Ұстаздарға ғана емес, жаңа мектептердің салынуы мен жабдықталуына бөлініп жатқан қаражат аз емес. Оны әр қала, әр ауылдан байқауға болады. Жақында осындай игілікті іс - шараның куәсі болдық. Қарасаз ауылдық округінің аумағындағы Александр Пушкин атындағы аралас орта мектебінде ұлдар мен қыздарға арналған көркем еңбек кабинеттері және кітапхана заманауи үлгіде жабдықталып, кеңейтілді.
Аталған кабинеттер мен кітапхананың ашылуында лентаны Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы және еңбек ардагерлері Жұмат Баетов пен Айгүл Омарова қиып, жылы лебіздерін арнады. Аталған сынып бөлмелерін жабдықтауға аудандық білім бөлімі арқылы бюджеттен 21 миллион теңге бөлінген екен. Енді ұлдар мен қыздарға арналған кабинетте пәнге қатысты барлық жаңа жабдықтар бар. Қыздардың ас әзірлеп, тоқыма тоқу ісін үйреніп алуларына еш кедергі жоқ.
Сондай-ақ көркем еңбек пәнінің мұғалімдері Айжан Сейітбек пен Ернар Құрманалиев оқушылармен жұмыс барысында жаңа құралдарды пайдаланатын болады. Мектеп кітапханашылары Гүлмира Әбдірайымова мен Қарлығаш Байтөриеваның да қуанышында шек жоқ. Мұнда кітап қоры 40570 кітапты құраса, оның ішінде 6600-і көркем әдебиет. Кітапхана кеңейіп, қазақ классик жазушыларының қайта басылған кітаптарымен толығып отыр. Кітап оқуға қызығатын тұрғындар мен оқушылардың саны артып келеді. Q код арқылы да кітаптарды электронды нұсқада да оқуға болады. Ауылдағы және мектептегі 560 оқырманға барлық жағдай жасалған.
Мұнан соң мәжіліс залында өткен жиында аталған орта мектептің директоры Салтанат Жұмаханова аталған жұмыстар туралы айтып берді.
«Енді мектебімізде білім алып жатқан 485 оқушы жаңа жабдықталған еңбек кабинеттерінде білім алып, кеңейтілген кітапханадан көркем дүниелерді оқи алатын болады. Сонымен қатар ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек сынып бөлмелері бар. Мұндай қолдауды мемлекет тарапынан оқушы балаларға жасалып отырған ерекше қамқорлық, шынайы жанашырлық деп түсінеміз. Оны мектебіміздің әр мұғалімі мен әр оқушысы сезініп отыр. Мектеп музейі де тарихқа толы. Біз оқушыларға сапалы білім мен ұлағатты тәрбие беру жолында ұжыммен бірге тер төге береміз. Алдағы уақытта да жоспарларымыз бен жұмыстарымыз көп. Оның барлығы мұғалімдердің сәт сайын ізденіп, жаңаша ойлай білетін шеберліктерін көрсетеді», – деді.
Соңыра мектеп оқушылары Айдана Жоламан, Айлин Жалилова, Мүсли Мұхамед өнерлерін көрсетіп, әннен шашу шашты. Жаңа еңбек кабинеттері мен кеңейтілген кітапхана ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлады.
Есет ДОСАЛЫ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Отбасы құндылығы мен гендерлік саясат әңгіме болды
- Бүгін, 16:35
Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?
- Бүгін, 16:29
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




