінше, жалпы 2025 жылы 1,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға 11,1 текше метр су пайдаланылды. Суару маусымының қиын жағдайларын жеңілдеткен факторлардың бірі су үнемдеу технологияларын енгізу болды. Былтыр осы технологиялар қолданылған 153,5 мың гектар жер енгізілді. Сарапшылардың болжамы бойынша алдағы вегетациялық кезеңде Оңтүстік Қазақстан өзен бассейндерінде су ағынының қысқаруы күтіледі.
Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында көрші мемлекеттер аумағында орналасқан су қоймаларының қазіргі толуы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 миллиард текше метрге төмен. Оңтүстік өңірдегі су қоймаларының толуы өткен жылмен салыстырғанда 1,9 миллиард текше метрге аз. Министрлік тарапынан биылғы суару маусымына дайындық басталып, бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Өңірлерде фермерлермен кездесулер өтіп, су үнемдеу қажеттілігі және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу мәселелері түсіндірілуде.
Өткен жылдың желтоқсан айының басында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында көшпелі кеңестер өткізіліп, онда су тұтыну лимиттерін қатаң сақтау және су үнемдейтін технологияларға жедел көшу міндеттілігі ерекше айтылды. Сондай-ақ министрлік алдағы ақпан айында су келуінің ең пессимистік сценарийін ескере отырып, су тұтынудың нақтыланған лимиттерін әзірлейді, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі наурыз айында егістік құрылымын түзетеді.
Министрдің айтуынша, су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы күрес маңызды бағыт болып қала береді. Бас прокуратурамен бірлесіп іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл құжат су ұрлығы мен заңсыз су пайдалануға тиімді қарсы күрес үшін құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың қатысуымен Республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құруды көздейді.
Цифрландыру объективтілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді
Үкімет отырысында су саласын цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қазіргі таңда елімізде салаға цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған кешенді жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Осы жылдың басынан бастап министрлік фермерлермен су беру жөніндегі шарттарды электронды форматта жасасуға көшу жұмыстарын жүзеге асыруда.
Аталған жүйе шаруаларды сумен қамтамасыз етудің толық циклін, су алуға өтінім беруден бастап шарт жасасу, нақты су тұтынуды дәл есепке алу және кейінгі төлем жүргізуге дейінгі барлық үдерістерді қамтиды. Жүйені енгізу деректердегі айырмашылықтарды болдырмауға, әкімшілік үдерістерді оңтайландыруға, адами фактордың әсерін барынша азайтуға, сондай-ақ су ресурстарын бөлу мен су пайдаланғаны үшін есеп айырысулардың объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Өнеркәсіптік кәсіпорындарда су пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталған министр жаңа Су кодексі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қайталама және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңмен көшуіне қойылатын талаптарды бекіткенін атап өтті. Бұл үшін жеті жылдық мерзім бөлінген, оның ішінде 2 жыл өтпелі кезең және 5 жыл жоспарларды жүзеге асыру кезеңі.
Бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайталама және айналымды пайдалану үлесін 13 пайыздан 28 пайызға дейін екі еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік береді, өз кезегінде бұл шамамен 1,5 миллиард текше метр суды үнемдейтін болады.
Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленуде
Қазақстанда суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьерминистрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Ол Мемлекет басшысының су секторын цифрландыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде негізгі жоба – Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ақпараттық жүйе электрондық үкімет, ведомствоаралық интеграция және ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес әзірленуде.
Қазіргі кезде базалық функциялар жүзеге асырылып жатыр, аналитика мен болжау функциялары енгізілуде. 11 мемлекеттік ақпараттық жүйені интеграциялау есебінен суды басқарудың бірыңғай цифрлық кеңістігі қалыптасады, бұл деректердің дұрыстығын арттыратын болады.
Министр перспективалық жобалардың тағы бірі – электрондық шарттар жасасу және су тұтынуды болжау жүйесі екенін айтты. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істейді, ал өнеркәсіптік пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін деп жоспарлануда. Азаматтарға пайдалану ыңғайлы болу үшін Egov mobile, екінші деңгейлі және 1С банктермен интеграциялау жоспарланып отыр.
