Басқарма басшысының сөзінше, бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 57 434 азамат тіркелген. Оның 30 055-і әлеуметтік осал топтағы жандар.
– Өткен жылы жалпы 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жылғы жоспарға тоқталсақ, кезектегі 1795 азаматтарды баспанамен қамту жоспарлануда. Оның 350-і әлеуметтік осал топтағылар. Осы мақсатта 1525 пәтерлі 32 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, жыл қорытындысымен 1445 пәтерлі 31 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау көзделген. Сонымен қатар Асқаров көшесінің аяқ жағындағы алқапта 1176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлердің құрылысын жүргізетін мердігерлер анықталып, таяу арада құрылысы басталмақ. Аталған жобаларға облигациялық қаражат есебінен 18,7 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды, – деді Ерлан Орынбаев.
Басқарма басшының сөзінше, бұдан бөлек А.Асқаров көшесінің соңындағы алқапта жобалық-сметалық құны 61,4 миллиард теңгеге 1800 пәтерлі 36 кредиттік тұрғын үйдің жобалары әзірленген. Азаматтарды баспанамен қамту аймақта кадрлық саясатты тұрақтандырып, талантты жастарды ұстап қалудың негізгі жолының бірі екендігін баса айтқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осал топтағы азаматтар үшін сатып алынатын пәтерлердің құрылысмонтаж жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
– Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың тұрмыс мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Біз пәтер кезегінде тұрған азаматтардың санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз. Осы себепті құрылысы аяқталған үйлердің сатып алу конкурстарын заңнама талаптары аясында жеделдете түсу қажет. Сонымен бірге жауаптыларға жыл қорытындысымен жоспарланған тұрғын үйлердің құрылысын мерзімінде аяқтау тапсырылады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Айта кетейік, өткен жылы кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен жалпы 39,7 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 1545 отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек аппараттық кеңесте су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарының барысы талқыланды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Азат Әбдіразақовтың сөзінше, бүгінде аймақтағы өзендердегі су деңгейі тұрақты, тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Ал көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін 1 927 адам, 485 бірлік техника және 132 су айдау құралы дайындықта тұр.
Жиын соңында аймақ басшысы аталған мәселе бойынша жауапты тұлғаларға техникалардың дайындығын қатаң бақылауға алу, су тасқыны қаупі бар елді мекендерде қажетті резервтер мен мобильді топтар құру, ауа райына тұрақты мониторинг жүргізу және өзге де міндеттер бойынша жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Кәсіпкер неге мешітті муфтияттың меншігіне бергісі келмейді?
- 13 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




