«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үш жылдан бері сұрап жүрген аялдамаға қашан қол жеткіземіз?

Үш жылдан бері сұрап жүрген аялдамаға қашан қол жеткіземіз?
Автор
Басылым үшін оқырманнан келген хат әрдайым құнды. Редакция қоржынына келетін хаттарда түрлі түйткілді мәселені арқау еткен оқырман базынасы бар. Дәл осындай хат Тараз қаласының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Аралбек Тонбаевтан келді.

Оқырман хатында: «Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза көшесінде тұрамын. Үйім облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының қасында болса да, бұл маңайда жақын жерде аялдама жоқ. Жалғыз №11 маршруттан басқа автобус жүрмейді. Тұрғындардан бөлек, аталған ауруханада жұмыс істейтіндер мен науқастар және науқастарға келетін жақын-жуықтары үшін де қоғамдық көлік керек-ақ.

Бұл мәселені қала әкіміне 2023 жылы жазғанмын, содан бері әлі нәтижелі шешімге жете алмай келеміз. Өзімнің де денсаулығыма байланысты жүріп-тұруым қиын, түрлі жұмыстарыммен әкімдікке, Халыққа қызмет көрсету орталығына, банктер секілді мекемелерге баруға автобустан қиналамын. Мәселен, №17, 38, 50 бағыттағы автобустарды осы жұқпалы аурулар ауруханасы арқылы жүргізсе, мәселеміз шешілер еді. Сонымен қатар мүгедектерге де жолақысын оқушылардікімен бірдей етсе деген тілегіміз бар» деп жазылған.

Біз бұл мәселе бойынша Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық.

– Бүгінде қалалық және қала маңында 45 бағыт бойынша қоғамдық көлікпен жолаушыларды тасымалдау қызметі көрсетілуде. Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қоғамдық көлікпен жолаушыларды тасымалдау қызметі бәсекелестік ортаға берілген. Қоғамдық көлік қызметін көрсетіп жүрген барлық бағыттар тиісті конкурс нәтижесі бойынша анықталған келісімшартқа және бекітілген сызбаға сәйкес қызмет көрсетуде. Тараз қаласындағы Ш. Мұртаза көшесі (бұрынғы Бейбітшілік көшесі) арқылы (облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы аумағы) №11 маршрут бағыты қоғамдық көлік қызметін 14 кесте бойынша жүру аралығы 12-14 минуттан тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Жамбыл даңғылы арқылы қалалық №38, №30, №29, №50 маршруттар қызмет көрсетсе, Қойгелді көшесі арқылы қалалық №41 маршрут қызмет көрсетуде. Қала аумағындағы бір бағытты барлық аудандармен байланыстыру мүмкін емес және бұл экономикалық жағынан тиімсіз. Қаланың аудандары қандай да бір жолмен жолаушылар түзетін объектілердің болуына орай өзара байланысқан. Осы аталғандарды ескере отырып, Ш.Мұртаза көшесіне жаңа маршрут ашуға немесе жоғарыда аталған маршруттар сызбасына өзгеріс енгізуге мүмкіншілік жоқ. Ал мүгедектердің жолақысын оқушылардікімен теңестіруге келсек, негізгі бекітілген тариф пен қазіргі нақты тариф арасындағы шығынына, яғни тасымалдаушы мекемелерге шығындарының өтелуіне, субсидиялануына байланысты қосымша санаттағы азаматтарға жеңілдік қарастырылмаған. Қазіргі уақытта І топ мүгедектері және Алтын алқа, Күміс алқа иелері, Даңқты ана, Батыр ана атанғандар қоғамдық көлікте тегін жүреді. 50 пайыз жеңілдік тек 18 жасқа дейінгі азаматтарға қарастырылған. ІІ, ІІІ-топ мүгедектеріне де жолақысына жеңілдік жасау туралы мәселе бізде жиі көтеріледі, – дейді бөлім басшысы Ғабит Алтаев.

 

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар