Аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті ұйымның жаңа күші – жас мамандардың әлеуетін қоғамдық бірлестіктің жұмысын жандандыруға ұтымды жұмылдырылып келеді. Осы мақсатта «Жастар қанатын» құрып, білімді әрі белсенді жастарды бір ортаға біріктірген болатын. Бұл қадам өз кезегінде еңбек жолын енді бастаған мұғалімдердің талабы мен талантын шыңдауға жол ашып отыр. Жыл санап «Үздіктер шеруіне» шақырту алатындар қатарының арта түскені – осыған дәлел. Білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен аудандық білім бөлімі бірлесе ұйымдастырған жас мамандарды қолдауға арналған «Үздіктер шеруі – 2025» ертеңге деген сенімді нығайтқан, көңілге үлкен үміт сыйлаған, ұрпақтар сабақтастығын сақтаған басқосу болды.
Форматы өзгеше салтанатты іс-шараның мәні мен маңызы, думаны мен дуы бөлек. Жыл ішінде жемісті еңбек етіп, табысқа қол жеткізген, республикалық, облыстық, аудандық байқауларда топ жарған таңдаулы 12 жастың жетістіктері көпшілікке таныстырылды. Қызыл кілеммен жүріп өткен талапшыл жастардың мерейі өсіп, абыройы асты. Іс-шараға аудан бойынша 32 жас маман және олардың бапкерлері, директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарлары, кәсіподақ жетекшілері қатысты. Ардагер ұстаздар – білім саласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Тұрманбетов пен Мейрамкүл Нұрмағанбетова және «Үздік педагогтер» – Мәулен Тобықов, Айнұр Тәттібекова таңдаулы, талапшыл жастарға «Үздік» мүсін-белгісі мен сыйлықтар тапсырып, арнайы дипломдармен марапаттады. 12 жас маман «Шабытты ұстаз», «Креатив мұғалім», «Жыл дебюті» номинацияларының иегері атанды.
– Бұл мен үшін таптырмас тәжірибе алаңы болды. Үздік атанған басқа да әріптестерімнің еңбегімен таныстым, ой түйдім, іштей өзіме жаңа мақсат қойдым. Ойын түрінде өткен сұрақ-жауап кезеңі бізден кейінгі буынға өздерін көрсетуге жаңа мүмкіндік берді. Аға буынның, ардагер ұстаздардың ақыл-кеңесін тыңдадық, тілектерін естіп, көңіліміз марқайды. Ұрпақтар сабақтастығын сақтаған мұндай іс-шаралардың біз секілді жастарға берері көп. Топ алдында есімім аталып, қызыл кілеммен жүріп өткен сәт ерекше, ұмытылмас әсер сыйлады, – дейді Ақтоған орта мектебі математика пәнінің мұғалімі, Ақниет Қайырбек «Үздіктер шеруінен» алған әсерімен бөлісіп.
Сондай-ақ іс-шарада «Біз кәсіподақпен біргеміз!» бейнеролигі көрсетіліп, «Жастар қанатының» төрағасы Дулат Құдыс білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдау шараларына тоқталып, жас мамандардың жетістіктерін айтып өтті. «Үздіктер шеруі» – тек марапаттау емес, ол – кәсіби дамуға мотивация беретін тәжірибе әрі шабыт алаңы. Бұл іс-шарада жас педагогтердің кәсіби дамудағы алғашқы жеңісі, үздік нәтижесі, шығармашылық ізденістері бағаланса, еңбек жолын бастағандарға жаңа мүмкіндіктердің жолын көрсеткен бағыт-бағдар болды.
Айнұр БАЙМҰРАТОВА
білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы
Т. Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




