«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сенатор ұсыныс беріңіздер дейді...

Сенатор ұсыныс беріңіздер дейді...
Автор
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев жұмыс сапарымен Жамбыл және Жуалы аудандарында болды. Алдымен Жамбыл ауданындағы бірқатар әлеуметтік және инвестициялық нысандардың жұмысымен танысты.

Халық қалаулысы Аса ауылының кіреберісінде орналасқан, жаңадан пайдалануға берілген аудандық орталық кітапхана, мұрағат және жасөспірімдерге арналған демалыс кешенінің жұмысын көрді. Аудандық орталық кітапхана заманауи үлгіде жабдықталып, бір мезетте бірнеше жүз оқырманға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Кітапхана қоры жыл сайын толықтырылып, электронды ресурстармен жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған. Ал аудандық орталық мұрағатта өңірдің тарихи-құжаттық мұраларын сақтау, жүйелеу және цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Жасөспірімдер демалыс кешені балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған және спорттық, мәдени-танымдық үйірмелермен қамтуға бағытталған.

Аталған нысандардың құрылысы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұдан кейін депутат Аса ауылында с алынып жатқан 120 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Бұл көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба іске қосылғаннан кейін 120 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізеді деп күтілуде. Оның құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету көзделген.

Сапар барысында Сәкен Арубаев «AzNurAgro» өндірістік кооперативінің 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылыс алаңында болды. Инвестициялық бұл жоба іске қосылған жағдайда тәулігіне бірнеше тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Ферма заманауи технологиямен жабдықталып, ауыл тұрғындары үшін жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Жобаның іске асырылуы ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Келесі кезекте депутат «ARZAN CITY-III» жол бойындағы кешенді қызмет көрсету сервисінің жұмысын көрді. Бұл нысан республикалық маңызы бар автожол бойындағы жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларға тәулік бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып, бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сенатор Айша бибі ауылындағы «Ализа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасында да болды. Қойма мыңдаған тонна көкөніс өнімдерін сақтауға арналған және ауыл шаруашылығы өнімдерін маусымаралық кезеңде нарыққа тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жоба өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасының тұрақтылығын сақтауға және жергілікті шаруалардың табысын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ сенатор «Superpharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір реттік медициналық бұйымдар өндіретін кәсіпорнының жұмысын көрді.

Кәсіпорын медициналық қолғаптар, шығын материалдары сияқты өнімдерді шығарып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуде. Жоба аясында бірқатар жаңа жұмыс орындары ашылған, ал өндіріс көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар Сенат депутаты Сәкен Арубаев Жуалы ауданында болып, мұнда да өңірдің өндірістік және агроөнеркәсіптік әлеуетін айқындайтын бірқатар кәсіпорындар мен білім беру нысандарын аралады. Сенатор алдымен Б. Момышұлы ауылындағы «Бурный ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Зауытта сүт қабылдау, пастерлеу, ірімшік дайындау және қаптау желілері жұмыс істеуде. Өндіріс қуаты ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға бағытталған, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастырып отыр.

Осыдан кейін халық қалаулысы «Ақсай Жуалы» минералды сусындар шығару зауытында болды. Кәсіпорын тәулігіне 80 тоннаға дейін минералды сусын өндіреді. Жоба құны – 400 миллион теңге. Зауытта 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – аудан бойынша алғашқы минералды су зауыты. Өндірісте заманауи құю және қаптау желілері орнатылып, өнім сапасын бақылау толық автоматтандырылған.

Сенатор кәсіпорын жұмысымен танысып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады Сәкен Арубаев іссапар барысында №16 Жуалы колледжінің агрошаруашылық мамандарын даярлау базасының жұмысымен танысты. Колледжде аграрлық бағыттағы мамандықтар бойынша тәжірибелік оқытуға арналған оқу алаңдары, техника мен зертханалық база бар.

Бұл нысан өңірдің ауыл шаруашылығы саласына білікті кадрлар даярлауда маңызды рөл атқарады. Сенатор колледж меншігіндегі ауыл шаруашылық техникалары мен ұсынылатын дәнекерлеу істерін ширату яғни, кәсіпорын қуаттылығын арттыру үшін қолда бар технологияларды пайдалану арқылы өз бюджеттерін көтеру қажеттігін алға тартты.

Ережеге енгізілетін өзгерістер, осы бағыттағы жұмыстарды дамыту мақсатында ұсыныс берулерін сұрады. Сенатор сапар соңында «Ali-Ko SUT» сүт цехының жұмысымен де танысқан болатын. Цех сүт өнімдерін бастапқы өңдеуден өткізіп, дайын өнім шығаруға бағытталған. Кәсіпорын жергілікті фермерлерден алынатын шикізатқа сүйеніп, өндірістік қуатын кезең-кезеңімен ұлғайтуда. Бұл бастама ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуде.

Қос ауданға жасаған жұмыс сапары аясында Сенат депутаты әрбір нысанның әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына назар аударып, инвестициялық жобалардың аудандардың дамуына қосып отырған үлесін атап өтті. Сонымен қатар көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы заңнамалық және депутаттық қызмет барысында ескерілетінін жеткізді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл және Жуалы аудандары

 

Ұқсас жаңалықтар