Осы жылы 103 суару каналын автоматтандыру басталады. Оңтүстік өңірлерде – Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында бекітпелерді басқару көзделген. Ислам даму банкінің қолдауымен тағы 264 каналды цифрландыру жоспарлануда.
Әкімдіктерге азаматтардың әрбір өтініші бойынша шаралар қабылдау тапсырылды Үкімет отырысында сумен жабдықтау желілеріне қызмет көрсету және ауыз су сапасы туралы мәселелер қаралды. Премьер-министр мемлекеттік органдардың назарын өңір тұрғындарынан келіп түскен ауыз судың сапасы мен жиі берілмей қалуына, сумен жабдықтау желілерінің тозуына, сондай-ақ жөндеу жұмыстары мен іске қосу мерзімдерінің созылып кетуіне қатысты шағымдарына аударды.
– Жалпы өткен жылы сумен жабдықтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға 70 мыңға жуық арыз-шағым түсті. Бұл өңір әкімдіктері не мердігер, не қызмет көрсетуші ұйымдармен қажетті деңгейде жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді. Жаңадан қосылған сумен жабдықтау және су бұру желілерін тиісті дәрежеде күтіп-ұстау шаралары қабылданбайды, сондай-ақ ауыз су сапасының нормалары сақталмайды, – деген Олжас Бектенов әкімдіктерге әрбір шағым бойынша тексеру жүргізіп, міндетін адал атқармаған ұйымдарға қатаң шара қолдану тапсырылды.
– Мұнымен қоса, ескірген желілер, тұрғындар тарапынан сұраныстың өсуі, жаңа аудандардың салынуы қолданыстағы жүйелерді жаңғыртуды талап етеді. Сондықтан қызмет көрсету сапасын сақтай отырып, қамту ауқымын да кеңейту қажет. Жергілікті атқарушы органдар Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануы маңызды. Оның оң нәтижесі – желілердің тозу деңгейі азайып келе жатқаны қазірдің өзінде байқалып отыр. Осы бағытта жұмысты жалғастыру керек, – деді Үкімет басшысы.
Үнемдеу технологияларын енгізу – аса маңызды мәселе
Премьер-министр биылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығы 1 миллиард текше метрге дейін жетуі мүмкін деген болжамға сәйкес су үнемдеу технологияларын енгізудің, әсіресе ауыл шаруашылығындағы маңыздылығын атап өтті. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мемлекеттік органдарға су саласын цифрландыру жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Бірінші кезекте осы жылдың соңына дейін жерүсті және жерасты су көздері туралы деректерді біріктіретін Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру керек.
Аталған жобаны іске асыру Ұлттық су балансының картасын қалыптастырып, гидрогеологиялық мониторингті жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар суару каналдарын цифрландыру жұмыстарын жалғастырған жөн.
– Сондай-ақ біздің алдымызда әлемдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, қалалық су каналдарының өндірістік процестерін толық автоматтандыру және цифрландыру міндеті тұр. Бастапқы су көзінен бастап соңғы тұтынушыға дейін суды толық бақылауды қамтамасыз ету қажет, – деген Үкімет басшысы барлық жұмыс сапалы әрі уақытылы жүргізілуге тиіс екенін баса айтты.
Суға ұқыпты қарау мәдениетін жастайынан қалыптастыру керек
Үкімет отырысында Премьер-министр Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктері, сондай-ақ Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдіктеріне суды көп қажет ететін дақылдар бойынша егіс алқаптарының құрылымын суды пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестендіре отырып бекіту туралы бірқатар тапсырма берді. Су ресурстары министрлігінің алдына фермерлерге су беруге қатысты барлық шартт ардың Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жөніндегі жол картасының индикаторларына сәйкес жасалуын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыруға ерекше назар аударылды.
– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап өткендей, суға және тұтастай алғанда, қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегіне айналуға тиіс, – деген Олжас Бектенов суға ұқыпты қарау мәдениетін жастайынан қалыптастыру үшін Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне аталған жұмысқа атсалысуды тапсырды.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Биыл 1795 тұрғын баспаналы болмақ
- Бүгін, 15:16
Кәсіпкер неге мешітті муфтияттың меншігіне бергісі келмейді?
- 13 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




