«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жуалыдағы көзбояушылық кімге керек болды?

Жуалыдағы көзбояушылық кімге керек болды?
gov.kz
Билікөл ауылдық округінің тұрғындары «жергілікті әкімдікке сенуден қалдық» деп ренжіп отыр. Олай деуге себеп те жоқ емес. Жаңа жыл қарсаңында, дәлірек айтсақ 29 желтоқсан күні облыстағы Талас, Жамбыл мен Жуалы аудандарындағы 9 елді мекенде көгілдір отынның алауы салтанатты жағдайда жағылып, 944 үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілетіні айтылған. Табиғи газдың келуін 40 жыл күткен билікөлдіктер бұл жаңалықты қуана қабылдаған еді.

Округ орталығы Қарабастау ауылында өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Жалғас Мұртаза, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Дамир Тұнғатов, «ҚазақГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы басшысы Бақтияр Көпбосынов қатысып, жоба аясында округ аумағындағы 314 аула мен 1626 тұрғын табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болды деп құттықтады. Сөйтіп округке қарасты Қарабастау, Жылыбұлақ, Әбдіқадыр және Дарбаза елді мекендеріне жүргізілген табиғи газ құбырының құрылысы ресми түрде пайдалануға берілгені атап өтілді. Жалпы 2024 жылы Қарабастау мен Жылыбұлақ ауылдарына, 2025 жылы Дарбаза мен Әбдіқадыр елді мекендеріне кварталішілік газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жүзеге асырылған. Оның құрылысын «Париев» және «Құрылыс–2015» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кезектесіп жүргізген Ел атқамінерлері бір үйге бас сұғып, алдын ала дайындалған сценарий бойынша газ плитасын қосып «Билікөлге газ келді, Жуалы ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылды» деп жар салады. Ал пешін дайындап, техникалық шартын рәсімдеп жүрген, үйін табиғи газға қосуға асыққан Қарабастаудың 22 түтіні жаңа жылды көгілдір отынмен қарсы алатын болдық деп күтеді. Бірақ сол үмітке алданған Билікөл тұрғындары енді кімге сенерін білмей дал.

Ауыл тұрғындарымен кездесіп, сөйлескенімізде, көгілдір отын жағып көрсеткен үйдің газ плитасы табиғи газға мүлдем қосылмаған болып шықты. Сонда құбырға қосылмаған үйде газ қалай жанды? Кәдімгі газ баллонын әкеліп, көз қып жаға салған болып тұр ғой. Билік көгілдір экранға телмірген көрерменді алдаса да ауыл жұртын алдай алмайтынын неге ойламады екен деген ойға қаласың осындайда. Газ баллонды қосып, көптің көзінше от жағып, «міне, газ келді» деп жалған ақпарат тарату кімге керек болды? Аудан әкімі осы «сценарийді» білмеді дегенге сенгің келмейді. Ал «Бейбіт» шаруа қожалығының жетекшісі, ауыл қариясы Қадірқұл Мышбаев әкімдердің өздерін бала сияқты алдап кеткеніне қапалы.

 – Ауылда 29 желтоқсан күні газ берді деп алау жағылды. Міне, содан бері 10 күн өтті. Әлі күнге округте бір үй табиғи газға қосылған жоқ. Оның себебін бізге ешкім түсіндіріп бере алмады. Ал бізден біраз жыл бұрын бөлініп Жамбыл ауданына өткен Тоғызтарау ауылына бізбен қатар газ берілген болатын. Олардан сұрасам бүгінгі күні 10-нан аса тұрғын үй көгілдір отынға қосылған. Майтөбеде елуден аса үй газ жағып отыр деп естідім. Ал бізде бір үйде газ жағылған жоқ. Бұл енді бізді алдау емей немене? Кеше Парламент Мәжілісінің депутаты Ескендір Мұқашев ауылға келгеннен кейін барып сең орнынан қозғалғандай болды, – деді қария Асқар Паширов «әкімдік бәрін сценарий бойынша ұйымдастырып, көзбояушылық жасады» десе, кәсіпкер Шумисад Эльмурзаева «салтанатты жиын өткізбей тұрып алдымен техникалық құжатын дайындап алмады ма, газ бердік деп елді адастырмай» деді.

Елдің наразылығына тап болған округ әкімдігі шарасыздықтан «үштөрт күнде газға қосамыз» деп уәде беріпті-мыс. Бірақ бұл уәдені Билікөл ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Қамбарбек жоққа шығарды.

 – Біз уәде бергеніміз жоқ. Табиғи газ кезең-кезеңмен құжат өткізгеніне байланысты беріледі. Қазіргі таңда газ құбырлары «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамы теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Осымен қатар ауыл тұрғындарының техникалық шарт алу жұмыстары да қатар жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні газ желісінде көгілдір отын бар, газ ШРП-ға келіп тұр. 314 тұрғын үйдің 140-ының ауласы газ желісіне қосылуға дайын. Алдымен бірінші кезекте пеші дайын 22 тұрғын үйдің техникалық шарттары дайындалуда, – дейді округ әкімі.

Дегенмен халықтың да бұл тұрғыда пікірі әралуан. Әбдіқадыр ауылының тұрғыны Толымбек Бажиров болса қыстың ортасында газға қосылуға асықпаған жөн деп санайды. «Менің техникалық шартым да, пешім де дайын. Бірақ бұл шаруаны өз басым жазға қалдырып отырмын. Өйткені жылу жүйесіндегі суды төгіп, оны жаңа пешке қосу бір күннің шаруасы емес. Бұл істе асықпаған жөн», дегенді айтты. Бірақ қыс ортасы болса да ертерек табиғи газдың игілігін көргісі келетіндер ауылда көп сияқты.

Уақыт тауып, газ саласы қызметкерлерімен тілде суге тырысып көрдік. Бірақ біздің ауыл тұрғындарымен сұхбаттасып тұрғынымызды көрген жұмысшыларды да, инженерді де аяқ асты таппай қалдық. Округ әкімі арқылы байланысқа шығуға тырысып едік, олар бізге жауап беруге ниет таныта қоймады. Қай жерде жұмыс істеп жатқанын біліп алып барып едік іздеп, орнын сипап қалдық. Барлығы жауапкершіліктен қашады. Оларды да түсінуге болады, шындықты айтып қойып, жұмыссыз қаламын деп қорқады. Бірақ бізден хабар жетсе де, ол кісілер байланысқа сол күйі шықпады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар